28 Маусым, 2014

Елбасы – құқықтық реформаның бастамашысы

434 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

ЕЛДІКТІ ЕҢСЕЛЕНТКЕН ЕР

28.02-08 ХХ ғасырдың аяқ тұсында қазақ халқына тарихи мүмкіндік туып ата-бабаларымыздың арманы болған егемендікке қол жеткіз­дік. Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен өткен жиырмадан астам жыл ішінде демократиялық қағидаттарға ден қойған, өзіндік саяси-әлеуметтік жүйесі, нарықтық экономикасы бар халқының ынты­ма­ғы мен дінаралық түсіністігі жа­рас­қан тәуелсіз мемлекет орнаттық. Бекет ТургараевӘлемдік қауымдастық бүгінде Қазақстанды дербес мемлекет ретінде танып қана қоймай, жаһандық маңызға ие ауқымды үдерістердің белсенді қатысушысы ретінде оған түрлі халықаралық ұйымдарға жетекшілік етуге, жоғары деңгейдегі жиындарды өткізуге сенім білдіретін болды. Мұндай әлем мойындаған, саяси жағынан тұрақты, экономикасы бәсекеге қабілетті, демократиялық ұстанымдарға бағыт алған мемлекет орнатып, Елбасымыздың тікелей жетекшілігімен еліміздегі саяси жүйені мемлекеттік құқықтық жағынан негіздеу мақсатында құқықтық реформа батыл түрде жүргізіліп, сот, прокуратура және ішкі істер органдары туралы халықаралық нормаларға сай келетін заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер, қаулылар қабыл­данып, жарлықтар шығарылды. Біздегі барлық құқықтық құжаттар мен заңдар түп қазығының негізгі қайнар көзі, тірегі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясынан алып, соның қағидаттары мен нормаларына сүйенеді. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конс­титуциясы 1993 жылы қабыл­данып, оның 11 баптан тұратын 16- тарауы соттарға, үш баптан тұратын 17-ші тарауы прокуратураға арналды. Қатысып, куә болғандардың айтуларынша, екінші Ата Заңның, яғни 1995 жылғы Конституцияның мәтінін даярлауда Президентіміздің еңбегі мен қосқан үлесі зор болған. Жұмыс барысында Нұрсұлтан Әбішұлы 20-дан астам дамыған елдің конституцияларын мұқият қарап шығып, жұмысшы топқа қажетті тұстарын ескеру жөнінде ұсыныс жасаған. Халықаралық деңгейде жұмыс істейтін заңгер мамандардың баға­лауынша, Қазақстан Респуб­ликасының 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабыл­данған Конституциясы әлемдік талап пен өлшемдерге сай келеді. Ата Заңымыздың 1-бабы: «Қазақ­стан Республикасы өзiн демо­кра­тия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттiк мемлекет ретiнде орнық­тырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – деп басталады. Конституциямыздың 10 баптан тұратын VII бөлімі тұтастай Соттар мен сот төрелігіне және прокуртураға арналған. Мәселен онда: «Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдде­лерін қорғауды, Республика Конститу­ция­сының, заңдарының, өзге де нор­мативтік құқықтық актілерінің, халық­аралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды», делінген. Сондай-ақ, Прокуратура мемлекет атынан ел аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Прези­дентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анық­тау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заң­дылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ, Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ, заңмен белгiленген жағ­дайда, тәртiпте және шекте қыл­мыстық қуғындауды жүзеге асырады», деп айтылған. Әлемнің демократияға ден қойған, адамның құқығы мен бостандығын бас­ты мәселе санайтын өркениетті елдері сияқты құқықтық мемлекет құру үшін ел көлемінде түбегейлі түрде құқықтық реформа мен жаңғыртулар жүргізу қажеттігі белгілі болды. Осыған орай 1994 жылы Президент Жарлығымен елімізде тұңғыш рет «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Ол бағдар­ламада: «Қоғамның заң саласын реформалау қажеттiлiгi оның экономикалық және саяси жүйесiнде жүзеге асырылып жатқан өзгерiстерге сай келетiн құқықтық инфрақұрылымдар құруды талап етуiнен туындап отыр. Бұл ретте құқықтық реформа республикадағы саяси және экономикалық өзгерiс­тер­дiң реттелетiн шектерден шығып кетпеуi үшiн солармен қатарлас, тiптi, олардан озығырақ жүргiзiлуге тиiс. Жаңа қоғамдық қатынастарды орнықтыру олардың құқықтық қамта­масыз етiлуiне уақтылы түзетулер енгiзумен, сапалы заңдардың қабыл­дануымен, жоғары деңгейдегi құқық қолданумен, құқық қорғау органд­арының кiнәратсыз әрi үйле­сiмдi жұмыс iстеуiмен, сот беделi­нiң шүбәсiздiгiн мойындаумен ұш­тастырылуы керек» екендігі айтылған. Бұл құжат бұдан кейін заманның ағымы мен қоғамның сұранысына қарай екі рет: 2002 және 2010 ж.