Тарих • 27 Наурыз, 2023

Балконнан басқа әлемге...

267 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Балконда музыка тыңдап, темекі шегіп отыратын екі бозбала есіңізде шығар? Ол заманның есейіп қалған оқушыларының көп жүретін жері көше, ал фильмдегі екеудің отбасы мен көшеден бөлек оңаша уақыты бал­конда өтеді. 1988 жылы режиссер Қалықбек Салықов Олжас Сү­лей­ме­­новтің «Балкон» поэмасының желісімен түсіріп, сол жылы жарыққа шыққан «Балкон» фильмі емеурінге толы, аса күрделі туынды. Тіпті алғаш көрген адам соғыстан кейінгі Алматының бір ауданы көлеміндегі картина, ностальгия ретінде қабылдауы да мүмкін. Алайда режиссер мүлде басқа дүниелерді ымдайды да отырады. Туындының өне бойы ым мен емеуріннен тұрады. Ана бір жуан қарын арызқой мен күйеуі ішкіш әйел, Боря ағайдан басқасында айқай жоқ десе болады. Бұл көркем туындының жетістігі емес пе? Бұрын көргендерге бұл киноны қайта көруді, көрмегендерге аса ыждаһаттылықпен тамашалауға кеңес берер едік.

Балконнан басқа әлемге...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бірден айтайық, біз де байқа­ға­ны­мызша ғана әңгімелейміз кино­ны. Кино­­танушылардың өзі де кейбір астар­­лы тұстарын тап басып айта алма­­ғанға ұқсайды. Кино 48 жастағы, қолы­­на «20» деген өшпес таңба салын­ған­ жігіттің миына жасалып жат­қан­ операциядан басталады. Хирург заман­­дасының миы­на операция жасап­ жатып­ «бұл кеселді ісікке 35 жыл бол­ған» дейді. Сіз ойла­ңыз,­ 35 жыл бойы­ мидағы кеселді ісік­пен өмір сүре­ берген кісі. Және кино­ басталысы­мен қойылған музы­ка де­ге­ніңіз түсініксіздік пен­ күмән шақы­ра­ ма, біртүрлі. Бас­ты­сы,­ бейқам қал­дыр­май­ды. Фильм соғыс­тан кейін Сталин өл­ген­ 1950 жыл­дардың орта шенін арқау ет­кен­ десек, мида 35 жыл жүрген ке­сел­ді ісік­тің мәні айқындалып шыға ке­ле­ді.­ Операция сәтті аяқталғанда хи­рург нау­қастың қолындағы 20 деген сан­нан­ бұл­ жігіт өзі тұрған ауладағы жиыр­­ма­сыншы («двадцатка») үйде тұр­­ға­нын­ біледі. «Кім болды екен?» деп­­ ауру­хананың ішінде сенделіп біраз­ жүреді. Қысқасы, кинокартина ауру­­­хана­да және өмір бойы миында­ ісік жүрген адамның басына жасалып­ жат­қан операциядан өрбігені кез­дей­соқ­ емес.­ Содан ана хирург «кім болды екен?­ Қалқанқұлақ па, мүмкін Табан­ба­­лық, әлде Сакония ма екен?» деп сол­ уа­қытқа «сүңгіп» кетеді.

Басты рөлдегі Айдар – әке-шешесі жоқ­­ жетім жігіт, жалғыз сүйеніші дей­­тін­ туған әпкесі Жаннаның өзі сүй­­ген жа­ры соғыста із-түссіз кетіп, со­­ның күйі­гінен есі ауып қалған. Сол кү­­йеуі­не­ іздеу салып хат жазбаған ұйы­­мы жоқ.­ Жуковқа да хат жазған деп­ дабырайтады. Жуков кеңес билі­гін­дегі со­ғыс құдайы десек, біреулер кү­луі де мүм­кін-ау. Бара-бара ке­ңес­ үкіметінен тыс халықаралық ұйым­дарға хат жаза бас­тағаны ақыр соңы­н­да өздеріне пәле болып жабыса­ды.­ Ал Айдар болса­ әпкесінен әкесі­ ту­ра­лы сұрайды. Оның есінде жал­ғыз­-ақ бейне қалған: әке­сін НКВД жен­деттерінің күштеп әке­тіп бара жат­қаны. Сонда екі-үш жа­сар Айда­рын­ ұстап анасы зарлап­ қалған да, түн­ ішінде жендеттер еңге­зер­дей­ әке­сін қара көлікке салып алып кет­кен.­ Тү­сін­­де де осы оқиғаны көреді Ай­дар. Му­зы­ка тыңдайтын, поэзияны те­рең­ түсі­ніп, жатқа соғатын, түрлі қа­бі­­­лет­ иесі ол сабақты да жақсы оқи­ды. Бала­лар арасында беделі зор, әді­летті, бір­беткей. Әкесін білмейді, бірақ.­ Әке-шешесі түскен суреттерді де қа­ра­йын­ десе, әкесінің бейнесі жоқ, қиып тас­та­ған... Орны үңірейеді де тұрады.

