Барлық сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңертең 07.00-де ашылды. Тек 14 жабық сайлау учаскесінде дауыс беру 06.00-де басталса, 33 сайлау учаскесінде дауыс беру мерзімінен бұрын аяқталды. Негізінен елдегі саяси өзгеріске бейжай қарамайтын белсенді азаматтар түске дейін дауыс беріп үлгерді. Солардың бірі – Қазақстан Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Марта Есіркепқызы Ақтөбедегі №11 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Бұл кісінің педагогикалық өтілі – 40 жыл. Ол Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясын ұзақ жыл басқарып, осы оқу орнын облыстағы ең үздік мектеп қатарына қосты. Кезінде қатарынан екі рет аудандық мәслихат депутаты болып сайланған белсенді. Ол Мәжіліс және мәслихатқа елдің мұң-мұқтажын әділ жеткізетін азаматтар баруы керек дейді.
«Халық әділ сайлауды күтіп отыр. Өкінішке қарай, сайлауға түсіп жатқан кей азаматтарды танымаймыз. Депутат – өз саласын жақсы меңгерген, қоғамның тынысын жақсы ұғынатын, халық пен атқарушы биліктің арасында алтын көпір бола білетін азамат. Депутат – халыққа қазіргі нақты жағдайды жеткізе білетін елге шын жанашыр болуы керек», дейді Марта Есіркепқызы.
Ақтөбе облысынан Мәжіліске партиялық тізім бойынша 7 партия, бір мандаттық округтен 11 үміткер түсті. Облыстық мәслихат депутаттығына бір мандаттық округтен 67 үміткер түссе, партиялық тізіммен бес партия сайлаушылар дауысы үшін бақ сынасты. Қалалық мәслихатқа бір мандаттық округ бойынша 128 кандидат тіркелді. Өңірдегі сайлау барысын бақылауға 14 үкіметтік емес ұйым, 5 қоғамдық бірлестік тіркелді. Өңірлік сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сайлау алды үгіт-насихат жұмысы кезінде заң бұзушылыққа барған бір үміткерге әкімшілік айыппұл салынған. Депутат болуға ұмтылған 616 үміткердің 3 083 сенім білдірген тұлғасы тіркелді. Орта есеппен бір кандидатқа 5 сенім білдірген өкілден келді. Мәслихат депутаттығына сайлауға түскен ең жас үміткер 2001 жылы дүниеге келген болса, ең жасы үлкен үміткер 1949 жылы туған. Сайлау күні учаскелерде заң бұзушылық тіркелген жоқ.
Ақтөбе облысы