Мектеп • 28 Наурыз, 2023

Ауыл мектептеріне – 28 автобус

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында келген автобустарды өңірдегі аудандық білім бөлімдерінің басшылары қабылдап алды. Маңдайында «Балалар!» деген жазуы бар су жаңа сары автобустар шалғай ауылдарда тұратын оқушыларды мектепке таситын болады.

Ауыл мектептеріне – 28 автобус

Жаңа автобустардың бәрі жылдамдық шектегішпен, қа­уіпсіздік белдіктерімен және кон­­диционермен жабдық­тал­ған. Тіпті ерекше балалар­ға ар­­налған пандустар мен жүр­гізу­шіні шақыратын түйме­леріне дейін бар.

Облыстық білім басқарма­сының мәліметінше, өңір мек­тептеріне күн сайын 2,5 мыңнан астам оқушы арнайы бөлінген ав­тобустармен қатынайды. Білім мекемелерінің автопаркі де жыл сайын жаңартылып, толық­тырылып отырады. Мәсе­лен, соңғы екі жыл ішінде об­лыстық бюджет есебінен 322 млн теңгеден астам қаржыға 9 автобус және 12 шағын автобус сатып алынған.

Автобустарды тапсыру рә­сімінде Мемлекет басшы­сының қала мен ауыл арасындағы ал­шақ­тықты қысқарту жөніндегі тапсырмасының орындалу ба­рысы да сөз болды. Білім бас­қармасы өкілдерінің айтуын­ша, 2025 жылға дейін өңір­де 407 ауылдық мектепті жаңғырту жоспарланған. Оның 81-і биыл жүзеге асырылады. Сондай-ақ соңғы екі жыл ішінде 12,9 млрд теңгеге 193 білім ны­саны жөндеуден өткен. Би­ыл 138 мектепке жөндеу жүр­гізілмек. Оған 3 млрд теңге қарастырылып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясын­да да бітетін шаруа көп. Мәсе­лен, 2025 жылға дейін қалалық және ауылдық мекендерде 7500 орындық 9 мек­теп салынбақ.

 

Қостанай облысы