Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист
Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан
– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Елорда күні қарсаңында, астана ауыстыру туралы тарихи шешімнің қабылдануына 20 жыл толғалы тұрған тұста өткізілгелі отырған бұл сұхбаттың алдында осы әңгімелерге қызығушылық өзімізде ғана емес, шетелдерде де бар екенін айтқым келеді. Маған әуелі Түркиядан, одан кейін Қытайдан Елбасымен сұхбат кітабын аудару, шығару жөнінде ұсыныстар түсті. – Алдымен кітапты өзіміз бітіріп алайық. Дұрыс шығып жатса аудару ешқайда қашпас. Оларға солай деп айтарсың. Көңілдеріңе рахмет. Ол жағы шешілер, әңгімеге кірісейік. Маған жазба түсіргеніңде бұл жолы тәуелсіздікке қол жеткеннен кейінгі алғашқы жылдар жайында сұрағың келетінін айтқан едің ғой. – Газетте «Тәуелсіздік табалдырығында» деген атпен басылған соңғы тарауда ел тәуелсіздігін жариялаудың қарсаңындағы оқиғалар сөз етілген еді. Енді егемендіктің елең-алаңындағы ахуал туралы әңгімелесеңіз деймін. – Саяси әдебиетте тәуелсіздіктің қолға тиюін үш республиканың оқшаулану үдерісін бастап кетуімен байланыстыра сөйлейтін авторлар бар. Ол – біржақтылық. Тәуелсіздік қалайда қолға тиетін еді. Тарихтың бүкіл ой қисыны соған алып келе жатқан болатын. КСРО атты ел идеологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да бәсекеге шыдас бере алмай, толықтай дерлік жеңіліске ұшыраған-ды. Сондықтан әлгі оңаша мәміле КСРО-ны ыдыратқан оқиға ретінде емес, сол үдерісті жылдамдатуға септескен оқиға ретінде ғана қаралуға тиіс. Белая Вежадағы сол шешім әуелгі бетте тек славяндық жаңа құрылым ретінде қаралғаны рас. Соған іле-шала Ашғабадта бас қосқан Орталық Азиядағы бес мемлекет басшыларынан біраз жұрттың балама достастық құруды күткені де рас. Ашғабадта сол кездегі қалыптасқан жағдайға салмақты баға беріліп, ұстамды көзқарас танытылды. Дегенмен, Кеңес Одағының тарих сахнасынан кетуін белгілі ГКЧП бүлігі қолдан тездетіп жібергенін айтуға тура келеді. Тамыздағы оқиғалар кертартпа күштердің тарихтың доңғалағын кері айналдыруға далбаса әрекет жасауының, империялық, тоталитарлық жүйенің әбден іріп-шірігенін түсінбеуінің салдары, қолдан кетіп бара жатқанды қайтаруға жанталасқан тұяқ серпуі. Бүлікшілер ол ойлағанына жеткен жоқ, есесіне орталықтан үрку үрдісін күшейтіп жіберді. Республикалардың барлығы да енді өздері толық мемлекеттік тәуелсіздікке ұмтылмаса тоталитарлық орталықты қайта жандандыру ниеті осылайша бас көтере беруі мүмкін екеніне көз жеткізді. Тамыз бүлігі болмағанда, соған іле-шала Беловежьеде оңашалану келісімі жасалмағанда бұрынғы кеңестік республикалар бір-бірінен ірге ажыратуды әлдеқайда көкейге қонымдырақ ете алар еді. Саяси тұрғыдағы тәуелсіздікті басы ашық мәселе ретінде қарастырып, жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттер экономикалық мүдделер тұрғысынан бір-бірімен байланысын сол кездегіден әлдеқайда жоғары деңгейде сақтап қала алар еді. Амал не, егемендіктің эйфориясына түсіп алған кейбір мемлекеттер интеграциясыз-ақ өмір сүруге болады деген алдамшы ойға елтіп, экономикалық, әлеуметтік мәселелерін өз бетінше шешуге ұмтылып жатты. Ақыры талай жыл бойы қалыптасқан, қалыптасқанда да берік қалыптасқан шаруашылық байланыстарының быт-шыты шықты, өндірілген өнім жеріне жеткізілмей, қоймаға үйіле бастады, соның салдарынан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барлық бұрынғы кеңестік республикаларда өндіріс қарқыны құлдырап, инфляция аспандап кетті. – Иә, инфляция құрық салдырмай тұрды. Сол кезде азық-түлік тауарларының бағасы одан бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 9 еседен артық қымбаттаған екен. Ал макарон өнімдері 28 есе, ұн 27 есе өсіпті. Қалтай Мұхамеджановтың: «Базарда бір кемпір бір кило алмаға екі кило ақша сұрап тұр» дейтіні сондайдан айтылған. Мұның үлкен бір себебі, әрине, еларалық интеграция байланыстарының үзілуі болатын.