Әскер • 26 Наурыз, 2023

Әскерилердің әлеуметтік әлеуеті

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің батыс, шығыс өңірлеріндегі жеті гарнизонда болып, бірқатар кездесу өткізді.

Әскерилердің әлеуметтік әлеуеті

Жұмыс сапары барысында министрдің орынбасары мер­зімді қызмет сарбаздарымен, келісімшарт бойынша әс­кери қызметшілермен және олар­дың отбасы мүшелерімен, әскери зейнеткерлер мен Қарулы Күштердің ардагерлерімен кез­десіп, әскери қызметшілерді тұрғын үймен, медициналық және зейнетақымен қамсыз­дандыру мәселелері бойынша түсініктемелер берді. Сонымен қатар Үкімет жа­нын­дағы жұмыс тобының зей­нетақы заңнамасын жетілдіру жөніндегі қызметінің нәтижелерін жеткізді.

Үкімет жанындағы бұл жұ­мыс тобы Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында берілген тап­сыр­­маларға сәйкес әскерилерді зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін пысықтайды. Ол 1998 жылдың бірінші қаңтарынан кейін шақырылған және 2016 жылдың бірінші қаңтарынан кейін жұмыстан шығарылған әскери қызметшілерге зейнетақыны индекстеу мәселелерін алдын ала оң тұрғыдан қарастырды. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін қыз­меттен босатылған, бұл үшін жет­кілікті еңбек сіңір­ген және еңбек өтілі бар әскери қызметшілерге зейнетақы тө­лемдерін алу құқығын беру мәсе­лелері шешіледі. Қазіргі уақытта Әлеу­меттік кодекс жобасына әске­ри зейнеткерлерге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге толық кө­лемде зейнетақы жинақтарының қалдықтарын біржолғы пайдалану құқығын беру мүмкіндігі туралы толықтырулар енгізілді.

Әскери қызметтің беделін арттыру үшін де нақты қадамдар жасалды. Өткен жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігімен әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша төлем­дерді кейінге қалдыруды ұсынатын меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда мерзімді қызметтің жеті мыңға жуық сарбазы осы жеңілдікті пайдаланып отыр. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі еліміздің 45 жоғары оқу орнымен келісім жасасты. Осыған сәйкес мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтар екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсе алады.

Сарбаздармен әңгімелескен Қорғаныс министрінің орынбасары олардың болашақ жоспарларымен танысып, еліміздің әскери жоғары оқу орындарына түсу тәртібі мен оқу шарттары туралы айтты. Ол оқу кезеңінде курсанттар тегін тұрып, тамақпен, заттай жәрдемақымен, медициналық қызметпен қамтамасыз етілетінін және стипендия алатынын атап өтті. Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына түсу оларға ман­саптық өсу, сондай-ақ көп деңгейлі білім беру жүйесі шең­берінде, оның ішінде шетелде одан әрі білім алуға мүмкіндік береді.