Өршеленген өрт Басаман және Семиозер орманына жайылып, өңірге экономикалық, экологиялық, әлеуметтік тұрғыда орасан зор зиян келтірді. Өз басым студенттік тәжірибе кезінен жақсы білетін ауылдар зардап шекті, ондаған үй жанып кетті. Адам шығыны болғаны қатты өкініш. Арбадағы үлкен кісі от ортасында қалыпты. Екі мекемеге қарасты 43 мың гектар орман түгелімен күйіп кетті.
Үкімет өрттен зиян шеккендерге жан-жақты көмек көрсетті. Алдағы уақытта өрт зардабын азайту мақсатында мұндай апаттың алдын алу іс-шараларын белгіледі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті құрған тексеру тобы әзірлеген құжат та дайын болды. Бірақ онда байыпты, салмақты қорытынды жоқ. Комиссия тобы өрттің қайдан, неден орын алғанын анықтаудың орнына, болмасыз басқа шараларға назар аударып кеткен. Оның ішінде өрттің шығуына байланысты аты-жөні жоқ бір ағаш даярлаушы топқа сілтеме жасай салған. Біз бұл комиссия салмақты шешімдер ұсынатынына әуел бастан сенген жоқпыз. Өйткені ол комиссияны жоғарыда аты аталған комитет өзінің аумақтық инспекцияларымен және олармен тығыз байланысы бар облыс басқармаларының қызметкерлерінен жасақтаған-ды. Бұл жағдайда олар өз кемшіліктерін ашық айтудан тартынуы мүмкін ғой.
Жақында Қостанай облысына осы мәселе бойынша тағы бір комиссия жіберіледі деп естідім. Оның қорытындысы кейін шыға жатар. Дегенмен өрттің көзі жөнінде екі ойлы болмаған ләзім. Оған сол күндері табиғи себеп болған жоқ. Мұны Ж.Балғынбекұлы 2022 жылы 19 қазанда «Қостанай таңы» газетіне жарияланған Төтенше жағдай министрі Ю.Ильиннің арнайы ақпаратымен де дәлелдеді. Дәл сол 3 қыркүйекте біз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына қатысу үшін Торғай жаққа бара жатқанбыз. Күн ашық, желді әрі ыстық болды. Аймақта мұндай жағдай үйреншікті болмаса да, әрәдік қайталанып тұратыны анық. Сондықтан «тілсіз жаудың» негізінде адами себеп жатқаны күмән тудырмайды. Ал бұл себептің қалай десек те орман қорын қорғау және орман шаруашылығын басқаруды ұйымдастыру ісіне тікелей байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Осыны ескеріп, орман шаруашылығын дамытуға және оған зиян келтіретін құбылыстардың алдын алуға бағытталған, сондай-ақ бүкіл басқару жүйесін басқаша ұйымдастыруды көздейтін ой-пікірімізді ортаға салмақпыз.
Орман шаруашылығы тарихына жасаған талдауымыз бойынша ормандардағы өрттер мен есепсіз ағаш кесу оқиғалары қандай жағдайда орын алатыны анықталды. Мемлекетте орталық орман басқару мекемесінің дәрежесі төмендеп, оған үкімет тарапынан көңіл бөлу азайған кезде, осындай апатты жағдайлар көбейіп кетеді екен. Ресей мен біздің елде мұндай жағдайлар үш рет: Қазан төңкерісінен кейін, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және нарықтық қатынастарға көшу жылдарында орын алды. Бірақ бұдан орман шаруашылығы өз заманында дамудың дұрыс жолын таба алмады деген ой тумауы керек.
Тәуелсіздік жылдарында орман тәлімбақтарының басым көпшілігі істен шықты. Орман тұқымын жинау ісі тоқтап қалды. Ағаш отырғызудың жылдық көлемі 10 еседен артық азайды. Осы күнге дейін оның көлемі кеңестік көрсеткіштердің деңгейіне жеткен жоқ. Бұл бағыттағы 25 жылдан бергі жалғыз жетістігіміз ретінде Астана төңірегіндегі жасыл белдеуді ғана айта аламыз. Дей тұрғанмен, оның өзінің көлемі 1975 жылғы немесе 1979 жылғы бір жылда егілген орман көлемінен сәл-ақ артық.
