Шаруашылық • 30 Наурыз, 2023

Күнбағыс өсірушілер көмекке мұқтаж

327 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында майлы дақыл егумен айналысатын диқандар алаңдап отыр. Жақында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті кеңсесінде жиналған фермерлер биыл жыл басында Үкімет шешімімен күнбағыс экспортына салынған кеден салығы отандық кәсіпкерлерді тұралатып кететінін айтып, мұңын шақты.

Күнбағыс өсірушілер көмекке мұқтаж

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мәселенің мән-жайы мынадан шыққан: Елімізде 2023 жылғы 20 қаңтардан бастап күнбағыс дәнін шетелге шығарып сатқан кезде қосымша кеден салығы салынатын ереже бекітілді. Қазақстан Республикасы Премьер-ми­нистрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің бұйрығымен күнбағыс экспортының әр тоннасына 20% немесе 100 еуро мөлшерінде баж қолданылатын болды. Бұл, әрине, елімізде майлы дақыл тапшылығын болдырмас үшін жасалған әрекет болатын. Алайда бұл шара трейдер компаниялар үшін дән бағасын бірден қымбаттатып, жергілікті фермерлер тауарын сата алмай қалды. Оның үстіне соңғы кездегі оқиғаларға орай Ресей Федерациясы тарапынан келген импорт та батысқазақстандық диқандардың сорына шығып тұр: «Біз ресейліктермен бәсекеге түсе алмаймыз. Жағдай осылай бола берсе, банкрот болатын күніміз алыс емес», дейді олар.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке қарағанда, 2022 жылы Қазақстанда 3 млн тонна майлы дақыл өндірілген. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен (2,4 млн т) 25%-ға жоғары. Соның ішінде күнбағыс көлемі де оның алдындағы жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп, 1,3 млн тонна өнім жиналған екен.

Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша 145 мың тонна майлы дақыл тұқым жиналды, оның ішінде күнбағыстың көлемі – 56,4 мың тонна болыпты. Бұл – жалпы еліміз бойынша жиналған дәннің 4,3% пайызы ғана. Бүгінде облыстағы астық қабылдау кәсіпорындарында 23,6 мың тонна күнбағыс дәні сақтаулы.

Салыстыра қарағанда бұл азғантай ғана сияқты болғанымен, майлы дақыл өсіретін шаруа­шы­лықтар осы аз дәннің өзін лайықты сата алмай әлек.

Фермерлер жергілікті элеваторлар қазір 3-сыныпты астықтың әр тоннасын – 85 мың теңгеден, 5-сыныпты 67 мың теңгеден қабылдап жатқанын айтады. Былтыр ғана астықтың тоннасы 120-160 мың теңге тұратын. Бағаның мұншалық құлдырауы диқан қауымын қарызға батырып отыр. 2022 жылы күнбағыс дәнінің тоннасы 240-260 мың теңге болса, қазір баға 30-35 пайызға құлдырап, 170 мың теңгенің айналасында ғана. Былтыр мақсары дәні 180-200 мың теңге болса, биылғы баға 85 мың теңгеден аспай қойды. Мұның бір себебі – іргедегі Ресейден дәнді дақыл ағылып жатыр. Геосаяси жағдайларға байланысты Ресейге салынған экономикалық санкциялар ежелден қалыптасқан арасалмақты бұзып кеткен. Ресей астығы бұрынғыдай Еуропа елдеріне сатылмай қалды. Қиын жағдайдан шығу үшін солтүстік көршіміз Қазақстанға жаппай бет бұрды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері дәнді дақыл бағасы алдағы уақытта әлі де түсуі мүмкін екенін айтады.

