Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
2022 жылдың қаңтар-қараша айларында қазақстандық экспорттаушылар шетелге жалпы сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын жөнелтіп, алтын экспортынан ректордтық пайда тапты. Демек теңгемізге дем беретін фактор тек мұнай ғана емес, алтынмен де толығайын деп тұрған сияқты
«Рубль өзіне мүлдем тән емес тұрақтылықты жарты жыл ғана ұстап тұрды. Қазір валюта нарығындағы бірнеше айға созылған тепе-теңдік бұзылды, рубль бірте-бірте әлсірей бастады. Ал қаңтар-ақпанда құлдырау қарқыны күрт артып, ол соңғы жартыжылдықтағы максимумды жаңартты», деп жазады «Novaya Gazeta Europe».
Сарапшылар Ресей валютасы ең алдымен, Батыс елдерінің санкциясы, геосаяси жағдайдың шиеленісі шеңберінде құлдырап жатқанын айтады.
РФ Қолданыстағы бюджет заңына сәйкес, 2023 жылға арналған кірістер – 26,1 триллион рубль, шығыстар – 29 триллион рубль мөлшерінде жоспарланған, осылайша тапшылық 2,9 триллион деңгейінде немесе ІЖӨ-нің 2 пайызы деңгейінде деген болжам бар. Дүниежүзілік банк Ресейдегі қымбатшылық 22 пайызға дейін жететінін мәлімдеді. Ал мамандар егер санкциялардың келесі пакетінде Ресейлік экспортты толықтай шектеу туралы ереже қабылданса, экономика құлдырай түседі деп отыр.
«Freedom Finance Global» жетекші талдаушысы Наталья Милчакова өткен апта соңында журналистермен кездескен кезде наурыз рубльдің жағдайына көп өзгеріс әкеле алмайтынын, инфляция рубль үшін басты тәуекел болып қала беретінін, Ресей Банкінің негізгі пайыздық мөлшерлеме туралы шешімі наурыз айының бірінші онкүндігінің соңында белгілі болатынын айтыпты.
Сарапшының айтуынша, ЕО-ның ақпан айындағы №10 санкциялар пакетінің рубль динамикасына әсері аз. Геосаяси жағдай, мұнай бағасы және фискалдық ереже рубль үшін маңыздырақ болып қала бермек. Сарапшының пікірінше, қазір Ұлттық әл-ауқат қорында 6 трлн рубль бар. Бұдан 1 жыл бұрын 12 трлн рубль болатын. РФ Қаржы министрлігінің деректерінде 2022 жылдағы мұнай-газдан түскен түсім 52,2 млрд рубль екені, Ресей Банкі жаңартылған бюджет ережесіне сәйкес Қытай валютасының сатылымын көбейткені айтылған. Мәскеуге доллар, еуро, фунт, иена, франк сияқты дамыған елдердің валютасын пайдалануына санкциялармен тыйым салынған. Содан қаржылық реттеуші 13 қаңтардан бастап ақпан айының соңына дейін күн сайын нарықтан 3,2 млрд рубль сатып алып отырды. Бірақ бұл да рубль бағасын тұрақтандыра алмады.
TeleTrade талдаушысы Владимир Ковалев наурызда рубль бір-біріне қарама-қайшы факторлардың қысымында қалатынын айтыпты. Олардың қатарына валюталық түсімдердің қысқаруы, экспорттық түсімдердің салыстырмалы түрде азайғаны айтылған. Басқа сыртқы факторлар геосаяси және санкциялық тәуекелдерге байланып тұр. РФ Қаржы министрлігінің хабарлауынша, ресейлік басты экспорттық сорт Urals мұнайының бір бөшкесінің орташа құны 49,52 долларға дейін құлады. 2022 жылғы қаңтар-ақпанда оның әр баррелі 88,89 доллардан сатылған. РФ сарапшылары доллар бағамы 100 рубльден асып түссе, онда бұл ресейлік экономика үшін қауіп-қатер туғызатынын ашып айтып отыр.
Сондай-ақ сарапшы мұнай-газ кірістерінің жылдам төмендеуі және федералды бюджеттің жоғары тапшылығы Ресей үкіметін бюджет жыртығын толтыру үшін әлсіз рубль саясатына итермелеп жатқанына назар аударды. Бұл жағдай неғұрлым ұзаққа созылса, рубль әлсірей береді. Экономикаға дем салу үшін рубльді бір түнде девальвациялай алмайды, себебі оның тетігі жоқ. Сол себепті, рубль тәуелсіз сарапшылар айтып жүргендей сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне қарай, девальвацияның «жұмсақ» түріне басымдық бере бастады. Бұған импорттың біртіндеп жандана бастауы әсер етті.
Ресей валютасы ең маңызды деңгейдегі екінші сынаққа дайындалып жатыр. Наурыз айының соңына қарай доллар 90-95 рубльге дейін қымбаттап, 30-35 пайызға дейін әлсіреп қалуы мүмкін. Әдетте сарапшылар рубльдің әлсіреуі қазақ теңгесі үшін де маңызды сынақ деп жататын. Бірақ теңге бағамындағы біз күтпеген тұрақтылық сарапшылардың болжамын сан-саққа жүгіртіп жатыр. Олардың пайымына ден қойсақ, биылдан бастап теңгенің өз өмірі бар, рубльдің өз өмірі бар. Наурыз айының бас кезінде Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамының төмендеуіне орай импорт арқылы келетін тауарлар арзандайтынын айтып, елді қуантып қойды.
«Ұлттық банк қаңтар мен ақпанда интервенция жүргізбесе де, теңге 0,5 пайызға нығайды. Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың болжамдарына және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады», делінген ресми хабарламада.
Наурыз айында республикалық бюджетке арналған трансферттер үшін 750-850 млн доллар көлемінде валюта сатылады деген жоспар бар. Ал БЖЗҚ-ға 200-240 млн доллар сатып алынуы мүмкін.
Дегенмен күшті теңгеге себеп болған факторлар көзге көрініп тұрғанын айтуға тиіспіз. Finprom.kz порталының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында қазақстандық экспорттаушылар шетелге жалпы сомасы 66,9 млн долларға 4,2 тонна өңделген және өңделмеген алтын жөнелтіп, алтын экспортынан ректордтық пайда тапты. Демек теңгемізге дем беретін фактор тек мұнай ғана емес, алтынмен де толығайын деп тұрған сияқты.
Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев 2023 жыл – рубльдің тұрақтылығының соңғы жылы болуы тиіс екенін айтады. Ресей ақшасының болашағын модельдеу оның 2024-2025 жылы девальвацияға ұшырайтынын көрсетіп отыр.
«Ингосстрах-Инвестмент» 2024 жылға қарай бір доллардың құны 100 рубльден асады, ал 2025 жылы доллар 200 рубль тұратын болады деп болжайды. Ресейде осы «Ингосстрах» валюталық моделі басқаларға қарағанда анағұрлым дәлірек жұмыс істейді деп айтар едім, себебі олар 2014 жылдың аяғындағы рубльдің құнсыздануын да, 2022 жылғы оның кенеттен күшеюін де алдын ала білген болатын», дейді Айбар Олжаев.
Оның пайымынша, рубльдің құлдырауы мен Ресей экономикасының айтарлықтай әлсірейтінін нақты факторларға қарап бағамдауға болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ресей бюджетінің табысы 35 пайызға төмендеген, ал шығыны керісінше 59 пайызға артқан. Биылғы бір айдағы бюджет тапшылығы 2 триллион рубльді құрап отыр. Бұл – қазіргі курспен 11,5 триллион теңге. Сонда Ресейдің бір айдағы тапшылығы біздің бір жылдық бюджет тапшылығынан 3 есе көп.
«Біздің жылдық жетіспеушілік 4 триллион теңге немесе 692 миллиард рубль деп бағаланады. Ресей осы тапшылықты жабуды ірі бизнестің мойнына ілмек. Кәсіпорындар салықтан бөлек қомақты соманы бюджетке беруге міндеттелетін болады. Бұл бизнестің болашақ инвестицияға деген қаржысының жоғалып, өндірістің және іскерлік белсенділіктің біржолата құлдырайтынын білдіреді», дейді Айбар Олжаев.
Халыққа рубльдің барлығынан құтылу қажет деген пікірдің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болды. Себебі рубль-теңге ставкасының экономикаға әсерінің өсуі үш канал арқылы – сауда балансы, валюта нарығы және инфляциялық үдерістер арқылы жүзеге асқаны белгілі.
Белгілі қаржыгер Олжас Төлеуовтің сөзімен айтқанда, «мұндай құрылымдық өзгерістер – «рубль тұзағы» деп атауға болатын жаңа жағдайлар мен шектеулерді қалыптастыру арқылы экономикалық саясатқа тікелей әсер етті. Таратып айтсақ, 2000-2009 жылдары KASE-де рубль-теңге жұбымен сауда-саттықтың орташа айлық көлемі – 31 млн рубль, ал халықтың Ресей валютасын айырбастау пункттерінде сатып алуы – 1,5 млрд рубльге тең болса, 2010-2020 жылдары бұл көрсеткіштер тиісінше 903 млн рубльге дейін (29 есе) және 9,4 млрд рубльге дейін (6 есе) ұлғайды.
А.Олжаевтың айтуынша, «Рубльдің барлығынан құтылу керек» деген тапсырманы халық әлдеқашан орындап қойған. Бірақ екінші деңгейлі банктерде қанша млрд рубль жатқаны туралы мәліметтер айтылмайды. Соған қарамастан қаңтар айының бас кезінде Қазақстан рубль мен теңгенің өзара конвертациялануы туралы келісімнен шығуға ниетті екені айтылды.
Банк мәліметі бойынша өткен қаңтар айында адамдар валюта айырбастау орындарында рубльді көбірек сатқан. Ал рубльді сатып алу мүлдем тоқтаған. Сарапшының бағамдауынша, рубль құлдыраса және Ресейден азық-түлік импорты арзандап, бізге келетін легі көбейсе, онда бізде инфляцияны жеңуге мүмкіндік бар.
«Ресейдің азық-түліктік импортына еш шектеу қоймау керек және өмір бойы жылай беретін, субсидия, масылдыққа үйреніп қалған кейбір отандық аграрийлердің «Ресей тағамдарына тыйым салайық» деген жалаң ұрандарына құлақ асудың қажеті жоқ. Рубль құлаған уақыттан бастап түрлі қауымдастық, одақтар импортты шектеу бойынша Үкіметке шантаж жасай бастайтын болады. Үкімет те, Ұлттық банк те соған дайын болуы керек», дейді А.Олжаев.
АЛМАТЫ