Спорт • 29 Наурыз, 2023

Парижде бағымды тағы бір сынап көремін – Алмат КЕБІСБАЕВ

497 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Олимпиада бағдарламасына енген күрестің барлық түрі бо­йынша әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына бес мәрте көте­рілген елімізде екі-ақ балуан бар. Алғашқысы – Валерий Резанцев. Даңқты жерлесіміз өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қарсыластарын қоғадай жапырып, бас жүлдені бес рет олжалады. Екіншісі – Алмат Кебісбаев. Грек-рим күресін серік еткен қандасымыздың еншісінде дүниежүзілік доданың бір күмісі мен төрт қоласы бар. Одан бөлек, Алмат Азия ойындары (1 күміс, 1 қола), Азия чемпионаты (2 алтын, 3 күміс) және Дүниежүзілік Универсиадада (1 күміс) атой салды. Балуанның жасы 35-тен асса да, ол бозкілеммен әлі де қош айтысқан жоқ. Бүгінгі кейіпкеріміздің басты мақсаты – Париж Олимпиадасында жеңіске жету.

Парижде бағымды тағы бір сынап көремін – Алмат КЕБІСБАЕВ

Сол кезде қатты жарақаттанғаным рас. Бір сағаттан кейін қола медаль үшін күресуім керек болды. Бастапқыда бапкерлер мен дәрігерлер рұқсат бермеді. Бірақ мен «барлық жауапкершілікті өзіме аламын» деп қолхат жазып беріп, бозкілемге шықтым. Ақырында қарсыласымды сан соқтырып, қола медальды мойныма ілдім.

– Алмат, екеуміз осыдан 13 жыл бұрын танысқан едік. 2010 жылы Түменде өткен Иван Поддубныйдың турнирінде топ жарып, барша жан­күйер назарын өзіңе аудардың. Себебі «кіші әлем чемпионатына» ба­ланған бәсекеде еліміздің са­наулы ғана балуанының бағы жан­ғанын жұрт жақсы біледі. Дәл осы Поддубныйдың турнирінде олжалаған бас жүлде сенің келе­шек­те­гі жарқын жеңістеріңнің алтын бастауы болды деп айтсақ бола ма?

– Негізі оған дейін де ересектер арасындағы жарыстарда елеулі табыстарға қол жеткізген едім. Мәсе­лен, 2008 жылы студенттер арасында әлем чемпионы атанып, келесі жылы Азия біріншілігінде күміс медальды мойныма ілдім. Иә, Поддубныйдың турнирі де маған үлкен серпіліс бергені рас. Түменде келешекте Лондон Олим­пиадасы мен Ыстанбұлдағы әлем чемпионатында қола медаль иеленген аварлық Заур Курмагомедовті қапы қалдырып, Ресейдің екі дүркін чемпионы Максим Мордовинді ұттым. Финалда америкалық Джозефф Батер­маннан басым түсіп, бас жүлдені қанжығама байладым.

– Жалпы, Семей өңірінде балуандық өнер өте жоғары деңгей­де дамығаны баршаға аян. Ал Үржардың грек-рим күресінің даңқты тіптен шарықтап тұр. Алыс­қа бармай-ақ, ХХІ ғасыр табал­дырықтан аттаған кезеңге тоқ­тал­сақ, көп нәрсеге қанық боламыз. Сол аралықта бұл өңірден Әсет Иманбаев, Әсет Мәмбетов, Дәурен мен Дархан Баяхметовтер, Ербол Қоңыратов сынды саңлақтар шық­ты. Осы спорт түріне сол ағаларыңа еліктеп келген боларсың?

– Жерлес ағаларымды күрес үйірмесіне келген кезде ғана тани бастадым. Ал спорттың осы түрін таңдауыма тікелей ықпал еткен – өзімнің нағашы ағам Марат Сүлейменов. Кезінде ол кісі де жақсы күресті. Көбіне-көп Марат ағама еліктедім. Ауылда Жұмаш ағаның қол астында жаттықтым. Ол – қазақтың әйгілі балуаны, жастар арасындағы әлемнің екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Әсет Иманбаевтың әке­сі. Кейіннен балуандық өнердің қыр-сырына қаны­ға­ бастағанымда өзіңіз жоғарыда есім­де­рін атаған ағаларымның өнерін жіті бақыладым. Ол жігіттерден де көп нәрсе үйрендім.

– Сәл ертеректе берген сұхбат­тарыңның бірінде сен «Әкем спортшы, анам музыкант болғанымды қалады» деп айтқан едің...

– Әкем бала кезімнен Сымбат ағам екеумізді жүгіртіп, секіртіп, бел­­темірге тартылдырып, шпагатқа отыр­­ғызып, асау аттарға мінгізіп, әбден шынықтырып өсірді. Ал анам 40 жылдай өнер жолында еңбек етті.­ Аудандық музыка мектебінде дом­бырадан сабақ берді, кейіннен Мә­де­ниет үйінің директоры қызметін ат­қарды. Анашым мені музыкаға да бау­лыды. Бірақ ақырында әкемнің «Сен жігітсің ғой. Күресуің керек!» деген бір ауыз сөзі менің түбегейлі спортпен шұғылдануыма түрткі болды.

– Қазір де музыкадан қара жаяу емес шығарсың?

– Музыканың да маған бергені көп. Екінші сыныптан бастап сах­на­ға­ шығып, халықтың алдында өнер көр­сеттім. Ғибрат Азубаев ағамыз же­тек­ші­лік ететін «Сонар» ән-би ансамблі құра­мында Семей мен Өскеменнен бас­тап, Алматы, Кишинев, Харьковке дейін барып қайттым.

– Кейіннен Астанадағы Қажы­мұқан атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған ма­ман­дандырылған мектеп-интер­натқа қабылдандың. Күш ата­сы­ның есімін иеленіп отырған қара ша­ңырақта көп нәрсе үйренген боларсың?

– Менің интернатқа түсу тари­хымның өзі қызық. Бірде Павло­дарда өткен республикалық турнирді үшінші орынмен қорытындыладым. Өнерім жер­гі­лікті мамандардың көңілінен шық­са керек, олар мені сол жақтағы интер­натқа қабылдағысы келді. Жатақ­ханадан орын беріп, сабаққа да барып үлгердім. Сол жағдайдан құлағдар болған бетте ата-анам қоңырау шалып, ауылға қайт деді. Мен әу баста көнбедім. Әке-шешем: «Павлодарда ешбір тамыр-танысымыз жоқ. Біз сен үшін алаңдаймыз. Алматы немесе Астана болса бір сәрі. Әйтеуір, ол жақта Үржардың бапкерлері мен балуандары бар. Солар саған көз қырын сала жүрер», деп ақыры мені көндірді. Сөйтіп, Астанадан бір-ақ шығып, білікті бапкер Рысбек Нұрғазиннің қол астында жаттыға бастадым.

– Біздің білуімізше, сен ересектер дуында 2008 жылдан бері бақ сынап жүрсің. Сол кезде ел­ішілік жарыстардағы басты қар­сыластарың кімдер еді?

– Жастар буыны арасындағы жарыстарды аяқтағаннан кейін Болат Тұрлыхановтың мемориалында бірінші орын алып, қырағы мамандардың назарына іліктім. Ұлттық құраманың бас бапкері Таңат Сағындықов республикамыздың бас командасына шақыртты. Сол кезден бері ересектер арасында елеулі табыстарға жете бастадым. Иә, ол кездері мен өнер көрсеткен 60 кило салмақ дәрежесінде бәсекелестік өте күшті болды. Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтан бастап, Ербол Қоңыратов, Бекжан Жарболов, Елдар Қайратов және тағы басқа беделді балуандармен күш сынастым.

– Қазіргі жаттықтырушың Боранбек Қоңыратов екен. Кезінде еліміздегі белді балуандардың бірі болған білікті бапкердің қол астында қай кезден бері жаттығып жүрсің?

– 2005 жылы Астанадағы мектеп-интернатты тәмамдап, құжаттарымды сөмкеге салдым да, ауылға қайттым. Шыны керек, ол кезде екі ойлы болып жүрдім. Күресті жалғастырайын десем, ересектерді алып ұруға әлім жетпейді. Ал көптің бірі болып жүре беруді жаным қаламады. Осындай қысылтаяң шақта жанымнан тағы да сол жанашыр нағашы ағам табылды. Сол кісінің ақыл-кеңесін тыңдап, Алматыда орналасқан Қазақтың Спорт және туризм академиясына оқуға түстім. Сол кезден бері Боранбек Қоңыратовтан тәлім-тәрбие алып жүрмін.

– 2010 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысқаныңа қара­ма­стан қола медаль иеленіп, қазақ жан­күйерлерін бір желпіндіріп тас­та­дың. Мәскеуде дәл осы межеден көрінемін деп ойладың ба?

