Қоғам • 20 Наурыз, 2023

Ең ұзын бойжеткен

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда ғана Әулиекөлде еліміздегі ең алып нәресте өмірге келгенін сүйіншілеп едік. Нұр шашқан наурыздың басында шыр етіп дүние есігін ашқан Айару бөпенің салмағы 7 килоға жақын! Қызығы сол, еліміздегі ең ұзын бойжеткендердің бірі де осы ауылда тұрады. 17 жастағы Аружан Ишанбекованың бойы екі метрден асады.

Ең ұзын бойжеткен

– Бес ұлым, екі қызым бар. Балаларымның бәрі – бойшаң. Өз бойым – 1 метр 95 сантиметр, үлкен ұлым­­дікі – екі метр. Ал Ару­жанымның бойы – 2,2 метр. Қызым өте бауырмал, кісіге жақын. Осы ауыл­да бір­неше жыл бойы волонтер жастардың қа­тарында жүріп, Әул­ие­көлді көгалдандыруға атсалысты. Үлкен-кішіге, мүм­кін­дігі жоқ мұқтаждарға қол көмегін тигізіп жүрді. Қан­­шама марапат алды, бәрі үйде сақтаулы тұр. Мұның сыртында, осындағы Шоқан Уәлиханов мектебінде оқып жүріп, екі жыл бокс­пен айналысты. Әжептәуір же­тіс­тіктерге жетіп еді, пандемия кезінде үйірме жабылып, бокстан біржола қол үзіп кетті, – дейді Ару­жан­­ның әкесі Көпжасар До­сымбеков.

Аружан қазір Қос­та­найда, З.Алдамжаров атын­дағы колледждің екін­ші курсында «Дене шы­нықтыру» мамандығы бойынша білім алып жатыр.

– Қалаға келген соң, кө­­шедегі бейтаныс адам­дардың сұқ көзіне үй­рене алмай біраз­ға дейін ың­­ғайсызданып жүрдім. Кей­біреулер сізбен суретке түсіп алайықшы деп өтінеді. Қа­зір үйреніп кеттім. Оқу үлгерімім де жақсы. Во­лейбол үйірмесіне барып жүр­мін. Тағы бір кедергі – көппен бірге базарға, дү­кенге барып киім сатып ала алмаймын. Қостанайда маған шақ келетін киім жоқ. Сондықтан жаңа киім алу үшін Әулиекөлдегі тігін це­хына тапсырыс беремін, – дейді Аружан.

 

Қостанай облысы