Тиісті түсіністік танытылғанда қазіргі Еуразиялық экономикалық одақ сияқты құрылым сол кезде дүниеге келуі мүмкін бе еді? – Сол кезде ме? Сол кезде мүмкін емес еді. ТМД субъектілерінің экономикалық саясаттағы қадамдарын әлдеқайда үйлесімдірек ету мүмкін еді. Экономикалық парасаттылықтың саяси шамшылдықтың құрбандығына шалынуы әлдеқайда азырақ болуы мүмкін еді. Бірақ қазіргі ЕАЭО сияқты құрылымға ол кезде қол жеткізу мүмкін емес еді. Әр нәрсенің өзінің уақыты болады. Батыс Еуропада біртұтас Еуропа идеясы соғыстан кейін-ақ көтерілген. Бірақ оның толыққанды түрде дүниеге келуіне қырық жылдан астам уақыт қажет болды. Ал біздің Еуразиялық экономикалық одақты құруымыз идея ортаға тасталған 1994 жылдан бастап есептесек, бас-аяғы жиырма жылда аяқталды. Бұл мұндай құрылымдардың құрылуы үшін қысқа мерзім саналады. Айтқандай, Астанада Шартқа қол қойылатын күндер қарсаңында сенің Румаспен, Шуваловпен, Христенкомен жасаған, «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правдаға» қатар шыққан сұхбаттарыңды (Сергей Румас – Беларусь Республикасының Еуразиялық экономикалық комиссиядағы мүшесі, Игорь Шувалов – Ресей Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары, Виктор Христенко – Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы, олармен сұхбаттар газетке 27, 28, 29 мамыр күндері шыққан – С.А.) оқыдым, олардың бәрі де осы ойды құптапты. – Рахмет.Шуваловпен сұхбат газеттерге шыққан соң Астанада да сөйлескенмін, сіздің жылы пікіріңізді разылықпен жеткізген болатын. Сізбен әңгімеге дайындалғанда сол 1994 жылғы мына сөзіңізді жазып алдым. Халықаралық конференция қатысушыларына арнап: «Әр мемлекеттің егемендігі мызғымастай. Оны бүгін ешкім өз қолынан бермейді. Еуропа біріккен кезде: «Одақ тетіктерінде мүмкін болғанынша алысқа шырқай беріңдер. Бірақ ешуақытта мемлекет егемендігінің негіздеріне қол сұғушы болмаңдар», дейтін талап қойылған болатын. Біз де сол қағидатты басшылыққа алсақ несі бар?» деген екенсіз.Сөздің орайы келіп тұрғанда жақында Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта сіздің бұл одақтың бәрінен бұрын экономикалық мүдделер бойынша бірігу екендігіне, әр елдің егемендігіне ешқандай нұқсан келмеуі керектігіне байланысты түбірлі талабыңызға басымдылық берілгеніне орай халықтың алғыс сөзін жеткізуді парыз санаймын. Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою рәсімі кезінде Ресей Президенті Владимир Путин бұл идея да, оның жүзеге асу сипаты да алдымен сіздің Мәскеу университетіндегі, осыдан 20 жыл бұрынғы сөзіңізде айтылғанын арнайы атап көрсетті. – Бұл мәселе менің тарапымнан о бастан-ақ ашық айтылған. МГУ-дегі лекцияда да, соның артынша Жоғарғы Кеңесте сөйлеген сөзде де, сол жылдың күзінде «Еуразиялық кеңістік: интеграциялық әлеует және оны іске асыру» деген тақырыпта өткен конференциядағы баяндамада да бұл көзқарас нақты көрсетілген. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Бірден-ақ ашып айтайын: менің де, біздің мемлекеттеріміздің шынайы интеграциялануын қалайтын кез келген адамның да ойына бұрынғы империяны, өзіміз көрген Одақты қайта жандандыру ниеті кіріп те шықпайды. Біздің республикаларымыздың тәуелсіздігі нақты әрі айқын ақиқатқа айналды, шынайы саяси мәнмен және мазмұнмен толықты, мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың қаны мен тәніне сіңісіп кетті. Ал уақытты кері шегеру ешкімнің қолынан келмейтіні ақиқат. Бұл ретте біз белгілі бір күштердің зорлық-зомбылық арқылы болса да КСРО-ны қайта қалпына келтіруге дейтін тырысушылығынан көрінетін қауіпті жете бағаламаудан аулақ болуымыз керек. Біз ондай интеграцияға қарсымыз және оқиғаның солай бет алуына жол бермейміз. Кімде-кім солай ойласа, ол бізді тарихи тығырыққа тіреуге тағы да әрекеттеніп жүргені. Зорлық-зомбылықтың одан әрі өрістеуі, тұрақсыздық пен жанжал аймақтарының кеңеюі, даму қарқынының баяулауы және тіпті реформалардың тоқырауы – бұл жолда бізді тек осы күтуі мүмкін». «Ең басты сенетінім: бұл идея міндетті түрде жүзеге асады, оның баламасы жоқ, болашақ – соныкі. Оның күшті болатыны – ол халықтың қайнаған ортасынан шыққан, ғасырлар бойы еуразиялық кеңістікті мекендеген адамдардың көңіл күйі мен мақсат-мүддесінен туған. Сондықтан бұл идеяның авторы мен емес, халықтың өзі. Мен тек соны қорытындылап, жалпыға жария ету бастамашылығын өз міндетіме алдым. ...Мұның ешқандай нұсқалары жоқ екеніне сенімдімін: тек қана жаһандық және бірінші кезекте, еуразиялық кеңістіктегі интеграция. Бұл біздің барлық халықтарымыз бен елдеріміздің мүдделеріне сай келеді. Бұл – түпкілікті күйреуден қорғайтын жалғыз жол және ықтимал геосаяси апаттар мен әлеуметтік-саяси зілзалалардан аман қалудың бірден-бір кепілдігі». Н.Ә.НАЗАРБАЕВ, «Еуразиялық кеңістік: интеграциялық әлеует және оны іске асыру» конференциясында сөйленген сөзден. 1994 жылғы 20 қыркүйек – Өзіңіздің тапсыруыңыз бойынша «Таңдамалы сөздеріңіздің» қазақша көптомдығының арнаулы редакторлығына кіріскеніме де біраз уақыт болды. Махмұт Қасымбековтің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан ол жобада қазақша, орысша мәтіндердің бірдейлігі қатаң сақталуда. Содан да кейбір сөздеріңіздің кезінде орыс тіліне аударылмай, газетке шықпай қалған тұстары орысша томдарға енгізілмеген. Тұңғыш президенттік сайлаудан кейінгі алғашқы инаугурацияда жүрегіңізді тербеген арман-аңсарларды жеткізген сөзіңізді тәуелсіздіктің табалдырығынан аттардағы ойларыңыз жөніндегі сұрағыма жауап ретінде пайдалансам деймін. – Ол да дұрыс шығар. Бүкіл халық сайлаған Президент ретінде елге арнаған алғашқы сөзім ғой ол. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Дана бабалар дәстүрімен осы салтанатты сәттегі сөзімді алдымен атажұртыма, қасиетті халқыма арнаймын! Бүгінгі күн – Қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеумен келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бірауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін. Алдымызда қиын-қыстау күндер, асуы биік белдер, айбынды міндеттер тұр. Оның үдесінен шығу үшін ең алдымен бірлік, ынтымақ керек. Тілі бөлек болса да тілегі, үміті бір, тіл табысып ежелден бірге өмір сүріп келе жатқан іргелес елдермен татулық керек. Қазақ мемлекетінің халықаралық қауымдастықта өзіне лайық орын алуы, қазақ халқының, бүкіл қазақстандықтардың бақытты, дәулетті өмір сүріп, өзіндік мәдениетін өркендетуі үшін бәрінен бұрын республикада тыныштық болғаны жөн. Тар жол, тайғақ кешуде қиындыққа төзіп, жалаң сөзге ермей, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімізге таяныш, сүйеніш бола білуіміз керек. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді халқымыз. Ынтымақ артпай, ырыс артпайды. Байтақ жерімізде шынайы бауырмалшылдықтың ақ туы желбіресе деп армандаймын. Ел бірлігі қашанда мүдде бірлігінен басталады. Біздің болашағымыз Қазақстан халқының ортақ мүдделестігінде. Біз мұны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Егеменді ел болудың жүгі де жеңіл болмайды. Ендігі жерде қалай өмір сүретініміз қалай еңбек ететінімізге байланысты. Дәулетті тұрмыс құрудың жұмысты жақсы істеуден басқа жолы жоқ». Н.Ә.НАЗАРБАЕВ, Он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің салтанатты мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми түрде кірісуіне байланысты сөйленген сөзден. 1991 жылғы 10 желтоқсан. – Сонымен, тарихтың ұлы сағаты соқты. Сіз сол тұңғыш сөзіңізде: «Біз бастан өткеріп отырған осындай ғаламат тарихи өзгерістердің куәлары және қатысушылары болу кез келген ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Қазір біздің көз алдымызда әлемнің картасында жаңа мемлекеттер пайда болып, қоғамдық-саяси және экономикалық формациялар, мемлекеттік басқарудың пішіндері ауысуда. Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстан да шет қалған жоқ», деген едіңіз. Қазақстан тәуелсіз ел атанды. Бүкіл халқымыз ел тарихындағы сол өзгерістердің куәсі, қатысушысы болса, сіз тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті ретінде сол ұлы істі бастаушы болдыңыз. Ең алдымен, қандай мәселелерді қолға алуды қажет деп таптыңыз сонда? – Тәуелсіздік біздің бәрімізге зор жауапкершілік жүктейтінін әр қазақстандықтың жүрегіне жеткізу басты міндет болды ол кезде. Үш жүз жылдай уақыт бойы өзіміздің қалай өмір сүретінімізді өзіміз айқындай алмай келген едік. Енді империясыз, тоталитаризмсіз соны өзіміз шешуіміз керек болды. Бостандық қолға тиді екен деп бостан босқа масайрай берудің еш жөні жоқ еді. Бостандық өздігінен елді тойындырмайды да, киіндірмейді де, қалтаға ақша да салып бермейді. Тек өз күшімізге сенбесек болмайды. Әрине, бұл бізге өзімізден басқа ешкім қарайласпады, атымен көмектеспеді деген сөз емес. Ядролық қаруды жоюда да, жекешелендіруді жүргізуде де ақыл-кеңесіне құлақ асқан адамдарымыз болды. Кейіннен менің өтінішім бойынша Астана салуға қаржылай қарасқандарға да, Конституцияны әзірлеуде жәрдемдескендерге де разылығымызды айта жүреміз. Бірақ, дегенмен, негізгі ауыртпалықты өзіміз көтергеніміз, ең қиын түйіндерді өзіміз тарқатқанымыз анық. Оның үстіне біз бұрын дотациямен өмір сүріп келген республикамыз. Мұның өзінің себептері бар. Бізде шығарылатын өнімнің 97 пайызының иесі Орталық болғаны рас, бірақ Орталық жойылғаннан кейін ол өнімдер өтуін өздігінен жалғастыра бермейді ғой. Бұрынғы шығындарымызға армияны ұстау деген сияқты жаңа шығындар да қосылып жатты. Тәуелсіздіктің басты тірегі – экономика. Бәрінен бұрын осы жағын қамдауды ұйғардық. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген тұжырымдаманы ұстанатынымызды жария еттік. Ал енді нақты ұйымдастыру шаруаларына келсек, алдымен билікті нақпа-нақ бөлісудің басын ашып алу керек еді. Сонда ғана атқарушы органдардың үйлесімді басқару жүйесін құруға мүмкіндік туатын. Жоғарғы Кеңесті кәсіби Парламентке ауыстыру қажеттігі де айқын болатын. Депутаттардың саны орынсыз көп еді. Олар жылына екі рет қана келіп, дауыс беріп кетіп отыратын. Жергілікті кеңестердегі жағдай да сондай-ды. Аппараттары әбден далиып кеткен. Істерінен нақты нәтиже жоқтың қасы. Қайта құрудың қызды-қыздысымен көтерілген «Барлық билік Кеңестерге берілсін!» деген ұран сол ұран күйінде қалған. Кеңестер іс жүзінде сол билікті қолға алуға да, жүзеге асыруға да қабілетсіз болып шықты. Одан кейінгі шаруа ұлттық алауыздықты, елдің тұтастығына қарсы қадамдарды уағыздайтын партияларға, қозғалыстарға тыйым салу қажеттігі еді. Қазір жұрт таңданатын шығар, сондай да болып па еді деп. Иә, бәрі де болған. Тәртіпті, заңдылықты сақтауды да қатты құнттау қажет еді. Қазақстандықтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ете отырып, ұлтаралық келісімді сақтау, саяси тұрақтылыққа мемлекеттік саясаттың басты қағидаты ретінде басымдық беру өте маңызды еді. Басқа да аса мәнді міндеттер көп болатын. Дегенмен, бірден қолға алатын, бірден қолға алмаса болмайтын міндеттер осылар деп шештім. Осыларды жасамайынша Қазақстанды бүгінгі өркениет арнасына түсіру де мүмкін емес еді, бағаны ырықтандыру да, қаржы саласын сауықтыру да, жекешелендіруді жүргізу де, нарықтық инфрақұрылым қалыптастыру да мүмкін емес еді, қысқасы, экономикалық жаңғыртудың басты мәселелерін шешу бұларсыз жүзеге аспайтын. – Кейінірек қойсам ба деген сұрақтың орайы осы арада келген сияқты. Ол жаңа Сіздің бағаны ырықтандыру туралы айтқаныңызға байланысты. Сіздің инаугурациядағы сөзіңізде осы жайды, яғни бағаны ырықтандыруды да айтқаныңызға 1991 жылғы 10 желтоқсандағы салтанат сәтінде Республика Сарайына жиналған жұрт тиісінше көңіл бөлмеген сияқты. Көңіл бөлгендердің өзі ол таяу арада бола қоймайтын нәрсе деп ойлаған шығар. Сіз 1992 жылғы 3 қаңтарда, яғни тәуелсіздік жарияланғаннан кейін небәрі 18 күн өткенде бағаны ырықтандыру туралы Жарлыққа қол қойдыңыз... – Қол қоймай қайтейін енді? Содан үш күн бұрын, 1 қаңтардан бастап Ельцин Ресейде бағаны ырықтандырды ғой. Онсыз да жағдай қиын еді, мына шешім жағдайды тіпті асқындырып жіберді. Екі елде екі түрлі экономикалық жағдай қалыптасатын болды. Оларда баға ырықтан кеткен, біздегі баға бекітілген күйінде тұр, яғни бәлен есе арзан. Екі елдің ақшасы да ортақ кез. Шекара деген жоқ. Біздің өнімдерімізді, бәрінен бұрын азық-түлікті басқа елдерден келгендер жаппай сатып әкететін қауіп төнді. 1-3 қаңтар аралығында шекаралас облыстарда сондай жағдай шаң беріп те қалды. Оған жол беру ел экономикасын орны толмас шығынға ұшырататын еді. Сен дұрыс назар аударып отырсың, бағаның ырықтандырылмай қоймайтынын мен инаугурациялық сөзімде әдейі айтқанмын. Ескерту түрінде. Жұрт іштей дайын болсын деп. Нарыққа жарым-жартылай көшуге болмайды. Нарық жағдайында баға өспей қоймайды. Ол үдеріс тәуелсіздіктің алдында-ақ басталған. Бірақ бұл үдерісті белгілі бір дәрежеде бақылауда ұстауға да мүмкіндік бар еді. Негізінде, мен Ельцинге бағаның ырықтандырылуын 1992 жылғы 1 шілдеге дейін шегеру жөнінде ұсыныс жасағанмын. Сол жылғы қыс өте бір ауыр тиді ғой, оның алдындағы жазда егін шықпай, азық-түлік атаулы жетіспей тұрған. Мұндай жағдайда бағаны бетімен жіберуге болмайды дегенмін. Өкінішке орай, Ельциннің маңындағылар (сол кезде Ресей басшылығында романтик-реформаторлар, неолиберал экономистер жеткілікті еді) табандап отырып алыпты. Амал жоқ, үш күннен кейін бағаны біз де босаттық. Оның адамдарға ауыр тиетінін, әсіресе, халықтың аз қамтылған бөлігінің әл-ауқаты кедейшіліктің шегінен де төмендеп кететінін біле тұра бардық сол қадамға. Ал жағдайды жеңілдету үшін не істеуге болар еді? Мұны да қатты ойландық. Ақыры нанның, сүттің барлық түрлеріне, сары май мен қатты ірімшіктен басқаларына, бағаны оған дейінгі бағадан үш еседен артып кетпейтіндей деңгейде қалдыру туралы шешім қабылдадық. Әрине, бұл нарықтық шешім емес. Нарықта тауар қай бағаға өтсе, сол бағаға сатылуы керек. Өнім оны өндірушіге зиян шектірмеуі керек. Экономикаға, бюджетке ауыр тиетінін біле тұра осылай еттік. Қолдан келгенінше жалақыны өсірдік, зейнетақыны, жәрдемақы мен стипендияны ұлғайттық. Шаруашылықтар мен кәсіпорындар басшыларын өз өнімдерін қала тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуға, сөйтіп қиын кезде халықты қолдауға шақырдық. Шынын айтқанда, соған көндірдік. Рас, бюджеттік ұйымдарда жалақыны өсіру жөніндегі шешім дер кезінде қамтамасыз етілмеді. Қатты қысылған адамдарға тегін тамақ беру үшін қайырымдылық асханаларын ашу жөнінде нақты қадамдар да жасалмады. Жұрт нарық жағдайында жұмыс істеуге дайын да емес еді ғой. Сол тұста маған теледидардан сөз сөйлеп, халыққа Үндеу арнауға тура келді. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Біз өз еркімізден тыс тап болған осындай қиын жағдайдан шығудың жолы халық үшін де, өнім өндірушілер үшін де қоқан-лоқы жасаумен немесе ереуілге шығумен жалақыны өсіру, өнімнің кез келген қымбаттауының өтемін қайтару, я болмаса өнімнің бағасын үнемі көтере беру емес екенін мен талай рет, соның ішінде сайлаушылармен сайлау алдындағы кездесу кезінде де айтқанмын және оны тағы да атап көрсеткім келеді. Мұндай қадам тек инфляцияның жаңадан шиыршық атуына соқтыруы мүмкін, ал оның тұтынушыларды да, өндірушілерді де одан әрі титықтатары анық. Бұдан шығатын жол біреу-ақ – халықтың әл-ауқатын ұдайы және дәйектілікпен арттыра түсу үшін көбірек әрі жақсырақ еңбек ету. Осыған байланысты кәсіподақтар мен еңбекшілердің басқа да қоғамдық бірлестіктеріне өздерінің барлық күш-жігерін қазақстандықтарды өндірісті ұйымдастыруды жетілдіру, оның көлемі мен ауқымын ұлғайту ісіне топтастыруға бағыттау жөнінде ұсыныс айтқым келеді. Өйткені, оның кез келген тоқтауы экономика мен адамдардың өмір сүру деңгейіне қатты соққы болып тиеді, берекесіздік туғызады және нарықтық экономиканы енгізуге байланысты барлық үмітімізден айыруы мүмкін. Бізді құтқарып қалатын бір-ақ нәрсе бар, ол – өзара ұстамдылық, шыдамдылық және ықтиятты еңбек. Қазақстандықтар қазіргі қиыншылықтармен бетпе-бет келе отырып, байсалдылық сақтайды, абыржымайды деп сенемін. Қайта олар өздерінің барлық ықтималды күшін, жігері мен еркін жұмылдыра отырып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемін ұдайы еселей түсіп, өз еңбегімен республиканы қазіргі дағдарысты жағдайдан алып шығатынына сенімдімін. Қымбатты отандастар! Біздің әрқайсымыз өмірдің өте қиын әрі күрделі кезеңіне қадам бастық. Онсыз өсіп-өркендеген елдер қауымдастығына кіру мүмкін болмайтын әлеуметтік-нарықтық шаруашылық құруға тәуекел ете отырып, біз бұл кезеңді бастан өткізуге мәжбүрміз. Өздеріңіздің Президенттеріңіз ретінде өтпелі кезеңнің ауыртпалығы мен қиыншылықтарын халыққа жеңілдету үшін қолымнан келетін және мүмкіндігім жететін нәрсенің бәрін істемекпін». Н.Ә.НАЗАРБАЕВ, Бағаны ырықтандыруға байланысты Қазақстан халқына үндеуден. 1992 жылғы 14 қаңтар. Ең бастысы, халқымыз, айналайын халқым сол бір қиын күндерде де даналығынан таймады, сабырлылығынан айнымады. Зарығып көрген тәуелсіздігінің алғашқы белесінде тіпті ашқұрсақ жүруге де бейілді болды. Қазақстандықтар маған сенді. Сайлауға дейін де өйтемін де бүйтемін, үлде мен бүлдеге ораймын демегенімді, қайта қиындыққа қарсы қайрап салғанымды бағалады. Алда қиын күндер тұрғанын айтқанымды ескерді. Ақыры бұл елеулі проблеманы да елді ереуілдетуге жеткізбей еңсеріп шықтық. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең маңызды қадамдардың бірі – ұлттық валютаның енгізілуі. Бұл шараның тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы жаңа, бетбұрысты кезеңнің есебін бастап берген шешім ретіндегі маңызын әңгімелеуді сұрамақшы едім. – Есіңде бар ғой, ол кезде республикадағы жағдай шиеленісті әрі тұрақсыз қалпында тұрды. Іс жүзінде экономиканың барлық салаларында өндірістің құлдырауы күшейді. Өндірістің қожырауына, бұрыннан қалыптасқан шаруашылық байланыстарының үзілуіне қаржы жүйесіндегі берекесіздік те келіп қосылды сол тұста. Әсіресе, тиісінше экономикалық әзірлік жасамай тұрып, ТМД-дағы әріптестермен келісіп алмай тұрып Ресейдің бағаны босатып жіберуі сомды ақша тұтынып отырған республикаларға қып-қызыл шығын әкелді. Мұндай «шоковая терапия» бұрынғы шаруашылық тетіктерін нарық орнықпай жатып қиратып тынды десе де болады. – Сіз сол тұста осы жайында мұны жаңа үйді салмай жатып ескі үйді қиратып тастауға теңеп айтқансыз. – Өзі де солай ғой.