Қоғам • 28 Наурыз, 2023

Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қайрат Боранбаевтың ісіне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Прокурор оны 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Сарыарқа аудандық №2 сотында Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр.

«Қайрат Боранбаевты Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігінде (қылмыс жасауға жәрдемдесу), аталған баптың 2-тармағының 189-бөлігінің 4-бөлігінде (жымқыру немесе бөгденің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау), сонымен қатар 218-баптың 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жолмен ірі көлемде ақша және мүлік иеленгені үшін кінәлі деп тануды сұраймын. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы, 5-бабы және 4-баптың 189-бөлігі бойынша жаза тағайындалсын. Яғни өмір бойы мемлекеттік қызмет, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу мен бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру және 218-бабы 3-бөлігі бойынша мүліктерін тәркілеу сұралады», деді мемлекеттік айыптаушы, прокурор Айжан Аймағанова отырыс барысында.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Боранбаев өз жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу қажет.

«Қайрат Боранбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы бұрынғыдай қалдырылсын. Боранбаевты қамауда ұстау уақыты 15 наурыздан бастап үкім заңды күшіне енген күнге дейін 1,5 күн бас бостандығынан айыру үшін 1 күн есебінен жаза мерзіміне есептеуді сұраймын. Оған тиесілі жылжымайтын мүлікке және ақшалай қаражатқа салынған тыйым мүлікті тәркілеуге және оған қатысты басқа қылмыстық істі тергеуге байланысты сол күйінде қалдырылсын», деп қосты прокурор.

Айта кетсек, Қылмыстық кодекстің 49-бабына сәйкес Қ.Боранбаевқа (арнаулы, әскери атақ-дәрежелері, шені мен дипломатиялық дәрежесінен, біліктілігі және мемлекеттік атақтарынан айыру) берілген мемлекеттік наградаларды кері қайтару сұралды. Олардың қатарында «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» және үшінші дәрежелі Барыс ордені бар.