– Қазір қазақстандық күн­бағысты шетелге сату үшін әр тоннасына 100 еуро көлемінде экспорт салығын мемлекетке төлеуіміз керек. Қазіргі қысыл­таяң кезде біз қиыннан жол тауып, нарық алаңын кеңейте түсуіміз керек еді. Керісінше жа­сап, өз қолымызды өзіміз байлап тастадық. Мемлекет елімізде өсім­дік майы, ұн, т.б. күнделікті қажет азық-түлік бағасын өсірмеу үшін осындай әрекетке барғанын түсінеміз. Бірақ осыған сәйкес фермерлерге де қолдау керек қой. Мысалы, біз түрлі тыңайтқыш, гербицидтер бағасы мен төлейтін лизинг қаржысын қосқанда, бір тонна өнімнің өзіндік құны 140 мың теңгеге жетіп қалатынын есептеп отырмыз. Енді сол шығынның орнын жауып, үстінен пайда табу үшін өнімді қымбатқа сатуымыз қажет. Былтыр майлы дақылдың шығымы гектарына – 8 центнерден, дәнді дақыл 10 центнерден келді. Биыл синоптиктер Батыс Қазақстанда қуаңшылық болады деп болжап отыр. Солай болып егін шықпай қалса, әр тонна дәннің өзіндік құны екі есе артып, 280 мың теңгеге де жетуі мүмкін. Шетелдік тұқымға, гербицидке берілетін субсидия мардымсыз. 10-15% шығынды ғана жаба алады. Осыдан 6-7 жыл бұрын оралдық диқандар тұқымды Шығыс Қазақстаннан алатын. Қолданып жүрген техникасы да ескі еді. Ол кезде 1 гектар алқапты өңдеу құны 18-20 мың теңге айналасында болды. Ал қа­зір бұл баға 7 есе өсті. Өйткені біз шетел­дік  техникаларды, заманауи тех­нологияны несиеге ала бастадық. Дәл қазір біздің мойнымызда 400 млн теңгенің несиесі бар. Бұған пайыздық үстемесін қосы­ңыз, – дейді Теректі ауданындағы «Шолан» шаруа қожалығының жетекшісі Ұлықпан Мұхамедияров.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, экспорт салығын енгізер алдында Үкіметте ведомствоаралық комиссия құры­лып, мәселе жан-жақты тал­қы­ланған. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі «Атамекен» ҰК палатасымен бірге әр өңірде қалған күнбағыс дәнінің көлемін есептеген. Осы дерекке қарағанда Батыс Қазақстан облысында қазір сатуға дайын 15,5 мың тонна күнбағыс дәні бар.

«Дәл қазіргі жағдайда жер­гілікті фермерлер мемлекеттік қолдауға зәру» дейді кәсіпкерлер. Өйткені батысқазақстандық қамбалар Ресейден келген арзан дәнге толып қалған.

– Біздің элеваторлар жергілікті фермерлер үшін көтеріңкі баға қойып, өз кәсіпкерлерімізді неге қолдамасқа? Қазір олар астықтың кебегін 70 мың теңгеге сатады, ал таза дәнді 85 мың теңгеден қабыл­дайды. Осы мәселені мемлекет реттеуі керек қой, – дейді сырымдық фермер Кейпін Төлегенов.

«Орал» несие серіктестігінің жетекшісі Айбек Қажмұхамбетов өңірде майлы дақыл өсіретін 47 шаруашылықтың басшы­сы осы жылдың басында ел Прези­дентіне ұжымдық хат жазып, күнбағыс дәнін өткізу мәселесі қиын­дағанын мәлімдеген екен. Ол хат тиісті министрлікке жолданған. Бірақ тұшымды жауап болмаған.

– Мемлекет басшысы пайда­ла­ныл­май жатқан ауыл шаруа­­шы­лығы алқаптарын фермерлер­ге беру керек деп жиі айтады. Бірақ дәл қазіргі жағдайда біздің ол жер­ді игеріп кететін халіміз жоқ. Өйт­кені өнімді сатуға шектеу қо­йыл­ды. Қазір 15,5 мың тонна күн­бағыс дәні қоймада жатыр. Трей­дерлер қымбатсынып алмай­ды. Ал Азия елдері мен Қытай­дың нарығын қазір ресейлік фер­ме­рлер жаулап барады. Күн­бағыс­тың қазақстандық экспорты азайып кетті,  – дейді Айбек Қажмұхамбетов.

Міне, көктемгі егіс науқаны да келіп қалды. Ал қазақстандық диқандар өткен жылдың өнімін өткізе алмай пұшайман болып тұр. Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті май зауыты жаңа ораққа дейін өзіне қажет болатын шикізат қорын әлдеқашан жинап алған. Зауыт жылына 51 мың тонна май шығарады. Бұл облыс тұтынушыларына толық жетеді. Сондықтан қалған дәннің барар жері – экспорт қана. Алайда кеден салығының кесірінен дән бағасы қымбаттап, алушыға қажет болмай тұр.