Орманға байланысты мамандыққа оқып жатқан жастар мен ол саладағы қызметкерлерге тағайындалған барлық жеңілдік алынып тасталды. Олардың жалақылары қазір басқа саладағы қызметкерлердің алатын айлығынан әлдеқайда төмен. Орман мекемелері басшылары мен қызметкерлерінің жалақылары 70-120 мың теңгеден аспайды. Күн сайын өсіп жатқан қымбатшылық кезінде мұндай айлық жоғары оқу орнының түлектерін еш қызықтыра алмайды. Сондай-ақ болашақ орманшылар осы уақытқа дейін «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарламаға да кіргізілмей келеді.
Үлкен экономикалық дағдарыс пен сансыз рет қайталанған басқару реформаларынан ауыл, су, орман және балық шаруашылықтары ерекше зардап шекті. Нарыққа өту қарсаңында республика бойынша аграрлық бағытта оннан аса сала жұмыс істеп тұрғанын көнекөз қызметкерлер жақсы біледі. Олар еліміздің ішкі жалпы өнімінің 40%-ын қамтамасыз етіп отырған. Бірақ бұл салалардың біразы 1992 жылы таратылып, қалғаны министрлік деңгейін жоғалтып, қатардағы комитеттер мен басқармалар кейпінде жаңадан жасақталған Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология және биоресурстар министрлігінің қарамағына берілді. Сол кезден бастап еліміздің алып аумағы мен халқының 40%-ы атынан Үкіметте тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана ресми өкілеттік жасайды. Республикада адам санынан кейін өте тапшы деп есептелетін су, орман және балық ресурстарын ұлғайта өсіруге бағытталған бұл өндірістерде жеке өзін-өзі басқару құқығы жоқтың қасы. Бұл салалар өткен 30 жыл ішінде жоғарыда айтылған министрліктердің арасында 13 рет қақпақылға түсті. Олар әр ауысудан кейін жаңа мекемелер мен өндіріс орындарын ашып, өнімді көбейтіп, сапасын жақсартып, технологиялық құрал-жабдықты жаңғырта аламыз ба деп дәмеленді. Бірақ олай болмай, қайта мәртебелерінен басқа ерекшеліктерінен, мамандануынан, қақылары мен кадрларынан біртіндеп айырыла берді. Оларда істейтін көрнекті ғалымдар мен өндіріс өкілдерінің бұл салаларға не агенттік, не министрлік түрінде жеке мәртебе беру туралы Президент, Парламент пен Үкіметке жазған бірнеше өтінішіне ешқандай жауап болған жоқ.
Түптеп келгенде, ұжымшар, кеңшарлардың, ауылды жерлердегі басқа өндіріс орындарының жабылуы жұмыссыздықты көбейтті, жастардың қалаға бет алуына жол ашып, заң бұзушылық пен бұзақылық үдеді. Бұлардың соңы аграрлық саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 4%-ға дейін төмендетіп тынды.
Басқару құрылымын бұрынғы агроөнеркәсіп кешеніне ұқсата ұйымдастыру тіпті екінші деңгейдегі органдарға да кіргізілді. Мысалы, 1992 жылы құрылған Орман шаруашылығы комитеті алдымен тек өз саласын басқарса, кейін оған аңшылық, одан соң балық шаруашылығы қосылды. Содан бері бұл комитет бір рет Үкімет қарамағында, ал алты рет басқа монстр-министрліктердің құрамында болды. Қазір ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бағынады. Бұл мекеме үш қайнаса сорпасы қосылмайтын салаларды басқарып отыр. Мысалы, экология – жалпылама, салалардың бәрінің үстінен бақыланатын іс. Оның геология мен табиғи ресурстар бағыты да технологиялары жанаспайтын өндірістер мен қызметтерге жатады.
Бұдан екі жылдай бұрын республика бойынша алдағы жылдары 2 млрд ағаш отырғызылатыны хабарланды. Бұл – мамандары аз осындай министрліктерден ғана шығатын жалаң, орындалуы неғайбыл көрсеткіш. Әрі ол – қанша айтуға жағымды көрсеткіш болғанымен, орман шаруашылығы қызметінің жүзден бір бөлігіне де жетпейтін іс. Кәсіби мамандар оған ең болмағанда қанша орман алқабы қай жерлерде құрылатынын қосар еді. Сонда ғана ол едәуір салмаққа ие болып, нанымды көрсеткіш ретінде қабылданар еді.
