Анығын айтқанда, республикалық маңызы бар Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағытындағы жолдың Аягөз – Таскескен бөлігі өте күрделі сипат алып, даулы жағдайға тіреліп тұр. Жол құрылысын жүргізіп жатқан «ҚазАвтоЖол» компаниясы тарихта аты белгілі Қазыбек батыр Қондығұлұлы бейітінің іргесімен және сол дәуірдегі бабалар қорымының үстімен қайыра төсеуге кірісуі тарихқа жасалған қиянатпен тең болып отыр. Осы орайда, Үржар ауданына қарасты Таскескен ауылының тұрғыны Жұматай Тұраровтың «ҚазАвтоЖол» компаниясының үстінен шағымдануын орынды деуге болады. Өйткені Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағытындағы тасжолдың Таскескен ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде орналасқан Қазыбек батыр кесенесінің іргесімен салынуы, жолдың астында ата-баба қорымының сол қалпы қала бергені еш ақылға сыймайтын жайт.
«Мен Қазыбек батырдың ұрпағы болғандықтан ғана емес, жалпы, тарихта аты қалған бабалар қорымының үстімен жол салынуын еш кешірілмейтін жайт деп танимын. Бұл жағдай жаныма жай тапқызбай алаңдатып жүргелі төрт-бес жылдың жүзі болды. Алғаш рет 2018 жылдың мамыр айында «Дортранс» жол-көлік мәселелері бойынша Қазақ ғылыми зерттеулер және жобалау институты» мекемесінің тапсырысы негізінде «Археологиялық экспертиза» ЖШС осы төңіректі зерттеп, тиісті қорытындысын шығарған еді. «Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау туралы» заңға сәйкес жүргізілген зерттеу қорытындысында аталған тасжолдың осы бөлігіндегі қорымдарға тиісуге, жол құрылысын жүргізуге тыйым салынатындығы атап көрсетілген. Бірақ та содан бері бес жыл өтсе де жол салатын компания тарапынан ешқандай жұмысын тоқтату әрекеті байқалмады. Тіпті зерттеу қорытындысын алса да жауап беруді қажет деп санаған жоқ. Бұдан бөлек, 2022 жылдың 6-12 қыркүйегі аралығында Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан және Астанадағы Л.Гумилев атындағы университеттері тарих факультеттерінің археолог-ғалымдарының бірлесе жүргізген арнайы зерттеу нәтижесінде шығарған қорытындысы да бар. Онда Қазыбек батырдың жерленген жердің айналасы, жолдың келесі жағы да үлкен қорым екендігі, тарихи-мәдени маңызы бар екен, ол жермен жол салуға болмайтындығы толықтай баяндалған. Яғни мұндай этнографиялық қорғалуға тиіс аймаққа жол құрылысын жүргізу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 145-бабында көрсетілген 10-нан 200 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкелетіндігі анық көрсетілген. Одан қалса, Қылмыстық кодекстің 203-бабы, 1-тармағында көрсетілгеніндей, мемлекет қорғауына алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің бүлінуіне, жойылуына апаратын әрекеттер жасалса, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тиісті адамдар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындығы да қатаң ескертілген. Алайда арнайы жүргізілген зерттеудің қорытынды құжаттарымен таныс бола тұра, «ҚазАвтоЖол-дың» жоспарланған бағытымен жол салуға бет бұрған райынан қайтар түрі жоқ. Бірақ мен де бейжай қарап, бабалар қорымын қорғаусыз қалдырып отыра алмаймын», дейді Ж.Тұраров.
Тиісті заң талаптарына сай қарайтын болсақ, жол құрылысы, қорым-бейіттер тұсынан 50 метрге дейін қашықтықта жүргізілуге тиіс. Алайда бұл талапты ескерместен, кеңестік дәуірде салынған жолдың бағытымен жұмысын жалғастырған «ҚазАвтоЖол» компаниясының жұмысы расында да қайта тексеруді қатаң түрде қажет етеді. Осы тұрғыда Ж.Тұраров аталған компания басшылығынан нақты жауап күтіп жүр.
Ал жоғарыда аталған Қазыбек батыр Қондығұлұлының кім болғандығына келсек, ол туралы тарихи деректер бірқатар еңбекте баяндалады. Бір анығы – оның қолбасшысылығын Кенесары Қасымұлы жоғары бағалап, «Ноқта батыр» атағын берген екен. Өмір сүрген кезеңінде Аягөз өңірінің дуанбасы болып, төбе биі атанғандығы туралы ел ішінде бертінге дейін айтылып келеді. Оның Кенесары Қасымұлымен үзеңгілес болғанынан шығар, батырдың ерліктерін, елдің жайын ойлаған тұлғалық бейнесін зерттеуге кеңестік кезеңде кедергі аз болмаған. Бірақ батырдың тарихи тұлғасын ұлықтау келешекте кеңінен насихатталары сөзсіз.
Бабалар қорымының үстімен бүгін жол құрылысын жүргізуді құзырлы органдардың назарына ұсыну арқылы оған тоқтау салу қажет екені көрініп тұр. Қазақта бейіт үстінен құрылыс жүргізіп, жол салғанның жай-күйі қандай болғанын баяндайтын келеңсіз оқиғалар аз емес. Түптеп келгенде, мұндай қиянатқа апаратын жол бағытын бейіт-қорымды айналып өтетін қадамға бұрмасақ, соңы жақсылыққа апармасы анық.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
журналист
Абай облысы