Мұнда Наурыздың келуіне байланысты театрландырылған көріністер, жергілікті өнерпаздар мен шақырылған меймандардың көңілді концерттері өтіп жатты. Әсіресе, республикаға белгілі әнші Біржан Есжанның домбырамен әуелете салған әндері қаланың алыс жерлеріне дейін естіліп тұрды. «Орда» тобы да өздерінің өнерін паш етті.
Біраздан соң бас сахнаға облыс әкімі Айдарбек Сапаров шығып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. «Халқымыз ұлы күнге балап, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен береке мейрамы. Бұл күн дастарханға ақ толатын, елімізге бақ қонатын арайлы шаттық күні. Халықты дін мен ділге, тіл мен түрге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысымызды ұйыстыра түсті. Қазір Наурыз үш күн бойы аталып өтілетін еліміздегі ең үлкен, ең ұлық мерекеге айналды», деген әкім ел Президентінің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының халықтың әл-қуатын жақсартуға арналғанын еске салды және облыстың экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталып өтті.
Алдағы уақытта аталып өтілетін мәдени шаралар қатарында биыл Қожаберген жыраудың 360, Шал ақынның 275, Ақан серінің 180, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы бар екені айтылды. Соның ішінде М.Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған шаралардың басталып кеткенін жеткізді. «Жуырда ғана Мағжанның 30 өлеңін жатқа айту конкурсына Петропавл қаласы мен аудандарымыздан түрлі этнос өкілдері арасынан 300-ге жуық оқушы қатысты. Оның 70-і конкурстың финалдық бөлігіне жолдама алып, жүлде алды. Енді халықаралық айтысқа дайындық жүріп жатыр», деді ол. Сонымен бірге әкім кешегі өткен сайлаудың елді демократиялық өзгерістерге бастайтын маңызды шара болғанына сенім білдірді.
Осы жерде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кеше ғана Астана қаласында ТМД Үйлестіру кеңесінің төрағасы М.Волковтың қолынан ТМД ардагерлері кеңесінің «Құрмет» белгісін алған Ескендір Елеусізов ағамызды әңгімеге тарттық. «Халқымыздың көңілі әрқашан жайлы болып, еліміздегі ынтымақ пен бірлік берік болсын! Сонда ырысымыз да мол болады», деген тілегін жеткізді ақсақал.
Бұл күні асық ату, күрес сияқты ұлттық ойындардан жарыстар, ал алқақотан жапсарласа қонған киіз үйлерде қолөнер шеберлерінің туындыларының көрмесі өтті. Наурыз көже сапырылып, ұлттық тағамдардың буы бұрқырап жатты.
Солтүстік Қазақстан облысы