Аймақтар • 19 Наурыз, 2023

Ақмолалықтардың белсенділігі жоғары

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болашақты бағамдайтын саяси науқанға ақмолалықтар жіті назарда. Өңірде 728 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмолалықтардың белсенділігі жоғары

Таңғы сағат онға дейін сайлаушылардың 15,1 пайызы дауыс беріп үлгерді. Белсенділік біршама жоғары. Бұл кезде облыстар арасында екінші межеде болды. Облыс орталығы мен шалғайдағы шағын ауылдарда белсенділік жоғары. Айталық, Біржан сал ауданындағы 31 сайлау учаскесінде 9465 сайлаушы тіркелген болса, сағат онға дейін 3124 адам өз таңдауын жасап үлгерді.

«Сайлаушылардың белсенділігі біршама жоғары. Сенбі – демалыс күні болғандықтан асықпай келіп жатқандар да бар. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары сайлау барысын қадағалап отыр», дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Міргүл Аяғанова.

Ел азаматтарының өз сайлау учаскелеріне барып, дауыс берулеріне барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтсақ, қалалық және аудандық автобус бағыттары өңірдің барлық елдімекендерін қамтиды. Тіпті, Астана қаласының маңындағы елдімекендерде жол жүру тегін.

Қияндағы Қорғалжын ауданында да аймақ тұрғындары саяси белсенділік танытып жатыр. Бұл ауданда ұйымдастырылған 17 сайлау учаскесіне 5216 сайлаушы тіркелген. Қорғалжын аудандық мәслихатына 28 үміткер бар. Сайлау барысын «Аманат» партиясы мен «Дауыс» қоғамдық байқаушылары коалициясы бақылауда. Бұл ауданда сағат 11-ге дейін сайлаушылардың 1176-сы немесе 22,5 пайызы дауыс беріп үлгерді.

Облыс орталығында да саяси науқан барысында жалпақ жұрттың ел ертеңіне зор сеніммен қарайтынын аңғаруға болады. Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың мәлімдеуінше, сағат 12-ге дейін өңірдегі 517714 сайлаушының 33,63 пайызы дауыс беріп үлгерген.