Пікір • 22 Наурыз, 2023

Мемлекетшілдік мінбері

1213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз әлемдік, өңірлік һәм ішкі сын-қатер­­лерге байланысты дамудың жауапты ке­­зе­ңін бастап, оның темірқазығына – Әді­лет ұғымын алғаны және 2022 жылы 16 нау­­рызда саяси реформаларды жария етіп, мұны сәтімен жүзеге асырып жатқаны мә­лім.

Біз сын сағатта дана Абайға жүгінеміз. Ойшыл ақын:

Қайрат пен ақыл жол табар –

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар –

Сол жарасар туғанға, –

дейді. Қазіргі замана шындығы, ғаламдық құбылыстар, айналамызды торыған қилы қауіп ел­дікті сақтап бейімделуді, құбыла соққан жел­ді диірменге бағыттауды талап етеді. Абайдың «әді­летке ерік-жігер, күш (шапқат) серік бо­луын» айтуы тегін емес. Осы екеуі бірігіп бере­ке­ні, елшілдікті құрайды.

Әлемнің көшбасшы ғұламасы әл-Фараби «Мем­лекет қайраткерінің нақылы» трактатын­да баянды қала-мемлекеттің ұстыны болар бес әлеуметтік топты жүйелеген. Олар: игі жақ­сы­лар, сөз ұстаған шешендер, ға­лым­дар, сақ­шылар, іс адамдары. Ең кереметі, ол қа­ра­пайым еңбекқорды да іс адамына жат­қы­за­ды. Сондай-ақ адамзат ұстазы қандай қала-мемлекеттер құрдымға кететінін анықтаған. Олар: сұраншақ қала, делдал қала, азғын қала, мансапқор қала, тойшыл қала, рия қала, екіұдай қала, адасқақ қала. Міне, ғұлама замандастарына да, келер ұрпаққа да осыдан сақтануды аманаттаған.

Біз бүгін Алаш зиялылары айқындаған елшілдікке яғни мемлекетшілдікке зәруміз. Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген сындарлы сөзін барлық саланың мамандарына да қаратып айтуға болады.

Мемлекетшілдік – мемлекеттің асыл мүд­де­сі жолында елге, халыққа қызмет. Ниет­тің де, ойдың да, амалдың да, іс-әрекеттің де осыған бағытталуы. Мемлекет – Отанға қызмет етудің мәдениеті болса, мемлекетшілдік – осы мәде­ниет­тің арқауы. Ұлт, халық, адам құн­ды­лығы материалдық, саяси, экономикалық па­рықпен ғана өлшенбейтіндіктен, осы ұғым­дар­ға тән рухани мән-мағына мемлекеттің де мазмұнында тұруы керек. Сонда көкейкесті мемлекетшілдік бұл ұғымдардың қалыпты тетігіне, құрамдас сипатына айналады.

Өкінішке қарай, бізде қоғам мен мемлекеттің арасы «кейде тату, кейде қату». Бұл – кеңестік биліктен қалған «комплекс». Яғни «билік адамын қоғам мүшесі, ет пен сүйектен жаралған адам» деп түсінбеу, тіпті жат көру байқалып жатады. Өркениет әліппесіне қарасақ, мемлекет өзімен келісімі айқын қоғамнан тұратынын көреміз. Мұны қарапайым тілде тәпсірлесек, бұрқ-сарқ қайнаған қоғам мен әділетті мемлекет көп нәрсені, тіпті барлық іс-әрекетті бірлесіп атқарады. Мемлекет аспаннан аяғы салбырап түспейді, қоғам мен оның сенім білдірген өкілдерінің (биліктің) үйлесімінен пайда болады. Сөйтіп екеуі бірлесіп, пікірлесіп қабылдаған заңға бағынады. Заң болмаса, заңсыздық орнығады. Билік заңның орындалуын қадағалайды. Мемлекет әліппесі – осы.

Жұрт кейде орайлы, кейде орайсыз сынайтын шенеунік – қоғамның оппоненті емес, қайта соның бір мүшесі. Оның мүддесі де қоғамнан бөлек болмауы керек. Кез келген мемлекеттік қыз­меткер бір мезгілде мемлекеттің де, қоғам­ның да мүддесін тең ойлап, тең қорғауы қажет. Оның кәсіби, лауазымдық беделі осымен өлшенеді. Әлеуметтің сұрағы: «Шенеуніктің мүд­д­есі туған жерінің, қоғамның, елдің мүд­де­­сімен сәйкесе ме? Ол өзі қызмет ететін қала, аудан, ауыл тұрмысын жақсарту жолында не істеп жүр?» болса, бұл мемлекетшілдік ұста­ным­ға сәйкес келеді.

Мемлекет басшысы айтқан: «Заң үстемдігі, билік­тің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне аза­маттық қоғам өкілдері белсене араласқан жағ­дайда ғана әділеттілік берік орнығады» деген пікірдің мәні сол. Әділетті Қазақстанның әліп­песі – осы.

Иә, әдетте «мемлекетшіл» ұғымын білікті саяси тұлғаларға, мойындалған қоғам қайрат­кер­леріне, мәдениет саласы азаматтарына қа­тыс­ты айтып жатамыз. Сонымен бірге кеңес заманында енген «ірі ұйымдастырушы» деген де анықтама бар. Қазір компания-корпорацияларды басқарушылар – осы санатта. Бірақ олардың мем­лекетшілдігі, елшілдігі қай деңгейде екені қоғамға белгілі. Әлеуметшіл мемлекетке маңыз­дысы – әлеуметтің мемлекетшіл болуы, ха­лық­тың мемлекет құндылығын қадірлеуі.

Біз бүгін ұлттың жүз жылдық жылнамасы – «Egemen Qazaqstan» газетінің бас айдарын «Мем­лекетшілдік мінбері» деп атай отырып, ба­сылымның әр материалы, барша көтерген мәсе­лесі осы құндылыққа сай жазылуын қала­дық.

Абырой болғанда, 80-жылдардың соңынан бері елшіл газет-журналдар – негізінен осы бағдарда. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның замандастарына айтқан екі насихаты еске түседі: «Жұрт бақыты іс жұртқа ыңғайлы болса шығады», «Елді ақ жолға саламын десең, істің астарын қарастыр, істің сырты – жауға бел көрсеткен». Енді бұл ойды әл-Фараби, Абай парасатымен сабақтасақ, бүгін, ертең және келешекте елімізге ауадай қажет мемлекетшілдіктің, оны халыққа дөп жеткізетін мінбердің деңгейі айқындала түседі.