Сұхбат • 29 Наурыз, 2023

Нұраға жайында айтар әңгіме көп

212 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ музыка өнерін шырқау көкке көтерген «Отырар сазы» оркестрі ұлттың рухани жады іспетті. Ондағы әрбір әуен көз алдымызға кешегі бабаларымыздың жүріп өткен жолының жаңғырығын әкелді. Сол барлық аспаптың басын біріктірген виртуоз маэстро, даңқты композитор Нұрғиса Тілендиев еді. Жалғыз өзі қаншама музыканттың арманына қанат бітірді. Біз бүгін сол ғажайып шығармашылық топтың басы-қасында жүрген шәкірті, қобызшы, концертмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрсынхан Қарақожаевамен тілдескен едік. Тілендиевтің «Қара қызы» атанған өнер иесі ұстазын сағынышпен еске алды. Халықаралық деңгейдегі мәдени шараларға белсене қатысып, ұлт өнерін таныстыру бағытында мол еңбек етіп жүрген Тұрсынхан Төкенқызы ұстазымен 14 жыл бірге жұмыс істеген. Қ.Байсейітов атындағы музыка мектебінің 11-сыныбында оқып жүргенде, мұғаліміне хабарласып «Қара қызды, маған шақыр» деп қолқа салады. Дарынын дер кезінде бағалаған ағаның алқауымен шынашақтай қыз «Отырар сазы» оркестрінің бір бөлігіне айналады. Осылайша, сол үлкен ансамбльде 16 жыл қызмет етеді.

Нұраға жайында айтар әңгіме көп

– «Отырар сазы» оркестрі ал­­ғаш құрылған сәттердің куә­­­ге­­рісіз. Сіз көрген Нұрғиса Тілен­диев қандай еді?

– Шіркін, Нұраға шеңберге сыймайтын жан еді ғой. Бізге «незаменимых не бывает» деп ескертетін, ал маған «я тебя никем не замену» деп еркелете айтқаны әлі көкейімде. Көңіл күйі болмаса орысша араластырып сөйлейтін әдеті бар. Оны бірден сезе қоямыз. «Мықты музыкант бол, таптырмас талантты бол, егер адамгершілігің болмаса оның құны бес тиын» дейді. Көбі сұсты жанарынан үрке қашқақтап жүреді. Өзінің бір көрген адамға мінезі қатал көрінгенімен, жақын білген кісі жанашырлығын сезінеді. Кейде бала сияқты бізге де еркелеп алатын кездері болады. Оркестрге қара плащ, дөңгелек шляпасымен кіріп келгенде көңіл күйінің жақсы екенін бірден аңғарамыз. Әлі де сол шақ көз алдымда.

– Ұлы адамдардың қалыпқа симайтыны белгілі. Біздіңше, қа­зақ музыкасында Нұрғиса но­таға емес, нота Нұрғисаға ай­нал­ған секілді...

– Оныңыз рас. Нұраға барда «Отырар сазы» жаңа шығарманы орындауда еш қиналмайтын. Музыкада «контрапункт» деген термин бар, яки екі дыбыстың бір мезгілде қарама-қарсы шығуы. Бұл ағаның фишкасы. Оркестрмен Құрманғазының күйлерін орындарда әр аспаптың үнін, нотаны анық сезеді. Кімнің қай жерде қалып не озып келе жатқанын бірден бағамдайды. Кейбір оркестрлер айлап дайындалса, Нұраға жылдам импровизация жасап, шығарманы жандандырып жібереді. «Қобызшы былай ойна, домбыра қосыл, сазсырнай форшлаг ойна, шертер қосыл» дегенде бәріміз де әуеннің ішіне кіріп кетеміз. Осының бәрі нотада жоқ, ойдан туады. Қай композицияны алып қарасаңыз да солай, ағаның қолтаңбасы менмұндалап тұрады.

– Шетелге гастрольдік сапармен жиі шығып тұр­ды­ңыз­дар. Ондағы ағайын­ның ықы­ласымен бөліссеңіз.