ж. «Қазақстан Республикасы құқықтық саясатының тұжырымдамасы» ретінде одан әрі дамытылып, жетілдірілді. Жаңа тарихи кезеңде респуб­ликамыздың сот пен прокуратура, полиция т.б. құқық қорғау органдарының жұмысы қайта құрылып, олардың рөлі мен міндеттері арнайы жеке-жеке қабылданған заңдармен айқындалды. Дәлірек айтқанда, 1995 жылғы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы», 21 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» заңдар шықты. Онда аталған салалардың қоғамдағы орны нақтыланып, атқаратын міндеттері, құқық-құзыреттері белгіленді. Бұл заңдар қоғамымыздың даму барысы мен уақыттың талап-тілегіне қарай бірнеше рет толықтырылды. Кез келген қоғам мен мемлекетке өз ішінен қауіп төндіріп, оның экономикасы мен тұрақтылығына нұқсан келтіретін бірден бір індет – сыбайлас жемқорлық. Осыны ескерген Президент 1998 жылдың 2 шілдесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға қол қойды. Ол заң «азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ, жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейдi» деп атап көрсетілді. Ал 2001 жылғы 22 қаңтарда «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа сәйкес Қаржы полициясы агенттігі құрылды. Ол агенттікке қаржылық және экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу міндеттер жүктелді. 2002 жылғы 4 шiлдеде «Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдары туралы» Заң қабылданып, келесі жылдың 23 желтоқсанында Қаржы полициясы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) болып аталды. Осы орайда, Конституциямызда көрсетілгендей, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесінің жұмысын жетілдіру, судьялардың біліктілігін арттыру, тәуелсіздігін нығайту, материалдық жағынан қамтамасыз етілуін жақсарту жөнінде көптеген іс-шаралардың атқарылғанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда аудандық соттан бастап, облыстық сот және Жоғарғы Сотқа дейін осы заманғы жетілген электрондық-компьютерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әділдіктің ақ үйі дейтіндей әсем ғимараттарға қоныс тепкен. Соттарда қаралатын істердің кәсіптік деңгейде және сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы сияқты қалаларда экономикалық, қылмыстық, әкімшілік және жасөспірімдер істерін қарайтын арнайы мамандандырылған ауданаралық соттар ашылып, жұмыс істеуі қалыпқа айналды. 2007 жылдың 21 мамырында Конституцияға енгі­зіл­ген өзгерістерге сәйкес қамау­ға алу құқығы соттарға беріліп, ауыр қыл­мыстарды қарау бойынша алқа­би­лер институты енгізілді. Судьялық қызметке үміткерлерді іріктеу барынша қатаңдатылды. Судья болғысы келетін заңгерлік білімі бар жастар Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы сот төрелігі институтының магис­тра­турасында оқып, тиісті сынақ, тәжі­ри­бе-тағылымдамалардан өтіп, тек Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша ғана Президент Жарлығымен тағайындалатын болды. Судьялардың әлеуметтік жағынан қорғалуы, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі жолға қойы­лып, олардың жалақылары мем­лекеттік қызметшілердің ішінен ең жоғары деңгейге жеткізілді. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз судьяларының алты съезі өтіп, алқалы жиындарда сот саласының ең өзекті мәселелері талқыланды. Алты съездің бесеуіне Елбасымыз Н. Назарбаевтың өзі қатысып, сот төрелігін нығайтудағы аса маңызды жайттарға тоқталып, кезек күттірмейтін келелі міндеттер мен тапсырмаларды белгілеп берді. Бұл орайда, Нұрсұлтан Әбішұлының судьялар қауымдастығының 2013 жылғы қарашада өткен VI съезінде сөйлеген сөзінде: «Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез кел­ген елдің кемел болмысының көрі­нісі. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біз­дің мақсатымыз – дәл осындай қоғам құру», деп айтқаны ойға оралады. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жол­дауларында сот пен прокуратура басқа да құқық қорғау органдарының жұмысын назардан тыс қалдырмайды. Онда уақыттың сұранысынан туындайтын мәселелерді алға тартып, атқарылар іс-шарларды белгілейді. Мысалы, биылғы 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дауында: «Бейбітшілік пен тұрақ­тылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз – дамыған елдің негізі» екенін еске салып, «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет... Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс. Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуі қажет», дегенді айтты. Бір сөзбен айтқанда, жыл өт­кен сайын құқықтық реформаны дамыту, сот, прокуратура және поли­ция органдарының кәсіптік дең­гейін өсіру, материалдық базаны нығайту, әлеуметтік жағдайды жақсарту, сондай-ақ, құзырет пен жауапкершілікті арттыру бағытында мемлекет тарапынан шама-шарқынша барлық жағдай мен мүмкіндік жасалуда. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет жүйесінде бірқатар маңызды реформалар жүр­гізіліп, жұмыс тиімділігі арттырылды. Міндеттер айқындалды. Бірінің қыз­метін екіншісінің қайталауы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгі­лен­дірілді. Барлық құқық қорғау құры­л­ымдарының қызметкерлері аттес­­­тациялаудан өткізіліп, 100 мың адам­ның 87,5 мыңы іріктелініп алынып, қалғандары жұмыстан босатылды. Елбасымыз жыл сайын құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесу-кеңестер өткізіп, келелі де көкейкесті мәселелерді талқылап отырады. Кеңес барысында атқарылған істерге баға беріліп, кемшіліктер де көрсетіліп, ащы сындар айтылды. Мұның бәрі, сайып келгенде, сот пен прокуратура, полиция, т.б. құқық қорғау органдарының ең алдымен адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауы, сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті мейлінше нығайту, құқықтық мемлекетті қалып­тас­тырып, дамыта түсу бағытында алдағы уақытта атқарылар істердің көп те алуан түрлі екенін аңғартады. Тарихты адамдар жасайды. Әйгілі тарихшы Плутарх: «Біз тарих емес, өмірбаян жазамыз», деген. Біздің айтып өткеніміз тәуелсіз Қазақстанның қысқаша құқықтық өмірбаяны. Кейде жеке тұлғалар қандай да бір елдің тарихында елеулі де шешуші рөл атқарады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасының іргесін қалап, қалыптастырып, саяси-экономикалық әлеуеті мықты, әлем таныған, демократиялық қағидат пен құқықтық деңгейге бағыт алған мемлекет етуде жасаған қызметі мен сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл талассыз шындық! Елбасымыз бүгінгі таңда әлемдік деңгейде мойындалған көшбасшылардың бірі. Бұл ретте әлемдегі айтулы саясаткерлердің бірі, сингапурлық реформалардың атасы Ли Куан Ю-дың: «Прези­дент Назарбаев – бірқатар респуб­ли­ка­лардың басшыларының ішіндегі аса ірі тұлға. Қазақстан көшбасшысы – ретіне қарай қатал, өмірге бейім, шапшаң және батыл адам, бұрынғы Одақ республикалары бағалап, мойын­дағандай ұнамды да талантты және табанды көшбасшы. Республиканы Назарбаев басқарып тұ­рғанда Қазақстанның табысқа жету мүмкіндігі айтарлықтай мол екені сөзсіз», деп айтқаны еске түсе­ді. Демек, біз де бұл мақаланың өн бойында біз Президент Н.Ә.Назарбаевтың елімізде құқықтық реформаны жүр­гізу ісіне жасаған басшылығы мен оны дамытуға қосқан қомақты үлесін шолып айтуды мақсат еттік. Бекет ТҰРҒАРАЕВ,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.