– Шыны керек, ол кезде ешкімді танымайсың, кімнің қалай күресетінін де білмедік. Өйткені ғаламтор қа­зір­гі­дей дамымаған. Қарсыластарым жайында қолымда мардымды мәлі­меттер болмағандықтан, өзімнің интуицияма сүйенуге тура келді. Ал­ға­шында аңдасып, арбасып жүріп, бәсеке бел ортаға таяған тұста қар­қынымды күшейтіп, біраз мықтыны жолымнан ығыстырдым. Алғашқыда швейцариялық Патрик Стадельман және үндістандық Стив Равиндерден  айламды асырдым. Үшінші айналымда Өзбекстанның атақты балуаны, әлем және Азия чемпионы Ділшод Ариповті сан соқтырдым. Жартылай финалда әзербайжандық Хасан Әлиевке есе жібердім. Бас жүлде үшін таласу мүмкіндігінен айырылғаннан кейін қалай да жеңіс тұғырына көтерілуді мақсат тұтып, болгариялық Иво Ангеловқа қарсы «бес қаруымды» асынып шықтым. Бұл бәсекеде жеңіске жетіп, қола медальды уысыма түсірдім.

– 2011 жылы Ыстанбұлда әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігің болды. Барлық қар­сыласты сыпыра ұтып, финалға дейін алқынбай жеттің. Алайда шешу­ші сында ирандық Үміт Нору­зиден жеңілдің. Финалда қандай ағаттық жібердің?

– Бастапқы бәсекелерде Еуропа біріншілігінің үш дүркін жүлдегері, болгариялық Иво Ангелов, Бейжің Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері, құрлық чемпионы қырғызстандық Руслан Түменбаев, даниялық Андрес Экстрем және венесуэллалық Луис Лиендонан басым түстім. Финалда ол кездері Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар, кейіннен Олимпиада чемпионы атанған Омид Норузиді жеңіп жатқанмын. Сол кезде қорғанысқа көбірек мән беріп, басымдығымды сақтап қалуыма да болар еді. Бірақ ол желкеден тартқылап, баспен ұрып, қитұрқы әрекеттерге барды. Мен де жауап қайтармақ болып, қызбалыққа салындым. Сөйтіп, салқынқандылық танытпағанымның салдарынан опық жедім. Соңғы кезеңде 5:6 есебімен есе жіберіп, алтын медальдан айырылдым. Әрине, шешуші тұста ұтылғаным өкінішті. Бірақ бұны мен «трагедия» деп есептемеймін. Өйткені төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста осы межеге жеткендер де бар, жетпегендер де бар. Ыстанбұлдағы күміс медаль менің спорттық ман­сабымдағы ең зор табысым екенін де естен шығармаған абзал.

– Содан кейін 2015 жылы Лас-Вегас, 2019 жылы Астана және 2021 жылы Ослодағы әлем чемпионаттарында қола медальды мойныңда жарқыраттың. Әрине, бұл – тамаша көрсеткіш! Десек те бас жүлдеге қол жеткізе алмағаныңа өкінбейсің бе?

– Жалпы, бес жарыста да менің әлем чемпионы атануға мүмкіндігім болды. Бірақ бас жүлде бұйырмады. Кім білсін, бәлкім ол атаққа мен лайық болмаған шығармын.

– Құрлықтық деңгейдегі жарыс­тарда да сан мәрте дараландың. Тар­қатып айтсақ, 2014 жылы Инч­хонда алауы тұтанған Азия ойын­дарында қола медаль иелендің. Барша жанкүйер бұл қоланы алтынмен пара-пар деп жатты. Өйт­кені соның алдындағы бәсеке­лер­дің бірінде миың шайқалып, жа­ғың сынған болатын. Бірақ сен тәуекелге бардың...

– Азия ойындарына Солтүстік Корея балуаны, әлем чемпионаты мен Азия ойындарының жүлдегері Юн Вон Чхольге есе жібердім. Сол кезде қатты жарақаттанғаным рас. Бір сағаттан кейін қола медаль үшін күресуім керек болды. Бастапқыда бапкерлер мен дәрігерлер рұқсат бермеді. Бірақ мен «барлық жауапкершілікті өзіме аламын» деп қолхат жазып беріп, бозкілемге шықтым. Ақырында қарсыласымды сан соқтырып, қола медальды мойныма ілдім. Елге орал­ғаннан кейін 10 күннен кейін ота жасаттым. Сол кезде жағымнан бармақтай бір сүйектің бөлшегін алып тастады. Егер ота уақтылы жасалғанда, оны жалғауға болатын еді. Бірақ сынық жақпен күресіп жүріп, сүйегімнің үгітіліп кеткенін де сезбеппін.

– 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарында күміске қол создың. Небір мықтыларды жолың­нан ығыстырғаныңмен, финалда әлемнің екі дүркін чемпионы, оңтүстіккореялық Рю Хан Суға әлің жетпеді. Дәл сол балуан Инчхондағы додада дара шыққан еді. Бұл жолы ал­тын тұғырға көтерілуіңе не кедер­гі болды?

