Күллі мәскеуліктерді өнерімен тәнті етіп, екі аяғынан тік тұрғызып құлаштап қол соқтырған әйгілі Күләш Байсейітова КСРО халық әртісі атағын алғанда бар-жоғы 24 жаста болатын. Бірақ ол атақты ізінен қуалап жүріп алған жоқ, атақ оны өзі іздеп келіп тапты. Міне, атақ осындай қасиетімен бағалы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнер адамдарына «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтару туралы идеясын сахна маманы ретінде құп ала отырып, ойыма алдымен осы мысал түсті. Президент ұсынысына қоса, өнер мен сахна шеберлеріне айрықша мәртебені қайтаратын кезде бармақ басты, көз қыстыға салынбай, халыққа, өнерге еңбегі сіңген шын лайықты тұлғаны қапысыз танып, марапаттаса деген тілегімді қосқым келеді.
Қазір талантты болсаң, танылудың мүмкіндігі мол, қоғам айна сияқты, дара дарын иесі еңбегінің нәтижесімен өзі-ақ екшеліп шығады. Жауапты мекемелер әділ бағасын берсе, болғаны. Өнер иесі «халық әртісі» деген атақты бірден иелене салмай, өнердің бүкіл сатысынан өтіп барып, шеберлігінің шыңын, биік өресін дәлелдегенде ғана қол жеткізсін. Фонограмманы қысқартсын, концерттерін аншлагпен өткізсін, ол ойнаған спектакльге тайлы-таяғы қалмай ел ағылып барсын, халықаралық қазыларды тәнті етсін, шетелдіктердің көңіл төрінен орын алсын, міне, осындай халықтың махаббатын иеленген шын талант халық әртісі атанса, жарасады емес пе? Себебі «халық әртісі» болу – халыққа биік өнерімен адал қызмет ету. Ал бұл – қыруар еңбек, мұқалмас мінез, өнерге деген жауапкершілік.
Айдос БЕКТЕМІР,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты