Құстар оралды, демек қыстың да көбесі сөгілді деген сөз. Жер төлежіп, күннің мейірімі төгіледі. Ақ қанатты ару құстар ақпаннан біткенін әлдеқашан сезген, дені жолда келе жатыр. Қазір ауылдың аспаны алқаракөк. Жоқ, ол бұлттар емес, былтыр кеткен бауырмал құстардың легі. Олар өте жершіл, туған жердің топырағын алыстан-ақ таниды.
Осы құстарды Есенғалиша еркелеткен ешкім жоқ шығар. «Құстар біздің досымыз»… тіршілікте тілдесер жан таппағанда шиқылдаған құстардың әні жан көзесіне құйылған шәрбат секілді… Тек оны тағдырластар ғана түсінеді.
«Оларды жақсы көргенім соншалық, дауыстарын тыңдап, қай құс екенін ажыратамын. Мәселен, торғайдың да бірнеше түрі болады. Ерте көктемде ерекше сайрайтын шымшықтың бір түрі бар, сарышымшық деген. Бұрын жоғалып кетіп еді, соңғы кездері Алматыға оралып жүр. Орыстар оны «синица» дейді. Оның дауысы бөлек. Сосын таң атқанда сайрайтын таңшымшық бар. Орыстар оны «зарянка» деп атайды. Бұрын мен таңшымшықтың сайрағанын тыңдап жатып, мені «таңертең оятуды ұмытпашы» деп өтінетінмін. Ал қазір «мені ұйықтатшы» дейтін болдым. Бүгінде бізде ұйқы жоқ қой…», дейді ақын.
Ал біз мұхиттың арғы жағындағы «Тек құстар үшін» картинасына қарап тон пішіп отырмыз. Суретші Харлей Браун да құстардың нағыз әкесіне айналған шебер екен. Барлық дүниенің ең асылы құстар ғана деп түйсінген. Қызық, ұлылар бірдей ойланатын сияқты. Біздің ақыл оған бойлай бермейлі. Әттең…
Қараңызшы, кенепте қос тотықұс бейнеленген. Екеуі де өте жарқын һәм көңілді нотада көрініс тапқан. Жұмыстың жазу техникасы ерекше. Қылқалам шебері кейіпкерлерді ішінара біріктірілуі үшін қанық түстермен жарқын фон жасаған. Тотықұс – жер бетіндегі ең жарқын құстардың өкілі. Олардың қауырсындарындағы ашық түс көбінесе жауларын қорқытады.
Жарық – түнектің дәрісі. Дәл қазір әлем күңгірт һәм сұр түске боялған. Соғыс уағында ашық түстерге орын жоқ секілді. Ал мұндай сәттерде адамдар қоғамнан жырақ күн кешуге асығады. Әйтсе де тотықұс сияқты жарқын тұлғалар бірігуі шарт. Осындай жарқын құстардың шоғырына өзгенің шабуыл жасауға батылы бармайды. Туындыдағы қаныққан фон түрлі-түсті әлем туралы сыр шертеді. Осындай аласапыран сәттерде көңілі жарқын жандар дүниені басқаша қабылдайды. Танымы ерек жандардың дүниетанымында түңілу деген ұғым жоқ.
Сурет кең штрихтармен боялған, бұл кескіннің бедері мен көлемін айшықтайды. Автордың қауырсындарды дәл салғаны соншалық, құстар бұтақтан құлап, түрлі-түсті бояулардың жарқын да шексіз әлеміне ұшқалы тұрғандай өте шынайы жазылған. Жанды секілді…
Суретші бұл жұмысында айналамызда күн секілді жарық жандардың болуы қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Шығарма ашық түстердің көптігіне қарамастан тыныштық пен үйлесімділік береді. Үрейсіз өмірдің әуенін шырқайды. Мүмкін суретші бұл әсерді реңктердің алуандығынан алған болар, мүмкін түрлі-түсті детальдардың жаңғырығынан сызды, кім білсін!?. Бірақ бұл көрініс оқырманның ішкі әлеміне жарық шашады.
Бақсаңыз, түс схемасы үйлесімді, ал фонның жеңіл штрихтары қар бұлтын құрайды. Бір қарағанда бұлт не қар екенін түсіну қиын. Сол арқылы шығарманың атауы құпия философиялық мағынаны ашады. Оны тек көңілі кіршіксіз жандар ғана түсіне алады. Олардың құстардың санатынан болуы міндетті емес.
Көктем – көңілді кезең, әсіресе қазақ халқы үшін мерекелі мезгіл. Құстардың шеруіне үзіле қараған балалардың асыр салып ойнайтын шағы. Еркіндікті еске түсіреді. Олар «ұшамын десе, ұшады, ұшпаймын десе, ұшпайды», бәрі-бәрі өз еркінде. Содан ғой, біздің құс біткенге қызыға да, қызғана да қарайтынымыз. Дәл біз мысалға алған ғажайып ақын Күләш Ахметова «Құс қайтқанда» өлеңіндегідей…
«Аққу қанат, қаз дауыс қаңқылдаған
Самалынан сандал тау салқындаған,
Сазы бөлек, сал ақын, алыс жаққа
Сағынсын деп кеттің бе халқың, далаң».
Құсқа айналып кеткендер, қайдасыздар?