Ормандарымыздың барлық аймақта шашыранды орналасуы, инфрақұрылымдардың нашарлығы, экономиканың әлсіздігі, құқықтық мәдениет пен басқару деңгейінің төмендігі жоғарыда көрсетілген шындықтарға қосыла келіп, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қалай болғанда да өз мүмкіндіктерінен артық істерге шамасы келмейтінін анық көрсетеді. Мұндай жағдайда ормандар мен орман шаруашылығын тұрақты дамыту ісіне оларды басқаруды республика бойынша екіге бөліп жіберу де едәуір кедергі келтіреді. Мысалы, олардың 80%-ы 17 облыс әкімдігіне, 20%-ы ғана аталған комитетке қарауы орман шаруашылығында ғылыми-техникалық үдерістің нәтижелерін енгізуді орындалмайтын арманға айналдырып жібереді. Сол себепті осы уақытқа дейін бұл саладан кеңес заманының техникалары мен оларға есептелген нормалар мен нормативтер қолданыстан әлі шығарылмай келе жатыр.
Көп мемлекетте орман шаруашылығын тұрақты жүргізу олардың президенттері, парламенттері не үкіметтері бекіткен Орман кодекстері, Ұлттық бірегей орман саясаты және ұзақ жылдарға арналған орман шаруашылығын дамыту стратегиясы арқылы жүргізіледі. Бізде бұлардың біреуі, тек Орман кодексі ғана бар. Оның өзі өте қажет орман өсіру, күтім жасау, қорғау жұмыстарынан гөрі, орманды пайдалану жағын басымырақ бағыт етіп жіберген. Мұны ормандары өте көп Ресей Федерациясының Орман кодексінен ауысқан ережелер деуге де болады.
Бұдан 13 жыл бұрын біз орманы өте аз өз елімізге лайықты Ұлттық бірегей орман саясатының жобасын жасап, аталған комитетке жіберген едік. Бірақ оның бұл құжатты жоғарғы кабинеттерде бекіттіруге шамасы келмеді.
Орман шаруашылығы ұзақмерзімді жоспарлармен де дұрыс жұмыс істеді дей алмаймыз. Алғаш дайындалған «Қазақстан ормандары» бағдарламасы 12 жылдан кейін (2004) зорға бекітуден өтіп, бір жылдан кейін «Жасыл ел» және «Жасыл даму» бағдарламаларына ауыстырылды (2005-2014). Бірақ бұларды басқару мамандандырылған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне берілмей, Білім және ғылым министрлігі арқылы жүргізілді. Студент жастар орталығы оқу арасындағы демалыс кезінде ағаш отырғызу істері көптеп жүргізілгенін анда-санда жария етіп тұрды. Бірақ олардың қаншасы қай жерде өсіп тұрғанын, жалпы нәтиже қандай екенін қазір анық айту қиын.
Орман саясатын зерделеп жүргеніме жарты ғасырдан асса да, соңғы 30 жыл ішінде осы саланың келелі мәселелерін қараған бірде-бір Үкімет отырысын есіме түсіре алмаймын. Әрине, жұмыс барысында қабылданған шешімдер болды. Бірақ оларды да бір бағытты, орман шаруашылығына жағымды болды дей алмаймын. Олардың ішіндегі ағаш кесуді қылқан жапырақты және сексеуілді ормандарда тоқтата тұруға, ағаштарды шетелдерге шығаруға тыйым салуға бағытталған бөлігі саламызға пайдалы болды. Ал халық мұқтаждығын азайтатын 100-ден аса жергілікті ағаш шеберханасын жойып жіберуді, 120 орман мекемесін коммуналдық меншік облыстық әкімдіктерге таратуды, Семей облысының 11 орман мекемесі мен Павлодар облысының 2 мекемесін қосып, басқаруға беруді, 650 мың және 250 мың гектар аумақты бар екі резерватқа айналдыруды дұрыс шешімдер қатарына қосу қиын. Бұл шешімдер 30 мың орман шаруашылығы қызметкерінің санын екі еседен де артық қысқартып, 14 мыңға дейін кемуіне әкеліп соқты.
