Тарих • 28 Наурыз, 2023

Қаһарман Бақыт Байжанов

431 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Зұлмат соғыстың тигізген зардабы орасан екені даусыз. Миллиондаған адамның өмірін жалмайтынына да көне тарих куә. Бүгінгі қоғамның сол соғыстағы Түркістан легионына деген көзқарасы әлі күнге екіұдай күйде қалып отыр. Соғыс жылдарында Түркістан легионында қызмет еткен қазақтар жөнінде мәліметтер әлі толық зерттелген жоқ.

Қаһарман Бақыт Байжанов

«Өз адамдарымызға оқ атпаймыз»

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ­талғанына жиырма жылдан кейін рес­пуб­ликалық «Казахстанская правда» га­зетінің 1965 жылдың 25 шілде күнгі санында әділет генерал-майоры Б.Вик­то­ровтың «Архивтегі іс» атты мақаласы жария­ланды. Мақалада сол кезеңдегі жа­бық тақырыптардың бірі Түркістан легио­ны қатарында болған жауынгер Бақыт Байжанов хақында баяндалған. Ав­тор мақаласында қазақ жауынгерінің то­лық өмірбаяны, оның туған жері, ата-ана­сы, туған-туыстары да әзірше белгісіз деп атап өтеді.

Сұрапыл соғысты Бақыт Байжанов елдің батысындағы шекара заставасынан қарсы алады. Соғыстың алғашқы күн­де­рінің бірінде шекарашы Бақыт күші басым жау қолына тұтқынға түскен. Қол­ға түскен әскери тұтқындармен бір­­ге лагерьден лагерьге ауысады. Ал 1941 жылдың күзінде Варшавадан 12 шақырым жердегі Легионово әскери тұт­қындар лагеріне әке­лі­неді. Осы лагерьде ол Түркістан легио­ны қатарында кіші командирлер даяр­лайтын  курстан өтеді. Содан соң взвод ко­ман­дирі болып тағайындалады.

1942 жылдың желтоқсанында оң­түс­тік-батыс майдан шебінен Қызыл әскер құрамына Түркістан легионы қатарында еріксіз қызмет еткен қазақ әскери тұт­қын­да­рының үлкен бір тобы өтеді. Өйткені бұл жауынгерлер кеңес одағына қарсы со­ғысудан бас тартып, кеңес әскер құра­мы­на қайта қосылады. Бұл топтың майдан шебінен өтуге басшылық жасаған Бақыт Байжанов болатын.

1942 жылдың қыркүйек айында Бақыт Байжанов қызмет еткен Түркістан легионы құрамындағы батальон майдан шебіне әкелінген. Ол ротасындағы әрбір легионермен жеке сөйлесіп, «Өз адам­дарымызға қарсы оқ атпаймыз. Мен басқа командирлермен байланысып, не істейтінімізді анықтап, шешімін ай­та­мын» деген бағытта үгіт-насихат жүргізген.

Б.Байжанов жақын маңдағы деревня тұрғындарымен байланыс орнатып, легионның басқа бөлімдері қай­да орналасқанын біліп алады. Кейін жер­гілікті тұрғындардың көмегі­мен пар­­­­ти­зандармен байланыс орнатады. Пар­­тизандар арқылы алынған Совин­фор­мбюроның хабарларын, листовкалар мен газеттерді легионерлерге та­ра­­тып отырған. Өкінішке қарай, фашистер Бақыт Байжановты бір түнде тұтқындаған. Сол сәтте одан жойып үлгермеген кеңестік листовканы тауып алады. Фашистер Б.Байжановты азаптап, қинағанымен, қажетті мәліметтерді ашып айтпаған. 1942 жылдың желтоқсанның басында Бақыт Байжановты Воронеж облысының оңтүстігінде орналасқан Богучар қаласының түрмесінде өлім жазасына кескен.

Бақыттың ерлігі мен өлімі легион жауынгерлерінің мұқалмас күш-жігері мен асқақ рухын одан сайын жани түс­кен. Оның дәлелі – желтоқсанның 19-ына қараған түнде Б.Байжановтың астыртын тобы мәжіліс өткізіп, майдан ше­бі­нен шабуыл басталған кезде Қызыл әскер бөлімдеріне өтуге бірауыздан ше­­шім қабылдауы. Алдыңғы шептегі бөлімдерге хабар беру үшін ең сенімді деген жауынгерлерді жіберу ұйғарылған. Оларға жаудың атыс нүктелері мен қорғаныс шебінің осал тұстары туралы, легионерлердің майдан шебінен өту­дің белгіленген дабылын жеткізу тап­сы­рыл­ған.

Бұл тапсырманы орындау қатардағы легионерлер Нығмет Табишкин, Құрмаш Мұхамежанов, Мұсабай Малыбаев пен Асқар Әлиақбаровқа жүктеледі. Тапсырма алған олар екіге бөлініп, май­дан шебінің әр тұсынан Қызыл әс­кер­дің алдыңғы шептегі бөлімдеріне аман-есен жеткен. КСРО Қорғаныс минис­трлігінің архивінде Дон өзенінің аума­ғында оңтүстік-батыс майданның Қызыл әскер бөлімдеріне Түркістан легионы қатарындағы 193 қазақ және өзбек жауынгерінің өткені туралы құжат сақталған. Олардың көпшілігі кейін қолына қару алып, неміс-фашистеріне қарсы ерлікпен соғысты. Легионерлер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қашуды ұйымдастырғандар КСРО Ішкі істер халық комиссары Л.Берия­ның жеке ұйғарымымен кеңестік то­­зақ лагерьлеріне айдалды.

Ең өкініштісі, бұл әділетсіздік тірі­лер­мен бірге ерлікпен қаза тапқан Бақыт Байжановты да айналып өтпеді. Оның есімі ұмытылып, оған және легион қатарында болған жазықсыз тұтқындарға «сатқын» деген қарғыс таңбасы басылды. Ал 60-жылдардың ортасында Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік ко­ми­тетінің (МҚК) кейбір облыстық бас­қармалары мен Приволжск әскери окру­гінің тергеушілер тобы бұл архив ісін қайта қарап, Б.Байжановқа қатысты ақи­қатты қалпына келтіру жұмысын ат­қар­ған. Алайда қазақ жауынгерінің ерлігі туралы мәліметтің егжей-тегжейі әлі күнге толық анықталған жоқ.

 

«Байжановты мен танимын...»

1965 жылдың 12 тамыз күні Қазақ КСР Қо­ғам­дық тәртіпті қорғау министрлігіне қарас­ты Алматы қаласындағы №1 тергеу изоляторында қамауда отырған Рахим Алмасов деген азамат КСРО Министрлер Ке­ңесі жанындағы Мемлекеттік қауіп­сіз­дік комитетінің төрағасына хат жаз­ған. Хатта «Казправда» (25.07.1965) га­зе­тіндегі мақаланы оқығанын, онда есімі аталған Түркістан легионы взводында бірге болған ерлік иесі Бақыт Байжановты жеке білетінін, бұл туралы мақала авторына хабарлауды немесе қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Б.Байжановтың ерлігі туралы қайда жа­зуға болатынын назарға ұсынған. Жа­зыл­ған хаттың көшірмесіне Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мем­ле­кет­тік қауіпсіздік комитеті подпол­ков­нигі Милаванов қол қойған.

Ал 30 тамызда Қазақ КСР Қоғамдық тәр­тіпті қорғау министрлігінің тұтқын орын­дарының басқармасына қарасты №1 тергеу изоляторының бастығы, ма­йор Егоровқа жазған хатында: «Легион қатарында Байжановпен бірге кіші командирлерді даярлайтын мектепте бірге оқыдым. Мектепті тәртіпсіздігім үшін аяқтамадым. Кейін Байжанов взво­дында сарбаз қатарында болдым. 1942 жылдың қазан айында Түркістан легионының үш батальоны Кубан ауданы мен Дон бойындағы майданның алдыңғы шебіне келіп орналасқан соң, Байжанов легио­нерлерге өзінің бұйрығынсыз кеңес әскеріне қарсы оқ атпауды бұйырды. Мұны «жоғарыдан» келген бұйрыққа сүйеніп айтып тұрғанын легионерлерге ескертті. Байжанов легионерлер арасына листовкалар мен газет таратты. Кейін сезіктенген фашистер оны тұтқынға алды. Б.Байжановты Богучар қаласына алып кетті. Бірақ кейін Острув-Мазовецка қаласындағы (Польша) №333 шталагта ату жазасына кесілді деген әңгіме тарады. Байжанов взводындағы 60-қа жуық сарбаз алдыңғы шептен алынып, Варшавадан 90 шақырым жердегі тылға жіберілді. Менің Сьедельсе лагеріндегі нөмірім – №8661. Кейін басқа тұтқындармен бірге Бухенвальд лагеріне жіберді. Миесте Алтмарк елді мекенінде немістің бауэрі қарамағында жұмыс істедім.

Бақыт менімен әңгімесінде Астрахан­нан екенін айтқан еді. Бірақ қай аудан­да тұрғанын айтпады. Оны танитын З.Салықов Іле ауданының Октябрь ұжым­шарында, Нұрбаев Казправдада (Ка­мыш­­завод) тұрады. Ал бір азамат Қа­зақ КСР Ғылым академиясында қойма меңгерушісі. Бақыт өзі ұзын бойлы, жұ­қалтаң. Қайда жерленгені белгісіз. Неміс тілін жақсы біледі. Өзім тұтқыннан босағаннан кейін Қызыл әскер қата­рын­да қызмет етіп, 1947 жылдың жел­тоқ­са­нын­да әскер қатарынан босадым», деп баяндаған.

1965 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мем­лекеттік қауіпсіздік комитеті хат­шы­лы­ғының бастығы, майор Нелидов атына Қазақ КСР Қоғамдық тәртіпті қор­ғау министрілігіне қарасты тұт­қын орындарының басқармасы басты­ғы­ның орынбасары, подполковник И.Родиннен қатынас қағаз келген. Қа­ты­нас қағазда «Казахстанская правда» газетіне жарияланған әділет генерал-майоры Б.Викторовтың мақаласында айтылғандай, Б.Байжановтың ісімен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанын­да­ғы МҚК қызметкерлері айналысып жатқандығын, осыған орай басқармаға қарасты мекеме түрмесіндегі тұтқын Р.Алмасовтың 7 беттік хатын жолдағанын мәлімдеген.

Рахим Алмасов 1922 жылы туған. Ол – Алматы облысындағы Іле ауданына қарасты Октябрь ұжымшарының тұрғыны. 1965 жылы Қазақ КСР Қыл­мыс­тық кодексінің 93-бабы (қасақана ауыр дене жарақатын салу), 136-бабы (алаяқтық) 178-бабы (мөрлер, штамптарды және бланкілерді қолдан жасау немесе ұрлау), 200-бабымен (бұзақылық) қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 1965 жылдың шілде айында істі болған Рахим Алмасов Алматы қаласы Совет ауданының халық сотының шешімімен Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 136-бабы (алаяқтық) бойынша 8 жылға сот­тал­­ған.

 

«Ар-намысымды өлтіре алмайсыңдар...»

1941 жылы желтоқсан айында Р.Алма­­сов Алматы облысының Іле аудан­дық әскери комиссариатынан Қы­зыл әскер қатарына алынған. Ал 1942 жыл­дың нау­рыз айына дейін Алматы қа­ла­сындағы 343-атқыштар полкі құра­мын­да қызмет еткен. Наурыз-маусым аралығында оңтүстік-батыс майданында ұрыс қимылдарына қатынасқан. 1942 жылдың маусым айында Дон өзені аумағындағы ауыр ұрыстардың бірінде тұтқынға түскен. Тұтқындарды Корольково станциясында ұлтына сәйкес бөліп, Ровно лагеріндегі мұсылмандарға әкеліп қосады. Осы лагерьде алғаш рет Бақыт Байжановпен кездескен. Кейін оларды Украинаның Сумы облысы Ладан елді мекеніне аударады. Осы жерде Р.Алмасов алғаш рет Бақытпен тілдескен. Варшава қаласындағы кіші командирлер даярлайтын мектепте бірге оқып, жиі кездесіп тұрған.

Р.Алмасовпен арадағы әңгімеде Бақыт өзінің 1920 жылы Астрахан қаласында дүниеге келгенін, сол жерден 1939 жылы әскер қатарына шақырылғанын, шекара заставасында қызмет атқарғанын айтқан. Отбасынан тек бауыры туралы әңгімелеген. Аталған мектепте ай жарымдай оқыған Б.Байжанов құрамында Р.Алмасов болған взводтың командирі лауазымына тағайындалады. Осы кезде өз тарапынан легионерлерге әскери жаттығу жұмыстарын бар мүмкіндігінше неміс нұсқаушыларынан қашықта оқы­ту­ға тырысқан. Түркістан легионы майдан ше­біне жеткеннен кейін Қызыл әскер қа­тарына өтіп кететіні, майданда неміс­тер­дің жағдайы жақсы еместігін ашық айтқан.

Байжанов әрдайым жергілікті тұрғын­дар­мен фашистер сияқты әрекет етпеңдер, дұрыс қарым-қатынас жасаң­дар деп ескертіп отырған. Ұрыс қимылдарының ба­рысында партизандарды ұстаған жағ­дай­да бірден немістер жоқ аймаққа өткізіп жіберу туралы кеңес берген. «Ұлттық» атауымен құрылған астыртын ұйым мүшелері Р.Алмасов (қазақ), Құлымбетов (қазақ, Көкшетау облысы), Сағат (қазақ, ст. Балқаш, Қазақ теміржолы), Қасым (Интернационал, Қаскелең ауданы, Алматы облысы), Мәсімхан, З.Салимов (Алматы облысы, Іле ауданы), Бабыш Нартаев (Қырғыз КСР, Жалалабад облысы, Алабухин ауданы, Фрунзе ұжымшары), бір азамат Қазақ КСР Ғылым академиясында қоймашы, 50 жас­та» деп жазған Р.Алмасов.

Оған «Астыртын ұйым басшысы Б.Бай­жановтың орынбасары кім болды?» деген сұрау қойылған. Бұған былайша жауап берген: «Ұлттық астыртын ұйымды Бақыт Байжановтың өзі бас­қар­ды».

Р.Алмасовтың 1966 жылдың 24 нау­рыз күні Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы МҚК төрағасына жазған түсініктемесінде: «...Қазан не қараша айын­­да легионда «Ұлттық» атауымен астыртын ұйым жұмыс жасайтындығын естіп, білдім. Түркістан легионында фашис­терге қарсы күресу үшін «Ұлттық» атаумен астыртын ұйым құрылды. Бұл ұйым­ның командирі отанының пат­риоты Бақыт Байжанов болатын. Оны 1942 жылдың желтоқсанында фашист жендеттері өлтірді. «Ұлттық» астыр­тын ұйымның мақсаты – неміс әске­ри басшылығының өздеріне берілген қа­руы­мен фашистерге қарсы шығу. Бар мүмкіндікті пайдаланып, кеңес әскеріне қосылу, неміс-фашистері әскері ты­лын­да­ғы бөлімдерінің ішіне іріткі салу мен күш-қуатын әлсірету. Олар қымбат­ты да құнды өмірін фашизмге қарсы кү­рес жолына арнады.

Ұйым фашизмге қарсы аяусыз күрес жүргізді. Легионерлер отанына қарсы соғысқысы келмеді. Бақыт өзі қаза тапса да, астыртын ұйым жұмыс жасай бере­тін­дігін бірнеше рет айтқан болатын. Немістер күз айында легионда астыртын ұйымның жұмыс істейтіндігін білген сияқ­ты. Күзде екі легионерді ату жазасына кесіп, екеуін концлагерьге жіберді. Қараша айында біздің бөлімді Дон өзені жағалауындағы майдан шебінен 80-100 км жерге алып келді. Екі апта бойы қорғаныс шебін салу жұмыстарымен айналыстық. Екі аптадан кейін бізді по­йызбен тылға алып кетті. Пойызда Бақыт 2-вагонда, ал мен 4-вагонда болдым.

Жолда Бақытты екі неміс унтерофи­це­рі мен екі фельдфебель тұтқындады. Межелі жерге дейін оны немістердің күзет взводы орналасқан вагонмен алып келген. Бұл туралы маған басқа легионерлер айтып берді.

Менің қысқаша тарихым міне, осындай. Сіздерді хабардар етемін. Кешіріңіз, 24 жыл өтті, еске түсіру өте қиын. Бұл сіздерге түсініксіз, бұны керекті адреске жолдаңыз», деп аяқталған түсініктеменің соңында тұтқын Алмасов деп қол қойған.

Оның түсініктемесіне қарағанда, астыртын ұйым мүшелері Б.Байжановтың бас­шылығымен Польша жеріндегі Вилямино селосы маңындағы поляк пар­­ти­зандарымен байланыс орнатқан. Олар­дың көмегімен Зигрзе селосында қару-жарақ қоймасын жарып жіберген. Киевтен 70 шақырым жердегі тар табанды теміржолды, Ладаннан 18 шақырымда тұрған оқ-дәрілер тиелген 2 вагонды жарып жіберуге тапсырма берген.

«Тағы бірде 1942 жылдың қараша айын­да немістер майданға жөнелту үшін химиялық жылыту жастықшалар (грелка) тиелген екі вагон дайындады. Бақыт жалған құжаттар дайындаған сияқты. Соның нәтижесінде вагондар басқа ба­ғыт­қа кетіп, партизандардың қолына түс­кендігін естідім. Бұл фактіні тексеру керек», деп жазған Р.Алмасов.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жа­нын­дағы Мемлекеттік Қауіпсіздік ко­ми­тетінің Семей облысы бойынша аға жедел уәкілі Родченко Р.Алмасовтың айтуымен толтырған құжатта Бақыт Байжановты былайша сипаттайды: «Бойы 170 см, арық, қараторы, жұқалтаң келген, дауысы жайлы және қатқыл. Саптық жаттығу сабақтарын өткі­зу барысында жұдырығын түйіп алып, қысатын. Бұл оның қолында бір нәр­се бардай әсер қалдыратын еді».

«Тұтқындалғаннан кейін Бақытты біз Легиново станциясында көрдік. Бақыт бас киімсіз, қолы артында кісендеулі болды. Біздің саптың бағытымен оны алды-артынан төрт неміс солдаты күзетпен алып өтті. 1942 жылдың желтоқсан айының басында бізді алаңға үш қатар төрт бұрышпен сапқа тұрғызды. Сағат 10:00 шамасы болатын. Күн бұлыңғыр болып тұрды. Саптың ортасында түрменің үсті жабық жүк машинасы мен үстінде дыбыс күшейткіші бар жеңіл көлік машинасы тұрды. Шағын трибуна үстінде неміс әскерінің екі подполковнигі мен бір капитан және ұлты қазақ легионер Вали-Каюм ханның орынбасары, майор Бекетов болды. Олардан сәл алысырақ жерде каска киген бір взвод неміс солдаттары сап түзеп тұрды. Трибунаға жақын жерде төрт фашист күзеткен Бақыт тұрды. Бір байқағаным, төрт фашистің екеуінің бойының ерекше ұзын болғаны да есімде қалды.

Байжановтың үстінде ескі қызыл әскер гимнастеркасы мен кең шалбар, аяғында ағаштан жасалған шәркей болды. Алдымен неміс подполковнигі, кейін ма­йор Бекетов бұйрықты оқыды. Бұйрықтың нөмірі 62 не 162. Сап алдында оқылған бұйрықтың мәтіні бойынша Байжанов неміс әскеріне қарсы күрес жүргізіп, коммунистер және партизандармен, Қы­зыл әскер бөлімдерімен байланыс­та бол­ған. Түркістан легионында қарулы көте­ріліс ұйымдастырмақшы болған. Бұйрық бойынша өлім жазасына кесілді. Бұйрықты легион алдында шапшаң оқып, Байжановты да сол бойда алып кетті. Байжановты машина отырғызар сәтте ол шамамен былай айғайлады: «Мені өлтірерсіңдер. Бірақ менің ар-намыс, абыройымды өлтіре алмайсыңдар!». Ол тағы да айқайлап, бірдемелерді айтқанымен, анық ести алмай қалдым. Әрі оған ондай мүмкіндік бермеді».

Осылай жазба қалдырған Р.Алмасов­тың дерегінше, диверсиялық қызмет ет­кендердің әрбірін осылай жаза­лай­тындығы жарияланған. Байжа­нов­тың қазасына байланысты екі түрлі болжам бар. Бірі – Богучар қаласында өлім жазасына кесілгені, ал екіншісі – Остув-Мазовецка қаласында өлтірілгені туралы қауесет.

Р.Алмасов: «Бұл жөнінде дәл айта алмаймын. Шамамен бір аптадан соң біздің легионды таратып, бәрімізді бөліп-бөліп концлагерьлерге жіберді. Б.Байжановты менен басқа жақсы білетін Заир Салықов. Ол қазіргі уақытта Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Октябрь кеңшарында жұмыс істейді. Ал екінші адам – ұлты қырғыз, Қырғыз КСР, Жалалабад облысы, Алабухин ауданы, Фрунзе ұжым­ша­ры­ның тұрғыны Бабыш Нартаев болса, үшіншісі – Алматы қаласында тұ­­­ра­тын қазақ азаматы. Ол қазіргі уа­қыт­та Қазақ КСР Ғылым академиясында экспедитор не жабдықтаушы болып қызмет іс­тейді», деп жазба қалдырған. Ол сөз­де­рі­нің дұрыс жазылғанын растаймын деп қолын қойған.

Легион құрамындағы 193 сарбазы майдан шебінен өтіп кеткен батальон командирі 1943 жылдың 11 қаңтар күні Варшавадан 90 шақырым жердегі №366 шталагта ату жазасына кесілген. Бізге түсініксіз бір жайт бар. Бұл – қалт еткенді қапы жібермейтін органның «қырағы көздерінің» Р.Алмастовың хаты бойынша атын атап, түсін түстеп көрсеткен адамдарынан Б.Байжанов жөнінде неге сұрау салынбағаны. Сол кезде аталған адамдардың көзі тірі еді. Сонымен бірге кеңестік кезеңде Р.Алмасовтың жоғары инстанцияға Б.Байжанов туралы жазған хаттары тиісті жеріне жетпей қалуы мүмкін емес.

Әлде кеңес өкіметінің құзырлы, ке­ңес­тік, партия органдары соғыс аяқ­тал­ғанына жиырма жыл өткен соң, бітеу жараның ауызын тырнауды құп көрмеді ме екен? Түркістан легионы қатарында, кейін концлагерьде тұтқында болып, соғыс аяқталған соң елге оралған Р.Алмасовқа деген сенімсіздік пе? Мүмкін орталықтың шовинистік көзқарасы басым түсті ме? Бұл қазақ батырының ерен ерлігін елемеу ме? Сол уақыттың өзінде ке­ңестік жоғары әскери басшылықта «Түр­кістан легионында болғандар бәрібір Отан алдында кінәлі» деген қатал түсінік қалыптасқан секілді.

Сондай салқын көзқарастың кесірінен майдандағы ерліктері үшін қазақтар өзде­рі­не тиесілі марапаттарды ала алма­ған жүздеген мысалды білеміз. Б.Байжанов туралы мәліметтер сол уақытта белгілі болса, міндетті түрде баспасөз бетінде кө­рініс табуы керек-ақ еді. Кеңестік идео­логия тәртібі бойынша оның ерлігі дә­ріп­теліп, ұлықталатын еді. Бірақ өкі­ніш­ке қарай, қаптаған жау ортасында жүріп, көзсіз ерлік жасаған ержүрек батыр Бақыт Байжанов туралы іздестіру жұмыстары жалғасын таппай қалды. Неге? Сұрақ көп, алайда жауап жоқ.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 

Атырау облысы