Қоғам • 23 Наурыз, 2023

Атырауда бірнеше мектептің оқушылары онлайн оқиды

1967 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда бес мектептің оқушылары төртінші тоқсандағы сабақты онлайн оқиды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда бірнеше мектептің оқушылары онлайн оқиды

Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Балмұхановтың мәліметінше, №13, 31, 19, 22 және 27-мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын бастау үшін осындай шешім қабылданған.

«Аталған мектептердің оқушылары төртінші тоқсанда сабақты қашықтан оқуға ауыстырылды. Себебі наурыздың соңында бес мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қазір мердігер мекемелермен шарттар жасалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімі 3,5 айдан 6,5 айға дейін созылады», деп хабарлады Ерлан Балмұханов.

Оның айтуынша, кейбір мектептердің ғимараты пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан. Мәселен, 1330 оқушы білім алатын Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының ғимараты 1972 жылы іске қосылған.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, №30 мектеп-гимназиясының төбесінен су ағып, 40 кабинет жарамсыз болып қалған. Содан бері білім ордасының шатыры, жылу жүйесі, терезесі ғана ауыстырылған. Ғимаратқа жеңіл жөндеу жүргізілген. Ал электр желісі бұрынғы күйінде тұр.

«Күрделі жөндеу жұмыстары авторлық және техникалық қадағалау мекемелерінің қатысуымен бекітілген жобалық-сметалық құжаттар негізінде атқарылады. Егер жөндеу жұмыстары каникул кезінде басталса, жаңа оқу жылына дейін толық аяқталмауы мүмкін. Осындай себеп ескеріліп, аталған мектептердегі оқушыларды онлайн форматта оқытуға шешім қабылданды», деп мәлім етті Е. Баймұханов.