Мереке • 22 Наурыз, 2023

Азаттық ізашары

232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Егемендікке барар жолдың іргетасын қалаған еркіндік аңсары, дәстүрдің жаңғыруы – Наурыз мерекесі мен Наурызнама қазақ даласында әнмен басталады. «Базарың құтты болсын, ардақты елім!» деп атақты жәрмеңкенің өзін әнмен ашқан қазақ жер дүниені жаңартып жыл келіп жатқанда аспандатып әнге баспай қалсын ба? Мінген ат, жүгірткен тазы, салған қыран құсын былай қойғанда, «Қымыз құйғышы», қойшысына дейін түгендеп, рет-ретімен тұрмыс-тіршілігіне етене кез келген құбылысты әнге қосқан өнер иелері жыл басы деп жар салғанда қандай?!

Азаттық ізашары

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Нұр жауып тұрған көктемде, гүл тере барсаң бөктерге…» демей ме Мұқа­ғали. Қазақтың түпсанасында осы көктеміңіз түнді күн жеңген Наурызбен байланыстырылады. Ұлттың жаны мен қанына сіңісті болмаған дүние ол елдің ақынының да аузынан шығуы неғайбыл. «Алланың нұры жаусын» дейтін қазақ. «Нұр жауып тұрған көктемде» деп Мұқа­ғалидың айтқаны тіптен керемет, оралымды шыққан.

Ұлттың түпсанасын қотарып айтып тұрғаны көрінеді. Ақырап пен қарашаның қатқағына ұрынып, алты ай қыс қар астында қалып көрмеген қалалықтар түсіне бер­мей­тін не ғаламаттың бәрі осы екі жолда жатыр. Бөктерге гүл теріп шықпаған қоғам түсіне бермейтін көңілдің хошы, өмірдің десі де төбе көрсетіп тұрған жоқ па?

«Көне түркілер, қазақтар Наурыз мерекесін «жыл басы» ретінде ғана емес, табиғаттың жаңаруы ретінде де тойлаған» дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф Тәттігүл Картаева. «Наурыздан соң жаз деймін» немесе «Наурыздан соң жаздаймын» дегенде көктем мезгілінің жаңаруын меңзеген халық ауыз әдебиеті.

«Қазақ» газетіндегі (1914, №53) «Наурыз құтты болсын!» атты редакция­лық құттықтауда Жаңа жылдық «жаз» танымы берілген. «9-шы мартта түн мен күн теңеледі. Содан кейін күн ұзатып жылы бола бастайды. Күн жылыға айналғаны – жазға айналғаны. Сондықтан 9-шы март жаз басы болып табылады. Жаз болса дүние жаңаланады... Жылдың төрт тоқсанның ішінде дүниені жасартып, жаңалайтын тоқсаны – жаз... Қысқан қыс өтіп, жайлы жаз келгені, адам түгіл қимылдаған, қыбырлаған жанның бәрі мейрам ететін бір мезгіл... Қыс қайғысын өткізіп, жазға ілініп, көңілдері жадырап, малдары төлдеп, ірі малға төл қосылып, ауқаттарының артқаны қазақтың көзіне көрінетін мезгіл – жаз», дейді.

Наурыз жыл басы болса, Мұқаңның сөзіне жазылған «Наурыз» әні де осы тақырыптағы әндердің көшін бастап тұр. Одан кейін қаншама ән жазылып, шырқалды Наурыз туралы. Бәрібір бұл шығарма тұңғыш болып қала береді. Бұдан бұрын да талай туындылар болмады емес, болып баққан дер едік. Қилы заман, қиын қыстау күндерде ұмытылып қалған да. Ұлтты түп-тамырымен құртып жіберуге тырысқан кеңес өкіметі кезінде алпыс жылдан астам тойлауға тыйым салып, 1988 жылы алғаш тойланды.

«Қанша ғасыр сән берген даламызға

Өзгеше бір әні едің байтақ елдің.

Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға

Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.

Сен ең көне жырысың санамыздың,

Рухи шаттығымсың тасып толған.

Сені тойлап, бабасы бабамыздың

Әжемнің әжесіне ғашық болған»,

деп жырлай ма әйтпесе Мұхтар Шаханов. Осыншама үзілістен соң әбден ұмытуға айналған Наурызын халық қайта тойла­ғалы тұрғанда маңдайы жарқ еткен туындының орны қашан да бөлек және даралығын сақтап қала бермек.

«Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда»

деп бастап жіберсе, сіз де іліп ала жөнелесіз. Әуелі өлеңі туған бұл ән осылай тұтасып түсе салған тәрізді. Әуені мен өлеңі кірігіп кеткені сонша, қазір сөзін жеке жыр ретінде оқу қиындау. Бірден әні баурап алып кетеді. Қар көбесін сөгіп келген «алтын күрек» желіндей жылы леп тыңдарманын дүр сілкіндіреді. Өлеңін Мұқағали Мақатаев 1973 жылы жазыпты. Роза Рымбаева шырқап шыққанда, сахнаны жандырып жібереді. Өлең атын шығарған әннің тууына себепші Роза апайдың еңбегін айналып өтуге болмайды. Қазақ даласына кеңес өкіметі орнағалы тойлауға тыйым салынған Наурыз алғаш 1988 жылы салтанатты түрде аталып өткелі жатқанда, әншіге лайықты ән тауып, шырқау тапсырылыпты. Роза апайдың көзіне Мұқағалидың «Наурыз» өлеңі түседі. Ақынның жыры жазылған кітапты алып, композитор Талғат Сарыбаевқа барып әуенін жазып беруін өтінеді. Ол кісі жазғанда да, келістірген. Роза апайдың күйеуі Тасқын Оқаповтың өңдеуімен ән сол жылғы Наурыз мейрамында жарқ ете қалады ғой.

Әннің қысқаша тарихы әр жерде жазылып жүргенімен, шумақтарында бұғып жатқан шындық пен емеуріндер туралы көп айтыла бермейді. Біз өлең жолдары тек мерекелік көтеріңкі көңіл күйден ғана тұрмайтынын айтқымыз келеді.

«Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда», деп бір қайыра­ды ақын. «Той болушы еді бұл маңда» деп өткен шақпен сөйлейді. Өйт­кені өлең жазылған 1973 жылы Наурыз тойы жариялы түрде тойланбаған емес пе? Осындағы өлеңнің бар құпиясы елеусіз ғана «еді» етістігіне көмкеріле салған. Яғни кілт сөз – бұрынғы өткен шақ «еді». Ертеде тойланған, одан кейін тойланбаған... Ақын бала күнінде Наурыз тойын көрді ме екен, әлде үлкендерден естіді ме екен, ол жағы бізге беймәлім. Мүмкін ел ішінде жыл келді деп жасырын тойлағандар болған да шығар. Тарихта ондай мысалдар жетіп артылмай ма? Келесі екі жол бала Мұқаңның Наурыз тойына куә болғанын растай түсетін сияқты. Бала Мұқаң дейтін себебіміз, «сақталушы еді сыбаға, сапарға кеткен ұлдарға» деп тағы да өткен шақпен жазады. Өлеңнің бастап­қы сөз қолданысына байланысты әлгіндей ырғақпен кетті деп айта алмаймыз.

Бұл сыбаға бейбіт күндегі туған-туыс, көрші-көлемге сақталар сыбағадан сәл өзгеше. Екі-үш жылға әскерге немесе май­данға кеткен адамға сақталған сыбаға. Келген әрбір жаңа жылдан жақсы­лық күтетін ырымшыл қазақ Тәңірден бала­сының аман оралуын тілейтінін ұғу қиын емес. Дәм беріп дұға қылмай ма Нау­рыз тойында? Оның үстіне ақынның бала­лық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді.

«Наурыз, наурыз, күн игі!

Күні игі жердің түрі игі.

Бауыры жылып науат-қар,

Бабымен ғана жібиді.

Шашылып ырыс шанақтан,

Шақырып бір үй бір үйді,

Шаттанушы еді бір игі».

Мұнда да табиғи құбылыстарды суреттей келе, төменгі жағында қазақ ауылының тынысын айтып кетеді. «Ша­қы­рып бір үй бір үйді, шаттанушы еді бір игі» дегенде, тағы да «едімен» құлата салады. «Бұрын игілер бір шаттанушы еді, бүгін ол да жоққа саяды».

«Осынау игі кең жерге,

Наурыз айы келгенде,

Наурыз тойын бергенде,

Көрмегендер де арманда,

Арманда – оны көрген де.

Келіп ем өмір-орманға,

Наурыз айы келгенде».

Иә, бұдан кейін Наурыз туралы қанша ән жазылып, қаншасы шырқалмады. Жыл сайын демесек те, жыл ара бір әннен шырқалып жатады. Бәрін түгендеу мүмкін емес, біз сөз еткен туынды соның бәріне із ашар болғанын айтқымыз келеді. Наурыз думан жалғаса берсін!