Оқиға • 01 Сәуір, 2023

ҰҚШҰ елдері кешенді оқу-жаттығу өткізеді

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен штабында 2023 жылы Ұйым әскерлерінің (Ұжымдық күштердің) бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу бойынша алғашқы келіссөздер өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Біріккен штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚШҰ елдері кешенді оқу-жаттығу өткізеді

28-30 наурызда өткен келіссөздерге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанның мүдделі министрліктері мен ведомстволарының, сондай-ақ ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының өкілдері қатысты.

Биыл Ұйым әскерлерінің (Ұжымдық күштердің) кешенді оқу-жаттығулары бірлескен жедел-стратегиялық «Жауынгерлік бауырластық» үлгісінде өткізіледі. Бұл – Ұйым форматындағы бірлескен дайындықтың жоғарғы үлгісі болып саналады.

ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағының түрлі өңірлерінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің барлық элементтері қамтылады.

«Жауынгерлік бауырластық-2023» кешенді жоспары аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларда ҰҚШҰ Дағдарыстық әрекет ету орталығы мен Ұйымға мүше елдердегі ұлттық органдар басқару пунктілері техникалық құралдарының мүмкіндіктері пайдаланылады.

Беларусь аумағында Ұйым әскерлерінің (Ұжымдық күштердің) түрлі компоненттерінің дайындығын біріктіретін бірлескен және арнаулы оқу-жаттығулар жоспарланған. Сонымен қатар Беларусьте алғаш рет радиациялық, химиялық және билогиялық қорғанысты бірлесе қалыптастыру мен медициналық қамтамасыз етуге бағытталған «Барьер-2023» арнаулы оқу-жаттығуы өтеді.

ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің арнаулы бағыттағы күштерді қалыптастыру құрамына енгізілген ТЖМ құрылымдарымен «Скала-2023» оқу-жаттығуын өткізу де жоспарланып отыр.

Жедел және жауынгерлік дайындық іс-шараларын өткізу кезінде, ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын дамытудың өзекті мәселелерін зерттеу мақсатында қорғаныс ведомстволары, базалық оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдерін біріккен оқу-жаттығуларға тарту тәжірибесі жалғасады.