Спорт • 26 Наурыз, 2023

Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікті сынға алды

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева өзінің Instagram парақшасында Жансая Әбдімәлікке қатысты сыни пікір жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікті сынға алды

«Шахмат – бұл, әрине, жекелей спорт түрі. Бірақ жеке тұлға болу мен пікірлес болу – екі бөлек нәрсе. «Әркім өзі үшін» деген түсінікті кейбіреулер «бәріне түкіргенім бар» деген мағынада көргісі келеді. Олардан өз қатесін түсініп, сыпайылықпен кешірім сұрауды ешқашан күтудің қажеті жоқ. Егер мұндай адамдар айналасына өтірікті жаудырса, сыпайылық туралы әңгіме айту қиын. Сірә, шындықты бүркемелеу – бірінші кезекте шахматшы екендігін ұмытқан Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Жансая Әбдімәліктің кәсіби қасиеті шығар. Алайда кез келген кәсіби спортшы үшін кешірілмейтін нәрселер бар. Ол тіпті кім болса да», деп жазды Б.Асаубаева.

Оның айтуынша, кеше Жансаямен бірге өзін қосқанда, тағы он бір шахматшы Делиде маңызды Гран-при турниріне келген. Бірақ Жансая ұйымдастырушылар дұрыс күтіп алмады деген желеумен жарыстан аяқасты кетіп қалуды жөн көрген. Мұны турнирдің ашылуына бір сағат қалғанда, әріптесіне телефон арқылы хабарлап, әуежайда екендігін, ұшқалы отырғанын жеткізген.

«Ал өзі біз шұғыл жиналыс жасап, не істерімізді білмей жатқан кезде отельде қыдырып жүрген. Жансая өзінен бір елі қалмай, бірге жүрген ер адаммен ұшып келді. Ал басқалар жалғыз болса да, отельге ешқандай кедергісіз жетті. Кейбір шахматшылар Гран-приге қатысу үшін өзге жарыстардан бас тарқан еді, енді олар ыңғайсыз жағдайда қалып отыр. Өтірік араласқан асығыс шешімнің салдарынан турнир болмай қалуы мүмкін. Соңғы сәтте өзі ойлап тапқан себептен бәрін тас-талқан қылғысы келген бір адамның кесірінен осылай болып отыр. Әрине, жергілікті ұйымдастырушыларға қатысты сұрақ көп. Бірақ көп мәселе Жансаяға, оның спортшыға тән емес әрекетіне қатысты. Аяқ астынан эмоцияға жол бергендігіне, әріптестеріне, тұтастай алғанда, өмірге деген көзқарасына, кәсібилігіне қатысты. Спортшылар кез келген күтпеген жағдайға беріле салмай, бәріне дайын болуы тиіс. Кез келген ұсақ-түйекке Жансая секілді қарасақ, онда спортпен қош айтысып, күйеуге шығып, тамақ дайындау керек. Бәріне сәттілік тілеймін», делінген жазбада.