Әскер • 30 Наурыз, 2023

Теңіз айбыны

307 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сәуірдің екінші жұлдызында еліміздің Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай Ақтау қаласындағы әскери-теңіз базасында болып қайтқан едік. Ондағы мақсат – еліміздің айбыны мен айдынын асырып отырған әскери теңізшілердің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу.

Теңіз айбыны

Ақтаудағы алғашқы күніміз Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжановтың басшылығымен жүргізілген командалық-штабтық оқу-жаттығулармен басталды. Алдымен әскери-теңіз базасының жеке құрамы жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейіне келтірілді. Теңізшілер белгіленген уақытта тұрақты қызмет орнына келіп, кемелерді шұғыл ұрысқа және жорыққа дайындауға кірісті. Кемелік кестелер кітабына сәйкес, әрбір әскери қызметші міндетін атқару үшін өз орындарынан табылды. Кемелерді жорыққа дайындау кезінде базалық пунктте қорғаныстың барлық түрі ұйым­дастырылды.

вар

– Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, кемелер дайын болған соң жоғары тұрған қолбасшылықтың рұқсатымен теңіз жорығына шығамыз, – дейді әртекті кемелер дивизионының командирі 3-дәрежелі капитан Мұрат Баймұханов. – Теңіз полигонында түнгі, күндізгі атыстар ұйымдастырылады. Атыс жат­тығуларының бәрі артиллериялық атыс ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Теңіз нысанасына шағын кеме макеті пай­да­ланылады. Әуе нысанасы ретінде гельмен толтырылған шарларды аламыз. Сонымен бірге жүзетін мина макеттерін де жою жүзеге асады.

Біз дивизион командирінің ұсы­ны­­сымен «Қазақстан» зымыран-артил­лериялық кемесіне арнайы ат басын бұрдық. Бұл жауынгерлік кеме Әскери-теңіз күштерінің флагманы болып саналады. 2013 жылы 7 мамырда «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі мен «Жайық» гидрографиялық кемесі «Мәтібұлақ» полигонында өткен жауынгерлік парадқа қатысып, Каспий теңізінің қазақстандық секторында онлайн режімде өздерінің атыс мүмкіндіктерін көрсеткені көптің есінде.

2012 жылы Шаған өзеніне түсіріліп, Каспийге келіп жеткен кіші зымыранды-артиллериялық кеме «Зенит» Орал зауытында шығарылған отандық өнім. Сол жылы кеме командирі, капитан-лейтенант Еркебұлан Дәркенбаев бастаған алғашқы экипаж «Қазақстанды» Әскери-теңіз күштерінің сапына қосқан болатын. Бүгінде осы алғашқы экипаж құрамында болған бас старшина Дәрмен Жұмағалиұлы кемедегі қызметін әлі жалғастырып келеді. Бізді жылы ұшырай қарсы алған 3-дәрежелі капитан өзін «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі Руслан Яхьяров» деп таныстырды.

Жауынгерлік дабылды алысымен кемеге келіп жеткен жеке құрам көзді ашып-жұмғанша өз міндеттерін орындауға кірісіп кеткені оңай байқалады. Оның ішінде жорыққа дайындық барысында пирстегі кемелерді әуе шабуылынан қорғауды ұйымдастырып үлгерген. Осы жерде Ақтау теңіз портында орналасқан жауынгерлік кемелер тұрақтайтын бұл айлақ ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында пайдаланылуға берілгенін атап өткен жөн. Ұзындығы 400 метрлік кешен бір мезгілде оннан астам кемені қабылдай алады екен. Бұған дейін әскери теңізшілер Баутино айлағынан ашық теңізге шығуға алты сағат жұмсаса, Ақтау портына көшкелі уақыт төрт сағатқа қысқарған.

Әскери кемелерді кәсіби білікті теңізшілер тізгіндеген. Офицерлердің басым көпшілігі – бауырлас Түркия, Ресей Федерациясы, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдердің жетекші жауынгерлік оқу орындарын бітірген түлектер. «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі 3-дәрежелі капитан Руслан Яхьяров – кәсіби теңізші. Санкт-Петербургтегі әскери-теңіз институтының 2010 жылғы түлегі. Алғашқы қызметін әскери-теңіз базасында штурмандық-жауынгерлік бөлімнің топ командирі лауазымынан бастаған. Кеме экипажындағы офи­церлердің бәрі әскери білім алған білікті мамандар. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің де дені Ақтаудағы әскери-теңіз институтының түлектері.