Еуропа елдерінде ормандарының жалпы көлемі біздің елдегідей. Польша мен Түркияда жеке орман мекемелерінің орташа аумағы 18-24 мың гектардан аспайды. Олардың жалпы саны 420-450 шамасында. Бізде ондай мекемелердің саны 150 ден аспайды. Кейбір төменгі құрамға жататын орман мекемелерінің көлемі 1 млн гектардан асады. Ал жеке орманшылардың орман қорғау учаскелерінің аумағы 40 мың гектарға жетіп жығылады. Сондықтан ормандарды сақтау мен олардың көлемін ұлғайтып, жаңғырту – жоғарыда жайлы кабинеттерде отырған кейбір шенеуніктер ойлайтындай оңай шаруа емес.
Орман ішіндегі әрбір ағаш – тірі организм. Оларды табиғаттың қандай да өзгерістеріне төтеп беріп, кем дегенде 60-120 жыл қозғалмай «бір орнында» өсуге жазған. Қыста мал секілді қораға қамап, жазда жайлауға айдай алмайсың. Өрт болса, басқа қауіпсіз жерге де көшіре салуың мүмкін емес. Көпшілік осыны түсіне бермейді. Қолданылып жүрген орман өсіру технологиялары да ескірді. Олар әлі бұрынғы дағды бойынша бір ағаш түрінен тығыз әрі тұтас үлкен аймақтарға егіліп жатыр. Бірақ бұл әдіс, күтімдік жұмыстар көптен тоқтап қалған біздің жағдайымызда, экстенсивтік жолға айналып, жасаң ормандарымыз өртке өте қауіпті нысандарға айналып барады. Мысалы, қаржы-экономикалық басқару органдары соңғы 20 жыл бойы күтімдік кесулердің жарықтандыру, сирету секілді балауса ормандарға жүргізілуге тиіс түрлеріне Орман кодексінің 110-бабының 8-тармағында көрсетілген қажетті ақша бөлу ережесіне қарамай бір тиын да бермей келеді.
Осы уақытқа дейін өсіп тұрған ағаш та өте арзан сатылады. Оның бір текше метрі орта есеппен қазір 850 теңгеден аспайды. Ал ол құлатылып, бөренеге айналғанда 20-25 мың, тілінген соң 40 мың теңге кіріс әкеледі. Бірақ олардың бәрі мердігердің қалтасына кетеді.
Жалпылай есептегенде, бір жылда 1 млн текше метр ағашты кесуге берген рұқсаттан республика мен облыс бюджеттеріне 850 млн теңге ғана түседі. Ал мемлекеттің орман шаруашылығына жіберілетін шығыны 25-28 млрд теңгеден асады. Сондықтан аз да болса одан мемлекетке түсетін қаржы көлемін көбейтуге жол ашу керек. Біз осы мәселені талай көтеріп, өсіп тұрған ағаштарға жаңа деңгейдегі баға жүйесін ұсынсақ та, жоғарғы орындардың бірде-бірінен қолдау таппадық.
Орман шаруашылығы қызметкерлері түсінбейтін тағы бір мәселе мынау. Олар өмір бойы мәпелеп өсірген ормандар піскен кезінде, оған еш қатысы жоқ басқа жеке арендаторлар қожа болып шыға келеді де, барлық пайда солардың қалталарына түседі. Ал орман мекемелері мен қызметкерлерінің еңбегі еш болып, ол пайда еліміздің ішкі жалпы өніміне жасаған үлесі ретінде де кірмей, олар құралақан қалады. Бұл былайша айтқанда, егіншінің егінін піскен кезінде басқа адамға тартып әпергенмен тең іс.
Шындығына келсек, Қостанай облысындағы орман өртінің шығуы Президенттің осы өңірге сапарына сәйкес келіп, оның өрт сөндіру ісі мен зардабын азайтуға тікелей басшылық етуіне байланысты резонанс алды. Бұрын ондай, одан да зор өрттер республиканың біраз өңірінде талай рет болған. Бірақ олар зиянды болғанымен, үйреншікті құбылыс секілді көрінетін. Мысалы, сондай өрттің бірі ертеректе Ертіс жағалауындағы қарағайлы ормандарда шығып, оны өшіруге қатысқан екі адам тірідей жанып кетсе де, бұл қайғылы оқиғаға аса көп мән берілмеген еді. Олардың отбасыларына қаржылай көмек те берілмеген, өздері де еш марапатсыз қалды.