Тағы бір керемет деталь – әйтеуір сол 20-үйден болса керек, Айдар, Месқарын, Женя ағаш жәшікте тығулы жатқан тапанша тауып алады. Месқарын оны тамашалап тұрып байқаусызда басып қалғанда, оқ барып­ Сталин портретінің көзіне тиеді. Және ол жерде Сталиннің портреті толық көрінбейді, көз шарасының өзінен сол екені белгілі. Жоғары сынып оқушыларының атқан оғы соған тигенін көрмейсіз бе?.. «Осы жүйенің көзін құртпаса болмайды» дегендей емеурін бе дедік. Бірақ жазылған жеке хаттардың өзін ұстап алып отырғанда, тал түсте атылған тапаншаның үнін ешкім байқамай қалады. Неге? Өйткені дәл­ сол үй алдына атпен жүздеген қой­ айдап әкеліп, есік алды, аула у-шу болып жатқан. Бұған қоса ең сұм­дығы фильм соңында Айдар бастап бас­қа­ аудан балаларынан өш алуға ат­тан­ған тобыр темір жол бойы­мен бір қараң­ғы туннельге кіріп жоғалады. Ал туннельдің шам жанған кіреберіс маң­дайшасында Сталиннің портреті тұр.­ Портреттің екі шетіне шар ілін­ген,­ айналасы жап-жарық, әр жағы құр­дым. Туннельден аман шыға ма, жоқ­ па, белгісіз. Баяғыда «халық жау­лары» әйелдерінің жас балаларын ана­сынан айырып, суық, қараңғы бала­лар үйіне тоғытып қырған. Ал оның маңдайшасына «Бақытты бала­лы­ғымыз үшін Сталинге рахмет!» деп­ жазып қойған. Фильмнің финалы соны­ еске салады. Бір қызығы, кинода­ үлкен буын және балалар бар да, орта­ буын атымен жоқ. Есі ауысқан Жан­на­ға келіп жүрген бір қазақ жігіті бар,­ бітті. «Оның өзі біздің күніміз бітті» дейді бір сөзінде. Бұған қарап кино­ бастан-аяқ көңілсіз деп ойлауға бол­майды, көңілді тұстары жетерлік. Ой­натып отырып, ойландырып тас­тай­ды әр тұсында.

Тағы бір кейіпкер – Солнцелов! Ол­­ туралы кинотанушы Б.Нө­гер­­­бек: «Сергей Калмыков бейнелеу өне­рінде танымал «Совет авангарды» деген ағымның өкілі. Сталиндік репрессия қуғын-сүргіннің құрбаны ретін­­де айдалып келген болатын және өмі­рі­нің соңына дейін Алматыда бол­ды. Фильмде оның аты аталмайды. Күнұстар (Солнцелов) деп атап, мифо­логиялық кейіпкер ретінде бер­ген сыңайлы. Диалогте де «күнді ұс­тай­мын деп күйіп кетті» деген сөз айты­ла­ды. Ол қайтыс болған кезде оның үйі­нен басына шляпа, үстіне былғары жа­мылғы киген, түсі суық НКВД адам­дары жүреді. Қайда жүрсең де, тіпті­ өліп кетсең сені аңдиды деген мағы­на­ға­ саяды. Өздерімен бірге картина­ла­рын алып кетеді. Оның сурет сал­ғанын бақыласақ авангардтық, абс­тракциялық, кейде примитивті десек те болады. Кейіпкер фильмде­ бір­неше рет қана пайда болады,­ бірақ әрдайым мағынаға ие: Айдарды теп­кі­ден құтқарып қалады. Кейін қайтыс бол­ғанда Айдардың өмірге деген көз­қарасы өзгергенін байқаймыз. Осы­ған дейін ол мәселені күшпен шешу­ге тырысатын атаман болатын.­ Күнұстардың қайтыс болуы оған­ қатты әсер етеді де, өмірдің құн­ды­лығын, бағасын сезе бастайды. Сол­ себептен, нақты нені екенін біл­ме­се де, бір дүниені өзгерту керек екен­ді­гін түсінеді. Досы Женя біледі, ол­ джазға кетіп, өмірін сонымен бай­ланыстырады. Айдар білмейді, бірақ­ іштей сезім бар және жүгіру, ұм­ты­лыс арқылы символикалық түрде фильм­ді аяқтайды», дейді.

Балкон дегеннің өзі үйден шығып, айналаға көз жіберіп, ойлану. Басқа әлемге көз жіберу емес пе?