Саясат • 23 Наурыз, 2023

Үкіметте жаңа энергия өндіруші қуаттарды іске қосу жоспарлары талқыланды

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстанның энергетика саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz  primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Үкіметте жаңа энергия өндіруші қуаттарды іске қосу жоспарлары талқыланды

Атап айтқанда, ірі халықаралық инвесторларды тарту, жаңа энергия өндіруші қуаттарды (жылу, электр энергиясы) іске қосу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі жоспарлар талқыланды.

Сонымен қатар кеңеске қатысушылар ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету шараларын қарастырды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов I тоқсанда бензин, дизель отыны және сұйытылған газ өндірісі бекітілген жоспардан асып түскенін атап өтті. Атап айтқанда, дизель отынының қоры 1 қаңтардан 1 наурызға дейін 241 мың тоннадан 326 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.

Қазір жанар-жағармай материалдары бірінші кезекте егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, содан кейін жанармай құю станциялары мен әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарға жіберіледі.

Министрдің айтуынша, кейбір өңірде тұтыну деңгейінің өте жоғары болуына байланысты отын жетіспей жатады. Осыған байланысты Энергетика министрлігі қажет қорды толықтыру бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Бұдан басқа орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада отын өндіру мен тұтыну балансын ескере отырып, газ саласын дамытудың өзекті мәселелері қозғалды.