Технология • 29 Наурыз, 2023

Құтқарушы құлтемір

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Вячеслав Кузьмин өрт кезінде адамдарды құтқаруға арналған құлтемір ойлап тапты. Ерте жастан робот жасауға қызығушылығы да, бейімі де бар жасөспірім 5-сыныптан бастап мектептен тыс уақытта «техникалық шығармашылық орталықта» қосымша білім алады. Аталған жобаны орталықтағы тәлімгері Айнұр Сұраншиеваның жетекшілігімен жүзеге асырған.

Құтқарушы құлтемір

Өнертапқыш жасөспірімнің айтуынша, аталған құлтемір өрт кезінде тілсіз жауды сөн­діріп қана қоймай, қою түтін­нің ішінен өрт құрсауында қал­ған адамдарды да іздеп табатын қабілетке де ие екен. В.Кузь­минді өңірде орын алған түрлі деңгейдегі ауыр апаттар әбден толғандырған. Әсіресе өңірде болған жойқын жарылыс, тө­тенше жағдай оның ойын онға бөлген. Қысқасы, оқыс оқиға кезінде адамдар басын бәйгеге тікпей, олардың орнына техникалар жұмыс істесе деген ой-арманын жүзеге асыруға жедел кіріскен. Роботтың жұмысын оң­тайландыру жолын әбден қарастырған. Біраз уақытқа со­зылған ізденістің арқасында тілсіз жаумен күресетін құл­те­мір пайда болды.

– Роботтың алдында жолай кедергі келтіретін заттарды жыл­жытуға арналған арнайы құ­рылғысы бар. Одан бөлек, алдында орналастырылған арнайы камера арқылы сыртқы жағдайды бақылауға мүмкіндік мол. Роботтың ішіне екі бак орналастырылған. Оны жағдайға қарай көпіршікпен немесе сумен толтыруға болады. Бұл құлтемір сұйық­тықты кем дегенде 5 метр қашықтыққа шаша алады. Роботты қашықтықтан басқару мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ құлтемірдің ультра­дыбыстық қондырғысы бар екенін айта кеткен ләзім. Ол от­тың ошағын табуға барынша көмектеседі. Әрине, әлі де кем секілді көрініп тұрған бір қайнауын келтіру жолында аянбай тер төгіп жатқан жайымыз бар, – дейді Вячеслав Кузьмин.

Өнертапқыш оқушы жаңа­лығын әрмен қарай жетілдіре түсуге ниетті. Оның айтуынша, алдағы уақытта құлтемірді дрон­мен байланыстыру жолдарын қарастырып көрмек. «Құл­темірді дронмен байланыстыру арқылы көпқабатты үйлерде өрт болған жағдайда жылдам әрі сапалы әрекет ету мүмкіндіктерін қарастырып жатқан жайымыз бар. Бұл робот әзірге патенттелген жоқ. Алдағы уақытта осы бір еңбе­гімізді төтенше жағ­дайлар департаментінің ма­мандарына таныстыруды жос­парлап отырмыз. Бұйыртса жақ­сы жаңалықтармен бөлісетін шы­ғармыз», дейді ол.

Тілсіз жаумен күресуге қа­бі­летті құлтемірді ойлап тап­қан оқушы алдағы уақытта басқа да тың идеяларды жүзеге асыруға ниетті. Алдағыны уа­қыт көрсете жатар. Бастысы, шынашақтай баланың жаңа­шылдыққа ұмтылысы көңіл қуантады.

 

ТАРАЗ