Банк • 30 Наурыз, 2023

Bereke Bank сатылады

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресейге салынған ауыр санкция­дан кейін тонын айналдырып киюге мәжбүр болған байырғы «Сбербанк», қазіргі Bereke Bank сатылымға шыға­рылмақ. Бұл ту­ралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің төраға­сы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Bereke Bank сатылады

«Біз оны 8 наурызда SDN тізімінен шығардық. Қазір көрсеткіштері жақсы, капитал жеткіліктілігі – 10 пайыз. Банктің акционері болып саналатын «Бәйтерек» Bereke Bank-ті сату үшін инвестор іздеу жұмыстарын бастады. Банкті қолдау үшін бюджет қаржысы пайдаланылған жоқ. Мемлекеттік қолдау да көрсетілмеді. Әзірге банкті сатып алуға дайын әлеуетті сатып алушы жоқ», деді Мәдина Әбілқасымова.

«Сбербанкке» АҚШ санкциясы 2022 жылы 24 ақпанда салынды жә­не банк SWIFT халықаралық төлем жүйе­сінен ажыратылды. Мұндай шектеулер банктің еншілес ұйымдарына, яғни Қазақстандағы банкіне де әсер етті.

Айта кетейік, 2023 жылдың 8 нау­рызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды. Санкцияларды алып тастауға акционердің және банк атауының өзгеруі ықпал еткен. Банк санкция тұзағына түскеннен кейін оған «Бәйтерек» холдингі 2022 жылдың қыркүйегінен бастап иелік еткен еді.

«Бұл – еліміздің қаржы нарығында болған тарихи сәт. Bereke Bank-ті санкциялық тізімнен шығару үшін ак­ционердің, Ұлттық банктің, рет­теу­ші органның тарапынан көп күш жұм­салды. Сондай-ақ ІІМ және АҚШ-тағы Елшілік үлкен қолдау көрсет­ті. Айта кетерлігі, банк барлық қиындықты еңсеріп қана қой­мады, ол өзінің клиенттері мен серік­тестерінің алдындағы бар­лық міндеттемелерін орындауды тоқтат­пады әрі еліміздегі он үздік екінші деңгейлі банк (ЕДБ) қатарында қалды. Бұл қаржы инс­титутының қызмет­керлерінің кәсібилігі мен сенімділігінің тағы бір дәлелі болды», деді жағдайға орай пікір білдірген  банктің Басқарма төрағасы Андрей Тимченко.

Ресми хабарламаға сүйенсек, банк санкциялар кезінде өз қызметін тоқтатқан жоқ және халық пен бизнес­ке үзбей қызмет көрсетті. Шектеулер көбінесе валюталық операциялармен, атап айтқанда, АҚШ долларында, еурода жасалатын операциялармен, сондай-ақ корреспонденттік банктік қатынастармен және шетелдік сервис­термен байланысты болған.

Андрей Тимченконың айтуынша, санкциялардың алып тасталуымен байланысты банкті сапалы дамыту және нығайту бойынша алға үлкен жоспарлар қойылды.

Бүгінде Bereke Bank шоттардан ақша шешу және оларды толықтыру операцияларының спектрін, бөлшек клиенттер, сондай-ақ корпоративтік бизнестің барлық сегменттері үшін қаржы өнімдері мен сервистерін, тауарлар мен қызмет ақысын төлеу операцияларын, ұлттық және шетел валютасында (доллар мен еуроны қоспағанда) жасалатын ақша аударымдарын және банкоматтар арқылы жүргізілетін операцияларды ұсынады. Қызметтер «B-Bank» (жеке тұлғаларға) және «B-Business» (заңды тұлғаларға) мобильді қосым­ша­ларында, сондай-ақ барлық бөлім­шелерде қолжетімді.