– 1991 жылы Түркияға алғаш рет гастрольдік сапарға шықтық. Ондағы қандас бауырларымыз Нұрағаның келетінін ести сала, әбден дайындалған екен. Қарақұрым халық, залда ине шаншар орын жоқ. Түріктер таңдай қақты, «Ата толғауын» орындадық. Соңында өзі әдеттегідей «Әлқиссаны» тартты. Шымылдық жабыларда сахнаға бір жігіт атып шығып, ағаны құшақтап жібермей қойды. Халықтың қошеметімен тағы да бірнеше шығармасын орындады. Осындай сәт Қызылордада да болған, онда көрерменнің бірі аяғына жығылған еді. Ағаның энергиясы сұмдық қой, бүтін залды билеп тұрады. Сонымен концерт түнгі он бірде аяқталып, халық әрең тарады.

Бәріміз қонаүйге жайғастық. Ағаға басшылар бөлек дастарқан жайған екен, бірақ одан бас тартты. «Өзімнің бала-шағаммен отырамын» деді. Сөйтіп, кең дас­тарқандағы дәм бізге де бұйыр­ды. Нұрағаның Асанбай Асқа­ров­қа айтқан әзілі бар. «Таңертең қазы, түсте қазы, кешке Отырар сазы» деген. Сол сөздегідей біз­дің бөлмеге тәттінің түр-түрі, ет, шампан әкелінді. Сонда ағаның қасында еркелеп отыра береміз. Өнеріне табынған түркиялық азаматтар ағаға көлік мінгізді. Бірі тіпті кілтін алдына қойып, қолындағы домбыраны сыйға беруін өтінді. Сол сәтте ағаның шалт бүлінгенін көрсеңіз. «Мұндай көлік әр музыкантта бар, ал маған домбыраны Жамбыл Жабаев қалдырып кеткен, оның бағасы жоқ» деп дүрсе қоя берді. Жергілікті азаматтардың өздері ыңғайсызданып қалды, ағадан кешірім сұрап әлек. Нұрағаның бас салып, артынан жұбататын мінезі бар. «Ештеңе етпейді, ниеттеріңе рахмет» деп қолын алды. Отырған біз аң-таңбыз, ондай көлік біздің түсімізге де кірмеген.

– Нұрағаның қасында көп жүрдіңіз. Бақсақ, сол кісінің шалт мінезі сіздің де бойыңызда бар секілді.

– Жақында жолдасы Дариға Тілендиеваның туысы Бағила тәтемен Астанада кездесіп қал­дық. Ол кісі аға ауруханада жат­қан­да қараған. Мінезін бір адамдай біледі. Маған ұзақ қарап отырып, «Сен қызға Нұрағаның мінезі жұғыпты» дейді. Тік айтатыным, өнерге деген тазалық, еш нәрсені бұқпай ашық жеткізетінім, кәсіп­қой­лық, мамандыққа деген махаббат бәрі-бәрі ағадан келген қасиет. 14 жыл қасында жүріп болмысын санамызға көшіріп алдық қой. Еліктедік, музыкаға деген құрметіміз артты.

– Сол тік мінезіңізден таяқ жеген кезіңіз болды ма?

– Болды ғой! Өнер иелері арасында көреалмаушылық көп болады. Бірде біздің ансамбльге сырттан домбырашы келді. Сол қалай келді іште алауыздық өрбіді. Оркестр құрылғалы өзін­дік тәртібі, ережесі бар. Оны іштегі музыканттардың бәрі біледі. Мен сол кезде қобызшы, концертмейстермін. Жаңағы домбырашы дайындыққа кешіктің деп жағамнан алмасы бар ма. Біз Нұрағаңның мектебінен шық­қан түлекпіз, сырттан келіп төр менікі дегенді аса ұната қоймаймыз. Соқтықпай, жайына жүруін сұрадым. Сөйтсем, ол менің үстімнен арыз жазыпты. Репетицияда Нұраға ала­көз­деніп қарады. Ішім бір жаман­дық­ты сезіп отыр. Ағаның сөзге ілеспейтінін білемін. Сонда да дайындықтан соң, жұмыстан шығу туралы өтініш жаздым да, бөлмесіне кіріп бардым. Тік қара­ды да, әкел деп қағазды жыртып тастады. «Ақымақ, саған әдейі қарадым, басқаға сабақ болсын деп» деді де, оркестрді тік тұр­ғызып қойып домбырашының сазайын берді. «Музыкантқа мінез керек, мінезсіз музыкант болмайды. Менің «қара қызым» мінезді қыз» деп, шляпасын шешіп басын иді.

– Әңгімеңізге қарағанда, ұжымға қамқорлығы ерекше бол­ған секілді.

– Иә, Нұраға әрқайыссымыздың не істеп жүргенімізді, отбасылық жағдайымызды бәрін жақсы білетін. Себебі музыканттың кө­ңіл күйі шығармаға әсер ете­ді. Шаңқобызшы Гүлсара апа­мыз «Нұреке сен халімді сұра­ғаннан кейін күштімін» дейтін. Амантай ағаны «Әбеке» деп атайтын. Бәрімізге бір-бір лақап ат қойып алып, еркелетіп шақы­ра­ды. Юморы өте мықты. Қажет жерінде тауып та, қауып та айтады. Ол кісі ұжымдағылардың жағдайына қатты көңіл бөлетін. Оркестрдегілердің көбінің баспаналы болуына көмектесті.

– Тілендиевтің тұсында оркес­тірдің атағы әлемді шарлады. «Отырар сазының» Солтүстік Кореяға сапары бір аңыз. Осы диктатор Ким Ир Сен­нің өзін керей қылып жібер­ге­ні рас па?

– 1991 жылы Солтүстік Ко­рея­да ауқымы үлкен халық­аралық фестиваль өтті. Жабық мемлекет болса да елдің абыройы үшін жүгімізді жинап аттандық. Көш басында ¬- Нұраға. Корейлер емен-жарқын күтіп алды. Аға, ұшақтан түсе сала, аудармашы жігітке «сендер бізге туысқансыңдар, корей емес, керейсіңдер» деді. Аудармашы мәз-мейрам. Үш жылда бір өтетін конкурстың бәсі биік. Әр елдің өнерпаздары мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, әндерін паш етеді. Байқауда атақты әнші Людмила Зыкина да жүр. Ол кісі Ким Ир Сеннің сүйікті әншісі екен. Біз додаға сақадай саймыз, ұйымдастырушылар ағаға партитура берді. Себебі мұнда дирижерлер сыны да бар. Бір күннің ішінде жергілікті оркестрді игеру керек. Фольклорлы-этнографиялық конкурста алдымызға жан салған жоқпыз. Аға, сахна төрінде «аудар­машы айт, келесі туынды Ким Ир Сенге арналады» деді. Бұрын үлкен жарыстарда ойнамаған шығармамыз, бірақ ағаны шеберлігі мен психологиясы алға сүйреп кетті. Кезек-кезек жеті шығарма ойнадық. Мұнда нәтижені барлық конкурс біткеннен кейін, бірақ айтады.

Енді бәріміз дирижерлер бай­қауына алаңбыз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас һәм дарынды дирижерлер қаптап тұр. Нұраға ішіндегі ең үлкені. Ереже бойынша, жергілікті симфониялық оркестрмен сол бағытта ерекше бір шығарманы орындау шарт. Дайындалуға бір-ақ күн береді. Нұраға симфонияны түнімен ұйықтамай қарап шықты. Ойлаңызшы, оркестрде 140 музыкант бар, басы көрінгенімен аяғы көрінбейді. Репетицияға біз де бірге еріп бардық. Залға қазақшалап амандасты да, «бас­тайық» деді. Аудармашы орысша сөйлеуін сұрап еді, «керек болса қазақша аударасың» деп оны тыйып қойды. Иә, бір қырсықса солай тап береді. Көзінен көріп тұрмыз, өзі де уайымдап тұр. Нотаны ашты да, бір деммен баяу алып шықты. Мұнда темп басқаша, тезірек жүреді. Аға, енді өзін еркін сезіне бастады, екінші ретіне ерекше орындады. Соңында қазақшалап фирма тастады, әуенді ұзақ үзбей ұстап тұрды. Бұл тіпті симфонияны әрлеп жіберді. Екі сағаттан кейін байқау басталады.

– Ким Ир Сен қазақтың дом­бы­расына қайран қалды дейсіз ғой...

– Шыны керек оның өнерге әуес­тігін көріп, біз де қайран қалдық. Зал лық толы. Пхеньян халқы Ким Ир Сен тұрса тұрады, отырса отырады. Нұраға сахнаға шықты, тер буып тұр. Құдды бір ай бойы репетиция жасаған секілді. Музыканттардың рухын жұтып алғандай көзінен жалын атады. Мықтының аты, мықты жергілікті оркестр сұмдық ойнады. Сол сәт Алтын қорда бар, біздің телеарналар түсірді. Көрсеңіз, көңіліңіз босайды. Симфонияны бірден бітіре салған жоқ, соңғы ноталарды созып, залға қарап тәмамдады. Монитордан қарап отырған Ким Ир Сен тік тұрды, іле көрермендер де қошеметін аямады. Шыға сала, қарсыластарының бәрінің қолын алды. Бізге «қалай, өлтірдім бе?» дейді мәз болып. Расымен, Гран-при алатынымызға күмәніміз болған жоқ.

– Сонымен...

– Енді залдың бесінші қата­рын­да фестивальдың нәтижесін күтіп отырмыз. Отырған орны­мызға қарап, көңілімізге кү­дік ұялай бастады. Бірінші қа­тарға өзге елдің музыканттары жайғасып алған. Сахнаға жүр­гізуші шығып, шиқылдаған дауыспен «Н.Тилендиев» деп шақырды. Композиторлығы үшін бір рет шықты, оркестр үшін екінші рет шықты. Бесінші қатардан шығу да оңай емес, Нұраға «тағы шақырып қалар» деп шетте отыр. Қуанышымызда шек жоқ.


Айтқандай-ақ ди­­ри­жерлік ше­бер­лі­гі үшін Гран-при бұйыр­ды. Енді болды ма дегенде, Ким Ир Сенге арнаған композициясы үшін арнайы сыйлық та ал­ды. Бәріміз орнымыздан тұрып, хормен әнұранымызды шырқадық. Ол жердегі атмосфера сұмдық енді. Одан кейін әрқайсымызға жеке-жеке сыйлық берді. Маған жеке орындаушы ретінде, арнайы марапат табыс етті.

– Ал Ким Ир Сенің сүйікті әншісі Людмила Зыкина қайт­ті?

– Әлемге аты шыққан Зыкина бірінші орынды қанағат тұтты. Дегенмен ол Нұрағаны жақсы таниды екен. Байқаудан кейін жайылған дастарқанда іздеп келіп қолын алды. «Нургис, сен бүгін бәрін өлдірдің. Жыл сайын бас жүлдені мен алатынмын, бүгін сен бәрінен оздың. Гран-придің қаржысы қанша екенін білесің бе?» деді де, вальске шақырды. Зыкина өте кербез де сұлу әнші ғой. Нұраға джентльмендерше орнынан тұрып, қол ұсынып: «Сен мәңгілік сұлусың» деп құлағына сыбырлады да, екеуі биледі. Өкінішке қарай, сол сәттен белгі болар ешқандай сурет жоқ. Сондай бір әсерлі оқиға болды. Бізді Солтүстік Кореяда күтіп алған жігіт жылап тұрып, шығарып салды.

Елге келген соң министрлер теледидарды көріп барып, бір-ақ құттықтады. Нұраға жөнінде айтылмаған шындық көп. Оның да уақыты келер...

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

 

Жетісу облысы