Орман мен табиғатты қорғау қызметкерлеріне бір жарым жылдан бері ғана көңіл аударыла бастады. Алғашқылар қатарында браконьерлерді ұстауға қатысқан екі адамға, бірі марқұм болғаннан кейін мемлекеттік наградалар мен материалдық көмек тапсырылды. Бұған дейін бұл сала бойынша талай өз ісіне берілген, үлкен еңбек сіңірген мамандар бола тұрса да, өткен отыз жыл ішінде бірде-бір қызметкер Үкімет тарапынан марапатталғанын естіген емеспіз.
Біз болған өртті сөндіруге әскери қызметкерлер мен төтенше жағдай қызметкерлерімен қатар жергілікті орманшылар да өрт сөндіруге ерлікпен қатысқанына еш күмән келтірмейміз. Бірақ олар бұрынғы әдетпен бұл жолы да марапатталғандар санатына ілінбей қалды.
Өкінішке қарай, орман шаруашылығының мамандары жоғарыда көрсетілген көп себептерге байланысты жыл сайын азайып келеді. Біздің есебіміз бойынша басқарушылар арасындағы мамандар алғашқы 20 жыл ішінде (1993-2013) 50%-ға азайды. Олардың орнына орманға ешқандай қатысы жоқ мамандар келді. Алдымен орманшы мамандарды жойылған ұжымшар мен кеңшарлардың бастықтары мен партия қызметкерлері ығыстырды. Қазір бұл саланы биология мамандары мен экологтер, табиғатты жақсы көретін қарапайым азаматтар өздерінікі деп есептейді. Оны Қостанайдағы өрт күндері газеттерде жазылған мақалалардан да анық байқауға болады. Олардағы сұхбат жергілікті орманшы қызметкерлерден емес, сондағы бір экология белсендісінен алыныпты.
Қорыта айтқанда, біздің елдегі экономика салаларын басқару жүйесі оларды мамандандыру тұрғысынан қарасаң да, жетекші кадрларды тәрбиелеу, таңдау және бекіту тұрғысынан қарасаң да ақаусыз емес екенін мойындаған дұрыс. Осыған қарамай экономикаға тікелей қатысы бар бұл келелі мәселе осы уақытқа дейін жан-жақты талданып та, жарияланып та көрген жоқ.
Біздің ойымызша, нарық заманында жеке салаларға дара дамуға мүмкіндік беру керек. Ол саланың жақсы мамандарды тәрбиелеп өсіруіне, жұмысын өз бағытында тиімді ұйымдастырып, өндірісті ғылыми-техникалық жаңалықтар негізінде өркендетуге жол ашады. Мұндай шешім, әсіресе, дамуы кешеуілдеп қалған су, орман және балық шаруашылығына ауадай қажет. Олар республикамыздың түкпір-түкпіріндегі аң, құс пен ормандарды, өзендер мен көлдерді, жаңбыр мен қар, жерасты суларын, сан алуан балық пен өсімдік түрлерін қорғап, көбейте түсуі керек. Өткен ғасырда республикамыздың бесінші түлігі секілді саны 1 млн 300 мыңға жеткен ақбөкенді екі рет жойып ала жаздағанымызды қалай ұмытамыз.
Елімізде су да тапшы. Бірақ оны үнемді жұмсауды әлі бастаған жоқпыз. Бұрын анықталған жер астындағы теңіздеріміз игерілмей жатыр. Каспий мен Оралдағы бекірелер мен басқа балықтардың, дәрілік өсімдіктердің де шешуі кезек күттірмейтін мәселелері жеткілікті.
Өткен жылдардағы кадрлық шешімдердегі жіберіп алған қателіктер сайып келгенде бір жағынан қатардағы қызметкерлердің өз басқарушыларына жағымпаздығын күшейтіп, екінші жағынан соңғылардың қарамағындағы адамдарға менмендік пен өктемдік жасауына әкеліп соқты. Бұлар қосыла келіп, қоғамымыздың үлкен былығы болып есептелетін алым мен сыбайлас жемқорлықтың таусылмас көзіне айналды. Бірақ бұл былықтан бізді жай сынау немесе министрлерді орнынан алу секілді шаралар құтқара алмайды. Одан тек тереңде жатқан себептер мен қателерді анықтап, бәсекелі ортада ашық сайлау өткізіп, кәсібилік пен біліктілікке мән беріп, демократиялық дамудың принциптерін алға шығарсақ қана құтыла аламыз. Сонда ғана әділетті Қазақстан орнағанына толық сенетін боламыз.
Сәбит БАЙЗАҚОВ,
ҰҒА академигі