Аймақтар • 02 Сәуір, 2023

Рудныйда ERG GeoHub керн қоймасы ашылды

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Геологтар күніне орай пайдалануға берілген ERG GeoHub керн қоймасы 320 млн теңге қаржыға салынған. Кешеннің ашылу рәсіміне  ИжИДМ Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров, ERG Бас директорының жобалар және даму жөніндегі орынбасары Ардақ Нұразханов, сонымен қатар, ірі  тау-кен және геологиялық барлау компанияларының басшылары қатысты. 

Рудныйда ERG GeoHub керн қоймасы ашылды

Керн деп отырғанымыз – геологиялық барлау барысында жер қойнауынан бұрғыланып алынатын жерасты жынысының сынамасы. Геобарлаушылар жер қойнауында қандай пайдалы қазбалар бар екенін, оның қай тереңдікте жатқанын осы керннің әр метрін зерттеу арқылы танып, біледі. Жуандығы білектей, ұзындығы 200 метрден 800 метрге дейін баратын бұл қатты материалдарды геолог-мамандар осы жаңа ғана ашылған кешенде кесіп, бірінші жартысын зертханаға жібереді де, екіншісін керн қоймасына сақтауға қояды.

Рро

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»  атты Жолдауында еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын, геологиялық тұрғыдан зерделену деңгейі төмен екенін тілге тиек ете келіп,  жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет екенін ескерткен еді. Президент, сондай-ақ,  геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құруды қадап тапсырған болатын.  Рудныйда ашылған керн қоймасы – Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысында қол жеткен маңызды меженің бірі. Бұл жөнінде салтанатты жиында кеншілер қауымын құттықтаған Геология комитетінің төрағасы кеңірек баяндап өтіп, ERG GeoHub-тың ашылуын – отандық геология мен геологиялық барлау саласы үшін үлкен тарихи оқиға деп бағалады.

Ро

– Бүгінде елімізде геология саласының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Геология саласының тұжырымдамасы қабылданды. Оның төрт бағыты бар. Соның бірі – осы геологиялық инфрақұрылымды дамыту. Бұл кешеннің елімізге де, компанияға да берері көп, – деді Ерлан Ақбаров.

Рг

Рош
Жаңа технологиямен жабдықталған ERG GeoHub кешенінде 100 мың метр керн сақталатын болады. Жаңа хабтың Қазақстандағы өзге керн қоймаларынан ерекшелігі мұнда жер қойнауындағы қазба байлықтар туралы автоматтандырылған деректер қоры түзіледі.

Рош

ERG компаниясының геологиялық барлау қызметін дамытуға арналған ауқымды бағдарламасы аясында Қостанай және Ақтөбе облыстарында дәл осындай тағы бірнеше керн қоймасын салу көзделген.

 

Қостанай облысы