Парламент • 30 Наурыз, 2023

Мәулен Әшімбаев: Сенат Президент жүктеген міндеттерді орындауға дайын

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Өңір» депутаттық тобының жаңарған құраммен алғашқы отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Парламент пен Үкіметке жүктеген міндеттерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев: Сенат Президент жүктеген міндеттерді орындауға дайын

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев ел Президенті белгілеп берген маңызды басымдықтар жаңарған Парламенттің жұмысындағы аса маңызды бағыттар екенін атап өтті.

«Президентіміздің тапсырмалары аясында Мәжілістегі әріптестерімізбен және Үкіметпен бірлесіп, жаңа формациядағы заңдар қабылдауымыз керек. Ол дегеніміз – ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын, кешенді реформаларды қамтитын және бүгінгі сын-қатерлер ескерілген заңдар. Палатаның күн тәртібінде Әділетті Қазақстан құруға арналған заңдарды қабылдау міндеті де тұр. Олардың қатарында шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң және мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң бар», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Салық, Бюджет, Қала құрылысы және Су Кодекстерін қабылдау бойынша жұмысты сапалы ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі өңірлерді дамыту. Бұл Сенат жұмысындағы маңызды басымдықтардың бірі және «Өңір» депутаттық тобы атқаратын қызметтің негізі екені белгілі. Соған байланысты Палата Спикері депутаттық топ жұмысының басты бағыттарын атап көрсетті. Нақты айтқанда, «Өңір» тобына мүше сенаторлар өңірлерге жүйелі түрде шығып, жергілікті халықпен, оның ішінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, аймақтағы көпшілікті алаңдатқан проблемаларды анықтап, олардың оң шешілуіне ықпал етуі керек.

Сенат Төрағасы ол үшін дәстүрлі тетіктермен бірге жаңа тәсілдерді де қолдану қажет екенін, сарапшыларды, жұртшылықты және БАҚ өкілдерін жұмылдыра отырып жұмыс істеу керектігін айтты.