Оның алдында бізге Ресейдің ескі үлгідегі рублі қаптап, мемлекеттегі ақша жүйесінің шырқы бұзылған еді, мұның аяғы рубльдің екі елдегі сатып алу қабілетін екі түрлі етіп, біздің халқымыздың әл-ауқатын көп нашарлатып жіберген болатын. Ұлттық валютаны енгізу біз үшін сол жағдайдан шығудың жалғыз жолы еді. Қараша айының бас жағында, нақты айтқанда, 3 қарашада Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің басшылары Мәскеуде кездесіп, сонда Қазақстанның сом аймағынан шығарылатындығы мәлім болды. Шынын айтқанда, біз бұл шешімге дайын едік. Өзіміздің ұлттық валютамыз әзірленіп, басылып, Англияда дайын тұрған... Енді соларды елге жеткізудің қамына кірістік. 12 қарашаны жаңа ақшаны енгізу күні деп белгіледім. Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының бәрін сол аса жауапты операцияны жүзеге асыруға жұмылдырдым. Ақшаны барлық аудандарға, барлық банк бөлімшелеріне жеткізу ісі небәрі сегіз күнде атқарылып шықты. Тегінде, дүние жүзінде жаңа ақшаны дәл осылайша тез әрі табысты енгізген басқа ел жоқ та шығар. – Осы тұста мына бір жайды айтуды парыз санап отырмын. Сіз бұл жөнінде Қазақ телевизиясы арқылы үндеуді 1993 жылғы 12 қарашада жасадыңыз. Бұл жаңалықты бүкіл ел жаңа ақшаға көшуге іс жүзінде екі тәулік қалғанда ғана естіді. 15 қараша күнгі таңғы сағат 8-ден бастап теңге енгізілді. Оған дейін осы шаруаның бірде-бір сыбысы естілмегені соншалықты сүйсінтеді. – Осының өзі біздің азаматтарымыздың елдік сана деңгейіне көтерілгенін келісті көрсететін жай. Әйтпесе, мен ұлттық валютаның идеясын айтқаннан бастап, оның тұжырымдамасын ойластыруға, дизайнын жасауға, бастыратын елді ақылдасуға, олармен шарт жасасуға, құнын төлеуге, бәлен ұшақпен жасырын түрде Қазақстанға тасып әкелуге аз ғана топ қатысты дегеннің өзінде, елге жеткізілген ақшаны облыс орталықтарына, одан аудан орталықтарына, одан алыстағы елді мекендерге тасымалдаған, айырбас басталатын сағатқа дейін сақтаған, күзеткен адамдардың саны онша аз болмағаны анық. Солардың біреуінің болмаса біреуінен мемлекеттік құпияға қатысты бір сыбыс шыққанның өзінде жағдай кәдімгідей қиындап қалуы әбден мүмкін еді. Сондықтан ол жобаға қатысты азаматтардың бәрі мұндай оқиға ел тарихында бір-ақ рет болатынын айқын сезінді, жоғары жауапкершілік танытты дей аламын. – Өкінішке орай, дәл қазір сондай елдік сана биіктігі таныла бермейтін сияқты көрінеді. Сіз 1992 жылы 22 қазанда Қазақ телевизиясы арқылы сөйлеген сөзіңізде «Тіршілік тауқыметі, өкінішке қарай, тек материалдық жағынан шектелмей тұр. Тегінде, рухани байлық, парасаттылық жағынан жоғалтып жатқанымыз одан орасан, олардың әсері жылдар өте келе толық мәнінде сөзсіз көрінетін де шығар. Бұл арада мен қоғамның моральдық хал-ахуалына ерекше нұқсан келтіретін заңсыздықтың шектен шығуы жөнінде айтып та отырғаным жоқ», деген едіңіз. Жылдар өте келе дәл солай болды ма деп те қорқамыз. Теңге бағамын түзету кезінде әлеуметтік желілер арқылы таратылған, нақты айтқанда, екінші деңгейлі банктер банкрот болады-мыс деген өсек-аяңның талай жұртты дүрбелеңге түсіргені қынжыларлық жай. – Ол қынжыларлық жай ғана емес. Ол мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына, сол арқылы ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер. Өйткені, сол тәуліктерде дүрліккен адамдардың жалған сөзге сеніп, банктердегі салымын сыпырып-сиырып алып қойғандары да аз болған жоқ. Ал мұның өзі экономиканы қаржыландыруға елеулі нұқсан келтірді. «Естіген құлақта жазық жоқ, біреудің айтқанын айта салып едім» деп қарап отыратын ашықауыздықтың арандатушылықтан ауылы алыс емес. Өсек-аяң таратушыларға тыйым салынатын, әркім өзі таратқан ақпаратқа жауап беретін болады енді. Жарайды, теңгенің жайына оралайын. Сол кезде орын алған оқиғалардың ой қисыны Қазақстанды жеке ақша жүйесін енгізуге міндеттегені анық. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Өткен уақыттағы біздің күш-жігеріміз, бұрынғысынша, экономикалық проблемаларды шешуге жұмылдырылды, ал өзіміздің ұлттық валютамызды енгізгеннен кейін олар мүлдем жаңа мәнге ие болды. Экономикалық қана емес, саяси жағынан да ірі осынау әрекет Қазақстан қоғамының өміріндегі көптеген құбылыстарға жаңаша қарауды, мемлекеттік әрі таза адами мүдделерді де ескере отырып, басталған реформаларды сапалық жаңа ұстанымдар тұрғысынан тереңдетуді қамтамасыз ету үшін бағытымызды қайтадан ой елегінен өткізіп, белгілі бір түзетулер енгізуді талап етті. Өз валютамызды енгізу жағдайындағы халықтың күрделі экономикалық ахуалға біртіндеп бой үйретуі мақсатында біз ақша құнсыздануының жаңадан шиыршық атуын болдырмау үшін аса маңызды тауарлар мен қызметтердің бағасын уақытша реттеуге шешім алдық». Н.Ә.НАЗАРБАЕВ, Тәуелсіздік күніне орай өткізілген салтанатты жиналыста сөйленген сөзден. 1993 жылғы 15 желтоқсан. – Сол күндерде мен ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. 1961-1992 жылдар аралығындағы банкноттардың Ресейде айналымнан шығарылуына байланысты сол ақшаларды Қазақстанға заңсыз әкелу қауырт өсіп кеткен еді. Ресейде істен шыққан ақша қап-қабымен бізге жетіп, кәдімгі сабан ақшаға айналған болатын. Сондықтан теңгені енгізудің экономикалық қана емес, саяси да мәні ерекше. ДӘЙЕКТЕМЕ: «12 қараша. Осы күнгі кеште бүкіл Қазақстан халқы көгілдір экранға көз тікті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кешкі сағат сегізде тікелей эфирден сөз сөйлейтіні радио арқылы хабарланған болатын. «Қымбатты отандастар! Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Жоғарғы Кеңестің маған берген өкілеттігіне сәйкес мен 15 қараша күні сағат 8-ден бастап елімізде ұлттық валюта – теңгені енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы сәттен бастап тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының жаңа, шын мәніндегі өзгерістер кезеңі басталады. Мұндай оқиға әр елдің тарихында бір-ақ рет болады. Баршамыз өзіміздің ұлттық валютамызды енгізудің қаншалықты қажеттілігін және жаңа жағдайдың төтенше сипаты мен себептерін түсіне білуіміз керек» – Елбасы сөзін осылай бастады. Осындай жағдайда теңгенің енгізілуі талайлар үшін ашық күнгі найзағайдай әсер еткенін, соған байланысты қай тұрғыдан да сабырлылық пен сергектік қажет болатынын Елбасының: «Жағдайды ушықтыратын, қоғамға және әрбір адамға қиянат жасайтын кез келген әрекет мемлекетке қарсы жасалған зұлымдық ретінде бағаланатынын, ал кінәлілер заңның ең қатал түрімен жауапқа тартылатынын ескерткім келеді», деген сөздерінен де аңғара аламыз». С.АБДРАХМАНОВ, «Тәуелсіздік шежіресі», Астана, 2001, 115-бет. – Осыдан екі ай бұрын Біріккен Араб Әмірліктерінде, Әбу-Даби мен Дубайда Сіздің өмірбаяныңыз туралы кітаптың араб тіліндегі аудармасының тұсаукесеріне қатысып қайтқан едім. Сонда Дубайдағы тұсаукесерде Қазақстан Президентінің елді қандайлық қиын белестерден алып өткенін айта келіп, «Сіздер ойлап қараңыздаршы, осыдан небәрі 23 жыл ғана бұрын біздің елімізде меншік иелері атымен болған жоқ. Бәрі де мемлекеттікі болатын, содан да бәрі іс жүзінде иесіз болатын» дегенімді аударған кезде залдағы араб ағайындардың бір қозғалақтап қалғанын көрдім. Олар елдегі меншіктің түгелдей мемлекеттікі болуын көзге де елестете алмайды ғой. Сондықтан да, жекешелендіруді тәуелсіздік тарихындағы басты белестің бірі деудің еш артықтығы жоқ. Сіз «Қазақстан жолы» деген кітабыңызда бұл мәселеге «Мемлекеттік меншіктен – жеке меншікке» атты тұтас тарау арнағансыз. Мемлекет меншігінен алу деген ол кезде нағыз машақаттың өзі болып еді ғой. Сол жағдайды әңгімелеп берсеңіз деймін. – Мен өткенді жөнді-жөнсіз айыптап, тіпті қаралап сөйлеушілерге қарсымын. Социализм тұсында да, коммунистер билігі кезінде де көп жақсы нәрсе болғанын айтқанмын, айтамын да. Бірақ, сол көп жақсы нәрсенің бәрін елдегі иесіздік, яғни меншіктің жоқтығы, жанашыр қожайынның болмауы жоққа шығарып жіберді. Жақсы істесең де, орташа істесең де, нашар істесең де штаттық кестедегі бірдей айлықты алып жүре беру, озып шыққанда «Социалистік жарыстың үздігі» атану, құрмет грамотасын алу, тіпті суырылғанда кеудеге медаль, орден тағу адамдарды жұмысқа құлшындырмайтынына көзіміз жетіп болды. Сондықтан да, өз билігіміз өзімізге тиген соң-ақ әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдетудің міндетті бір шарты ретінде жекешелендіруді қолға алу қажет еді. Алайда, біз бұл жұмысқа бірден кірісіп кете алған жоқпыз. Өйткені, объективті себептер бойынша, 1992 жылдың басынан бастап біздің үкіметіміз Ресей еріксіз таңған ойын тәсілін қабылдауға мәжбүр болды. Екі үкімет те экономиканы ырықтандыруды, ақша-қаржы жүйесін тұрақтандыруды қатар жүзеге асыруға ұмтылды. Өмір аз уақыттың аясында екі мақсатқа қол жеткізу мүмкін еместігін көрсетіп берді. Сөйтіп, біз жекешелендіруді іс жүзінде 1993 жылдың басынан ғана бастай алдық. Оған дейін тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысудың төлем құралы ретінде жекешелендіру купондарын тегін ұсыну ғана жүзеге асырылды. Бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету сияқты салаларда мемлекеттік мүлік қайта құрылды. Оның өзінің басым көпшілігі сауда мен тұрмыстық қызмет нысандарының үлесіне тиді. Кең ауқымды жекешелендіру дегеніміз – аса маңызды үдеріс. Ол қоғамдағы институттық өзгеріс. Экономикалық реформаның орталық буыны да сол. Мұндай күрделі салада жұмысты волюнтаристік әрекеттерсіз, дәлме-дәл әрі мұқият жасалған тұжырымдаманың негізінде жүргізу керек. Меншікті таратып беру деген қиын емес, мәселе таратылған меншіктің жайы кейіннен не болатынында. Біз жұрттың бәрін меншік иесі ету әрекеттері, олардың бәрін өндірістің қожалары ету әрекеттері сәтсіздікке ұшыраған мысалдардың талайын білеміз. Адам деген әрқилы жаратылыс қой. Адамдардың бәрі бірдей меншіктің иесі, мүліктің қожайыны, жұмыстың ұйымдастырушысы болып кете алмайды. Меншік иесі болатын адам жан аямай жұмыс істеуі керек, басқара білуі керек, іске жаны ашуы керек, белгілі бір дәрежеде өзінің капиталын, жағдайын, келешегін тәуекелге тігуі керек. Жұрттың бәрі осыған қабілетті дей алмайсыз. Бірақ, солай екен деп біреудің өзін көрсетуіне мүмкіндік беріп, екінші біреуге ондай мүмкіндіктің берілмеуі де әділеттілік болмайды. Бастапқыда баршаның жағдайы бірдей болуы керек. Әуелде мен меншікті мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру бағдарламасын бекіттім. Онда қызмет көрсету кәсіпорындары, сауда, тұрмыстық қызмет, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй кәсіпорындары, одан кейін өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты ірілеу салалар, одан кейін индустрияның ірі кәсіпорындары кезең-кезеңімен көрсетілді. Инфляцияның жедел қарқын алып бара жатқанын және тұрғындардың жекешелендіру үшін қаражаты жоқтығын ескере келіп, Қазақстанда бүкіл тұрғындарға, ешкімді де қалдырмай, тұрғын үйді жекешелендіруге қатысқанда төлем құралы бола алатын тұрғын үй жекешелендіру купондары таратылып берілді. Бұл бағдарлама жұртшылықтың бастамашылдығын ынталандырып қана қойған жоқ, сонымен қатар, халыққа жекешелендіру барысында мемлекеттің мүлкі әділ бөлінетін болды деген үміт отын да оятты. Купонмен өтеп алудың қарапайым тетігі аз уақыттың аясында тұрғын үй рыногын қалыптастыруға мүмкіндік берді, жұртшылықты ширатты және басқа да нарықтық қатынастарды дамытуға қажетті жағдайдың жасалуын қамтамасыз етті. Қазақстандықтардың күнбе-күнгі өміріне жекеменшік ұғымының енуі ең алдымен қоғамдық сананың реформасы болып шықты. 1993 жылдың басында үкімет жекешелендірудің 2-3 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын даярлады. Ол бойынша шағын жекешелендіру, жаппай жекешелендіру және жеке жобалар бойынша ірі индустрияны жекешелендіру басталатын болып белгіленді. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай. Қазақстанда мұндай іс-шара бұрын ешқашан да жүргізілмеген еді. Ресейде де, бізге жақын басқа елдерде де мұндай тәжірибе болған жоқ. Олар да бәрін жаңадан бастап жатыр еді. Әуелде үй іргесіндегі, саяжайлық жерді үлестіріп беру онша қиынға түскен жоқ. Кәсіпорындардың жағдайы басқаша еді. Олардың алды тоқтай бастады, жұмыс істеп тұрғандары өнімдерін қоймаларға үйе бастады. Ел бойынша ондаған мың адам жұмыссыз қалды. Сол бір күрделі жағдайда қай кәсіпорынның шын бағасы қандай екенін, болашағының бар-жоқтығын дәл анықтау да қиын еді. Көптеген өнеркәсіп орындары тозығы жеткен құрал-жабдықпен толып тұрған өндірістік және әкімшілік ғимараттар ғана болатын. Кәсіпорындардың көпшілігі қыруар қарызға белшесінен батқан еді. Мұндай кәсіпорындарда пайда түсіретін өнім шығару көп күш-жігерді қажет ететін. Жағдайды тұрақтандыруға бағытталған тез де тиімді шараларды жүзеге асыру қажет болды. Ол кезде жаппай сипат алған талан-тараж бен ысырап та бір жағынан мемлекет меншігінен айыру мен жекешелендіру үдерісін жеделдетіп жіберг