– Жакартада қарсыласымды екі ұпай айырмашылығымен ұтып жатып, жеңісті уысымнан шығарып алдым. Ол кезде тактикалық тұрғыдан қателестім. Анықтап айтсам, атойлап жеңемін деп, ағаттық жібердім.

– Алмат, екі бірдей Олимпия ойындарына қатысып, екі ретінде де жүлдегерлер қатарына қосыла алмауың әлі күнге дейін жаныңды жегідей жейтін шығар?

– Әрине, әр спортшының арманы – Олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілу ғой. Бірақ екі ретінде де менің жолым болмады. 2012 жылы Лондондағы додада өзімнің сыралғы қарсыласым, ирандық Үміт Норузиден жеңілдім. Арада небәрі 10 минут өткеннен соң қола медаль үшін белдесуге шықтым. Дұрыс тынығып та үлгермедім. Ақыры жапониялық Рютаро Мацумотоға жол беріп, бе­сінші орында қалып қойдым. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында да жаман күрескен жоқпын деп ойлаймын. Әсіресе Иранның даңқты балуаны, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, әлем­нің алты дүркін чемпионы Хамид Сорианмен болған белдесу есімде ерекше сақталды. Күрес барысында 0:7 есебімен ұтылып жатқаныма қарамастан, қарсыласымды қос жауы­ры­нымен жерге қададым. Бірақ бұл тартыста барлық күшімнің сарқыл­ға­нын келесі кездесуімде анық сез­дім. Сөйтіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері норвегиялық Стиг-Андре Бергеге есе жіберіп, жүлделі орын үшін таласу мүмкіндігінен айы­рылдым. Міне, менің екі бірдей Олим­пиа­дада жеңіс тұғырына көтеріле ал­мауымның тарихы осындай. Ал жалпы алғанда менің спорттық мансабымда жарқын жеңістер аз болған жоқ. Сондықтан да барға ризамын. Осындай көрсеткішке қол жеткізе алғаным үшін Алла Тағалаға шексіз алғыс айтамын.

– Алмат, сен ұлттық құрама сапында 15 жылға жуық өнер көр­сет­тің. Сол аралықта небір дүл­дүл­дермен күш сынастың. Солар­дың ара­сынан кімдерді бөле-жара атап өтер едің?

– Өз еліміздегі Нұрбақыт Теңізбаевтың менің осы деңгейге жетуіме қосқан үлесі ұшан-теңіз. Осындай мықты балуанмен үзеңгі қағыстыра жүріп, менің де шеберлігім өсті. Шетелдіктер арасынан Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің алты дүркін чемпионы ирандық Хамид Сорианды атап өткім келеді. Онымен бозкілемде бір мәрте ғана кездестім. Ал сол кездесуге мен жылдар бойы дайындалдым. Мәселен, Рио Олимпиадасы қарсаңында өзімізге спарринг әріп­тес таңдауымызға рұқсат берді. Өз ко­ман­даластарымның арасынан менің таң­дауым әдіс-тәсілі Сорианға келің­кірейтін Руслан Итемгенов пен Қорлан Жақаншаға түсті.Соның арқасында Олимпия ойындарында мен оны ұттым.

– Былтыр сен үлкен спортпен қош айтысып, бірден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының аға жат­тықтырушысы болып тағайын­дал­дың. Алайда биылғы ақпан айында Алматыда өткен Спартакиадада бой көрсеттің. Жасың 35-тен асса да бабыңда екеніңді байқатып, бас жүлдені олжаладың. Жалынды жас­тармен арпалысу қаншалықты қиын болды?

– Иә, жастар өсіп жатыр. Олардың екпініне төтеп беру әсте оңай емес. Алматыда өзімнің мықтылығымды мойындату үшін маған көп еңбектенуге тура келді. Тұсаукесер кездесуімде был­тыр жастар арасындағы әлем бірін­шілігінің күміс жүлдегері Дінмұхаммед Қошқарды қапы қалдыр­дым. Жартылай финалда жабық ғима­раттағы Азия ойындарының жеңімпазы Данияр Қаленовті жеңіп, финалда Кенді Алтайдан келген тағы бір мықты балуан Мерей Бекеновтен басым түстім.

– Бозкілемге қайта оралғаныңа қара­ғанда келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойын­дарында күш сынасуды көздеп отыр­ған секілдісің?

– Ойыңыз дұрыс. Егер 67 кило салмақта елішілік жарыстар мен халықаралық аренада өзімнің мықты­лы­ғымды дәлелдей алсам, Парижде бағымды тағы бір сынап көремін.

– Алмат, әңгімеңе рақмет! Көз­деген мақсатыңа қол жеткіз. Лондон мен Рио Олимпиадаларындағы олқы­лықтың орнын Парижде тол­ты­руыңа тілектеспіз.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»