«Біз Үкіметтен күнбағыс экспортына салынған кеден салығын алып тастауды сұраймыз. Бұл тек Батыс Қазақстан облысындағы ахуал емес. Еліміздің 8 облысында осындай қиын жағдай болып тұр. Жақында көктемгі егіске кірісуіміз керек. Ал қаржыны қайдан аламыз? Көпжылдық тәжірибесі бар шаруашылықтар бірдеңе етер-ау. Осы салаға жаңадан кіріскен кәсіпкерлердің жағдайы өте қиын. Егер пайда болмаса, жаңа ауылшаруашылық техникасын қалай сатып аламыз? «Джон Дир 430» комбайны 115 млн теңге тұрады. Оны лизингке алу үшін алдын ала 26 млн теңге жарна төлеу керек», дейді А.Қажмұхамбетов.

«Пойма май комбинаты» ЖШС директоры Ақылбек Сарма­лаевтың айтуынша, кәсіпорын 10 мың тонна шикізат сатып алып қойған. Ол тамыз айына дейін жетеді. Үкімет қаулысымен өсімдік майын бөлшек саудада сату үшін де кедендік салық енгізілген екен. Былтырғы қыркүйек айынан бері жергілікті май бағасы 100 теңгеге арзандаған. «Дайын өнімнің бағасын арзандатудың механизмдері көп қой. Үкіметіміз сол мүмкіндіктерді ескерсе дейміз. Еліміздегі әр адамның тұтынушылық мөлшері, өнімді өткізу көлемі, бәрі есептелуге тиіс. Қазір Ресейден келіп жатқан өсімдік майы өте көп. Орыстар Қытай нарығын, Орталық Азияны жаулай бастады. Біз олармен бәсекелес бола алмай отырмыз. Сондықтан отандық кәсіпорын­дар мемлекеттен қолдау күтеді», дейді Ақылбек Сармалаев.

Оралдық фермерлердің жанайқайы айтылған осы жиын­нан кейін Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшылары Астанаға барып, профильді министрлік басшыларымен жүздесіп қайтқан. Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, осы мәселеге орай ведомствоаралық комиссия отырысы алдағы бірер апта ішінде қайтадан өтуі керек.

2023 жылы Батыс Қазақстан облысында 446,0 мың га алқапқа тұқым себілмек. Оның ішінде дәнді дақылдар – 238,4 мың га, майлы дақылдар – 163,5 мың га, мал азығы – 34,5 мың га, картоп – 4,2 мың га, бақша дақылдары 5,4 мың га болады деп жоспарланған.

– Жыл сайын көктемгі егіс науқанына 11-11,5 мың тонна дизель отыны бөлінетін. Биыл егістік алқап көлемі артқан соң Ауыл шаруашылығы министрлігіне 13,5 мың тонна дизельдік жанармайға тапсырыс беріп қойдық. Мұның 6,5 мың тоннасы көктемгі егіс науқанына, 7,0 мың тоннасы мал азығын дайындауға жұмсалады. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытынан 6,5 мың тонна соляр майын наурыз-маусым айларына бөліп-бөліп алуға келісім жасалды. Ал мал азығын дайындауға қажетті 7 мың тонна дизель отынын бөлу мәселесі ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралып жатыр, –  дейді Денис Молдағалиұлы.

Айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауытынан арзан жанармайды Оралға жеткізу «NEFTEK Operating» ЖШС-на жүктелген. Қазір Орал қаласындағы мұнай базасында дизель отынының 1 литрі – 211 теңгеден, ал жанармай құю стансаларында 215 теңгеден сатылуда.

Биыл Батыс Қазақстан облысында қар аз, көктем ерте шықты. Бұл диқандар үшін қосымша жұмыс болғалы тұр: топырақ ерте құрғап кетсе, қосалқы агротехникалық іс-шараларды атқаруға тура келеді. Ол тағы да қаржыға тіреледі. Сондықтан батысқазақстандық фермерлер Астана жақтан оң хабар күтіп, елеңдеп отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы