«Қазір барлық 1 620 сайлаушының 200-ден астамы дауыс беріп үлгерді. Жастардың белсенділігі түстен кейін артады. Одан әрі сайлаушылар легі кешке дейін толастамайды. Бұл ылғи болатын үрдіс, биылғы сайлаудың да ерекшелігі жоқ», деді ол.
Осы учаскеде қоғамдық ұйымдардан, Қазақстанның халық партиясынан бірнеше байқаушы отыр. «Әзірге бәрі дұрыс, ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ», дейді байқаушылар. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына орналасқан №575 сайлау учаскесінде жұмыс сәл белсендірек. Мапруза Жұмабаева төрағалық ететін бұл учаскеде біз болған кезде 315 адам дауыс беріп үлгеріпті. «Дауыс» ҚҰ және бірнеше кандидаттың сенімді өкілдері байқаушы болып отыр. Сайлау учаскесіне 87 жастағы Александр Ройченко да өзі келіп дауыс берді. «К.Сүтішев көшесіндегі осы жерге жақын үйлердің бірінде тұрамын. Әзірге аяғым жүреді, сондықтан мұндай маңызды іс-шарадан қалмауым керек деп санаймын», деді ол бізге.
Мұндағы тіркелген сайлаушылар саны 1 615 адам екен. «Қазір үйлерінен дауыс беретіндерге арнайы жәшік жібереміз, ондай азаматтардың саны – 15», деді М.Жұмабаева. Осыдан кейін барған С.Шаймерденов атындағы классикалық гимназиядағы №590 сайлау учаскесінде арнайы жәшікке дауыс беретіндер 13 адам екенін білдік. Ал 94 жастағы Иван Завгородний сайлау учаскесіне өзі келіп, дауыс беріп кетіпті. Мұнда 1 575 дауыс беруші тіркелген, соның 500-ге жуығы дауыс беріп үлгеріпті. «Осы маңайда тұратын жандардың көбі зейнеткерлер, олардың белсенділіктері жоғары, әрқайсысы сайлаудан қалмауға тырысады», дейді учаске төрағасы Раушан Ілиясова.
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханадағы сайлау учаскесіндегі жағдай осындай, ақырын ғана ойнап тұрған музыка, келіп жатқан сайлаушылар легі әлі толастаған жоқ. Мұнда да бірнеше қоғамдық ұйым, кандидаттар мен партиялардың өкілдері байқаушы болды.
Солтүстік Қазақстан облысы