 «Өркениет үнқатысуының орталығы»

Грета СОЛОВЬЕВАГрета СОЛОВЬЕВА, Білім және ғылым министр­лігі Ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы: Біздің елордамыз бүгінде Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың барлық еңбек­терінде айтылатын Шығыс және Батыс мәдениеттері мен өркениетінің басты үнқатысу алаңдарының біріне айналып отыр. Осы орайда ерекше атап көрсететін бір жайт – Қазақстан басшысының астананы ауыстыру туралы ұсынысының маңызын бастапқы кезде кез келген қазақстандық толық мәнінде түсіне алған жоқ. Президенттің ерік-жігері мен табандылығы және көрегендігі қазіргі кезде бұл идеяның жемісі мен нақты нәтижесін толық мәнінде паш етіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы өз жобасын жүзеге асыру үшін аз күш-жігер жұмсамағаны тағы ақиқат. Ең бастысы – бүгінгі таңда Сарыарқа төсінде әлем қызығарлықтай мүлдем жаңа қала бой көтерді. Сөйтіп, қазір­гі кезде әлемнің мәдени орта­лығы санатындағы Астанаға дүние жүзінің ең озық ойлы ақыл­мандары қол созғысы келеді. Ондағы мақсаттары – көрсем, білсем, үйренсем, тағы­лым алсам дейді. Мұны қалайша біздің Президентіміз арманының орындалғаны, барлық қазақстандықтардың мақтанышы демессің?! Өз басым Астанада өткен көптеген ғылыми форумдарға қатыстым. Әсіресе, есімде қалғаны – «Діни үнқатысудан өркениеттердің өзара түсініс­тігіне» деп аталған халық­аралық ғылыми-практикалық конференция. Бұл айтулы шара бүгінде Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы орналасқан тамаша ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылды. Басқосуға танымал ғалымдар, мәдениет және дін қайраткерлері қатысты. Бұл конференцияда біз діндердің толеранттылығы туралы көп айттық. Өйткені, ол мәдениеттер мен өркениеттер өзара түсіністігінің бірінші кезектегі алғышарты болып табылады. Мен өз сөзімді антикалық, түркілік, исламдық, еуропалық мәдениеттердің тамаша конструкторы Әбу Насыр әл-Фарабиге арнадым. Астанаға келген сайын мен қаланың қалай өсіп-өркендеп келе жатқанын көремін. Бұл арада мен жаңа ғимараттар туралы ғана айтып отырған жоқпын. Астана бүгінде құдды Еуразияның орталығындағы бүр жарып үлгерген жас тамаша өскін сияқты. Бұл қала, сондай-ақ, біздің Президентіміз ілгерілетіп келе жатқан өзінің ғылыми, мәдени табыстарымен де мақтана алады. Қорыта айтқанда, Астананың келешегі кемел екеніне зәредей де күмәнім жоқ. Мұның бір айқын айғағы ретінде енді үш жылдан соң елорда төрінде әлемдік ауқымдағы үлкен шара – ЭКСПО-2017 өтетін болады. Қазіргі кезде оған жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кеткені белгілі. Осының өзі Қазақстанның ғана емес, оның астанасының да болашағы зор екенін көрсетеді. АЛМАТЫ.