Матростардың да техникалық жоғары және арнаулы орта білімдері бар екенін айта кеткен артық болмас. Олардың бәрі мерзімді қызметке өткен жылдың күзінде Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған жастар. Жауынгерлік бөлімнің моторисі матрос Владислав Петров пен аға маман матрос Алтынбек Қазенғазы әскерге дейін арнаулы орта білім алған. Владислав 2021 жылы Семейдегі көлік транспорты колледжін бітірген соң «Қазақстан су жолдары» мекемесінде еңбек еткен. Негізі Владиславтың әкесі Валерий Николаевич те Кеңес одағы тұсында Солтүстік теңіз флотында мерзімді қызметін өтеген. Әскерден соң Мурманск қаласында 6 жыл аға мичман болып қызмет еткен. Қазақстанға оралған соң Семейдегі танк полкында келісімшартпен қызмет атқарған. Бүгінде «Қазақстан су жолдары» мекемесінде кеме механигі болып еңбек етеді екен. Ал Абай облысының Үржар ауданынан әскерге шақырылған Алтынбек Алматы теміржол колледжінің түлегі. Мерзімді қызметі аяқталған соң жоғары білім алмақ ойының барын айтып қалды. Өткен жылдың күзінде әскерге шақырылған қос матрос әбден ысылған. Өз ісінің маманы деуге болады. Қимылдары нақ. Өздеріне сенімді.

Әскери-теңіз күштері әртекті кемелер дивизионының зымыран-артиллериялық корабльдер тобы теңіз жорығы тапсырмаларын орындауға әзірлігін баяндаған соң 3 дәрежелі капитан Руслан Яхьяровпен әңгімеміз қайта жалғасты.

– Бұл жиынның мақсаты – Каспий теңізінің қазақстандық секторында қолайлы жедел режімді ұстап тұру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің жалауын көрсету – дейді Руслан Тұрғанұлы. – Теңіз жорығы кезінде жеке құрам кеменің әуе шабуылына қарсы қорғанысын, кемеге қарсы және минаға қарсы қорғанысты ұйымдастыру секілді тапсырмаларды пысықтайды.

Әскери теңізшілер 30 мм АК-306 артиллериялық қондырғысынан, 23 мм зениттік құрылғыдан және 12,7 мм «Утес» оқшашарынан теңіз межелері бойынша практикалық оқ атуларын өткізеді. Мұндай іс-шаралар кеме экипаждары жеке құрамының жоғары машығын, кемелердің бірлесіп жүзуі кезіндегі үйлесімділігін, жауынгерлік бөлімге деген жауапкершіліктерін арттырары сөзсіз.

Жалпы, оқу-жаттығулардан бөлек, әскери теңізшілердің теңіз жорығы жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүргізіледі. Олар ерте көктем – наурыз айынан бастап, желтоқсан туғанша әртүрлі мерзімге теңізге шығады. Жеке құрам теңіз полигонында кемедегі қару-жарақтың бар түрінен жауынгерлік атыстар жүргізіп машықтанады. Жылына екі рет Каспий теңізі бойынша жорықтар жасайды. Бұл сапарларда біздің әскери теңізшілер Ресей Федерациясының, Әзербайжанның, Иран Ислам Республикасының және Түрікменстанның мемлекеттік теңіз шекаралары бойымен бір жарым мыңға жуық теңіз милін жүріп өтеді. Бұдан өзге Халықаралық армия ойындары аясында дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген «Теңіз кубогы» сайысына үзбей қатысып келе жатқан біздің жігіттер сәтті өнер көрсетіп келеді. Еліміздің әскери теңізшілері 2015, 2016, 2018 жылдары өткен конкурстардың күміс жүлдегерлері атанса, 2017, 2019, 2021, 2022 жылдары үшінші орынды иеленген.

Сырт көз – сыншы. Әскери-теңіз саласындағы мүйізі қарағайдай шетелдік бақылаушылар қазақстандықтардың теңіз дайындығына, жүзудің әртүрлі жағдайларында кемені басқару практикасына, жеке және кемелер тобы құрамында оқу-жауынгерлік іс-қимылдарды сауатты жүргізу қабілетіне үнемі жоғары баға беріп келеді.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің Әскери-теңіз күштері қажетті тәжірибе жинақтап, мемлекетіміздің әскери қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мүддесінде жауын­герлік және жұмылдыру әзірлігін толық­тай жетілдіре алды. Әскери-теңіз күштері сынды айрықша қуатты құры­лымда қызмет ететін офицерлер мен матростардың теңіздің тулаған толқын­дарымен арпалыса жүріп атқаратын жауапты міндеттеріне біз де сәттілік тілейміз.

 

Мұхарбек МАХАМБЕТ,

әскери журналист