Қоғам • 29 Наурыз, 2023

«Quiz» ойындары несімен қызық?

2392 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда ғана тұңғыш рет 1000 жас қатысқан «Quiz» ойыны өтті. Осылайша, талай­ды таңдандырған сайыс Қазақ­станның рекордтар кіта­бына енді. Бұл бәсекені Нұр­лан Азаматов бастаған топ ұйым­дастырды. Жұртшылықты әп-сәтте еліктіре кеткен «Quiz» ойын­дарының түпкі мақсаты қандай? Ойын нелік­тен жастар арасында танымал? Осы және өзге де толғандырған сауалдарға жауап іздеп көрдік.

«Quiz» ойындары несімен қызық?

Қазір «білекті – бірді, білімді – мың­ды жығар» деген мақалдың әділ­дік құрған заманы. Бұрын теледидар­дан қызықтап көрген «Мил­лион кімге бұйырады?», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сынды бағдарлама­лардың типологиясы шынайы өмірге өткелі қашан. Содан болар сенбі-жексенбі сайын кафе-барда жағалай топтасқан жасты көп байқап жүрміз. Астананың өзінде 2 қазақша, 3 ағыл­шын, 6 орыс тілінде «Quiz» ойындары тұрақты ұйымдастырылады. Бәрінің мақсаты бір – жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу.

– Бұрыннан Семейдегі «TezTap» ойын­дарының қатысушысымын. Одан бөлек, «Қазақша Quiz», «Bastime» ойындарының чемпионымын. Мұндай зияткерлік сайыстар жаңа дос, қызық­ты орта табуға көмектеседі. Өзім бір ойынды да қалт жібермей баруға тырысамын. Көп болса, қалтаңнан 1000-3000 тең­гең кетер, бастысы миың сері­гіп, оның қалыпты жұмыс істеуіне сеп болады, – дейді интеллектуалды сайыс­тың белсенді қатысушысы Нұр­жан Өмірбаев.

Жалпы, «Quiz» сөзі ағылшын тілінен аударған викторина, сауал­дама деген мағынаны білдіреді. Ойын ретінде шамамен 1975 жылдар­да танымал бола бастады. Мұнда қатысушылар топ болып бірігіп, сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шап­шаң 30-60 секундта жауап беруден бөлек, логикамен де сыналады. Жарыстың орташа ұзақтығы – 2-2,5 сағат. Интеллектуалдық алаңда шамамен 35-50 сұрақ қойылады. Еуро­пада зияткерлік ойын өткен ғасырда қана­тын кеңге жайса, көршілес Ресейде бұл 2010 жылдың ортасында ғана ауди­тория жинаған.

– Елімізде мұндай форматтағы әртүрлі интеллектуалдық сайыс бұ­рын­нан бар. Көршілес, шетелдердің бағ­дарламаларын аударып та, теледи­дардан да көріп жүрміз. Оқушы, студент кезімізде қатысып та көрдік. Бүгінде «Қазақша Quiz» зияткерлік са­йысы – республика деңгейінде жастар арасында кең танымал ойынның бірі. Жалпы, қазақ тілінде куиз ойындары 2020 жылдан бастап өткізіледі. Өз басым 2014 жылдан бастап, Атырауда «Не? Қайда? Қашан?», «Білім-Ринг» атты интеллектуалды сайыстарды тұрақ­ты өткізіп келемін. Ресейлік «Игра ТВ» компаниясының «Что? Где? Когда?» ойынының рұқсатын алып, құрал-жабдықтарымен бірге 5 жыл қатарынан ұйымдастырғанмын. Аты­рауда әр ойынға 15 командадан төмен келмейді. Командалар жарты тәулік ішінде тіркеліп үлгереді. Әр ойынға толық 21 топ қатысады. Бұл мей­рамхана немесе іс-шара өтетін жердің сыйымдылығына байланысты есептеледі. Астана қаласында Аршат Ораз есімді әріптесім «Керек-Ринг» деген атпен командалар арасында осындай ойындарды 2000-жылдардың аяғынан бастап өткізіп жүрді. Қазір біздің жастар білімді, интеллектуалды ортаны жаны сүйеді. Сондықтан мұндай сайыстардың маңыз­дылығы жоғары. Өйткені «Quiz» ойындары – ойы ұшқырлардың бас қосатын бір­ден-бір ортасы, – деді «Қазақша Quiz 1000» жобасының авторы Нұрлан Азаматов.

Оның бұл сөзіне мұнайлы өңір Атырауда ұйымдастырылған 1000 адамдық куиз дәлел. Сайысқа Қазақ­стан Рекордтар кітабының ресми өкілі де арнайы шақырылыпты. Ол ойын барысында жеке санақ жүргізіп, 1002 қатысушы бар екенін куәландырып, сертификат табыстаған.

– Қазақстанда үш түрлі «TezTap», «Bastime» және «Қазақша Quiz» сайыс­тары па­раллельді өтіп жатқан бір­ден-бір қала – Атырау. Сол себепті куиз­­ді ұйымдастыратын қаланы таң­дар­да ұзақ ойланбадым. Бір жағынан қазақ тілді орта қалыптасқан өңір. Іс-ша­ра­ның мақсаты бір мезетте 1000 қаты­су­шыны сайысқа жинау болды. Бұл топтық ойын, қатысушылар 8-10 адам­нан команда болып тіркеліп алдын ала жазылады. Жарыс 6 турдан, әр тур 34 сұрақтан тұрды. «Quiz» ойын­­да­­рының ерекшелігі әр турдың сауал­да­ры бір-бірінен өзгеше болып келеді. Бұл рекордтық ойында сұрақ­тар ортақ тақырыбы бар, логика­лық тест форматында, суретпен жасы­рылған, аудио нұсқасында ұсынылды. Қатысушы тарапынан 2000-3000 теңге көлемінде жарна төленеді. Осы қаржыдан толықтай өтетін орны, дипломдары, сыйлықтар, фото және видео түсірілім өтеледі. Ұйым­дастырушылар барлық «Quiz» ойын­да­рын табыс үшін өткізбейді. Бұл жерде көбіне шығармашылық, рухани азық басты нысанада болады, – деді Н.Азаматов.

Иә, ол да бар. Алайда «Quiz» ойын­да­­ры­ның игілі­гін қатысушылар ғана көр­мейді. «Тұты­ну­шы бар жерде, табыс бар» дегенді ескер­сек, бұл интел­лектуалдық сайысқа табыс көзі ретінде қарайтындар да бар. Бұған қоса кафе, бар, мейрамхана болсын, қоғам­ның қызығушылығына бейімделген нысан­дар, өзінің қызметін жандандыру мақсатын­да, келушілерді тарту үшін осы әдісті ұтым­ды қолданады», дейді «Quiz» ойын­дарын ұйым­дастыру­шылардың бірі – Максим Алехин.

– Мұндай кәсіпті жаңадан бизнес­ке келген адам да алып кете алады. Былайша айтқанда, шығынсыз бизнес. Мәселен, «Мозгобойня» куизіне 1,5 млн теңге инвестиция жасасаңыз, ақшаңызды ақтау мерзімі 3-4 жыл емес, шамамен төрт ай ғана. Кейін жылына тұрақты кіріс көзі 4-5 млн теңге шамасында болмақ. Өйткені қазір ақылды, білімді, үнемі ізденісте болу сәнге айналды. Осы ретте «Quiz» ойындары белгілі бір ақпараттарды қорытуға, адамдарға өзіңді дәлелдеуге, мықты екеніңді мойындататын орта десек те болады. Кейбіреулері, тіпті апта бойы жиналып қалған негативті эмоциясын шығаруға келеді. Сондықтан қазір жұртшылықтың қызығушылығы жоғары, – деді ол.