«Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек», деді Президент өз сөзінде.
Иә, елдің дамуы экономикаға байланысты екені түсінікті. Сондықтан да барлық күш-жігер осы саланы көтеруге жұмсалып жатқаны айқын. Әсіресе ол республиканың өңірлерінде айрықша көрініс тапқан. Мәселен, Шымкент қаласында өндірісті дамыту бағытында мемлекеттік жоба мен бағдарламалар аясында түрлі жұмыстар мен бастамалар қолға алынып келеді. Соның нәтижесінде мегаполистің өндірістік әлеуеті жылдан-жылға ұлғаю үстінде. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарының ашылуына және халықтың кәсіпкерлікке бет бұруына үлкен септігін тигізіп жатыр.
2018 жылы Шымкент республикалық мәні бар мегаполиске айналды. Сол кезден бастап қала тарихында өрлеудің жаңа кезеңі басталды. Бүгінгі таңда шаһар еліміздегі тұрғын үй құрылысы қарқын алған, инфрақұрылымы жақсарып келе жатқан, басқа да көрсеткіштер бойынша өсудің оң нәтижесін көрсетіп отырған қалаға айналып үлгерді. Нақты мысалға көшсек 2020 жылы Шымкент инвестиция тарту мен оның көлемі жағынан республикадағы төменгі орындардан жоғары көтеріліп, бүгінде еліміздегі инвестиция саласы бойынша ең алдыңғы орындардың бірінде тұр. Екі жылдан бері өңірлердің ай сайынғы рейтингінде жоғары сатыдан түспеген. Өткен жылы қала экономикасына 1.2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша, мегаполистің инвестициялық тартымдылығы трансұлттық корпорациялармен жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың нәтижесінде болып отыр. Мәселен, шаһарда Германияның Heidelberg, Польшаның Santo Polpharma және Оңтүстік Кореяның LOTTE секілді ірі компаниялары жұмыс істеп жатыр. Ендігі кезекте түрік ағайындар Coca Cola сусынын шығаратын ал, поляктар Selena құрылыс материалдары зауытын салмақ ниетте. Өңірге инвестицияның ағылып келуі жалпы өндірістік әлеуетке де оң әсерін тигізген. Айталық өткен жылы қала кәсіпорындары 2.1 млрд теңгенің өнімін өндірді. Сонымен бірге 110 мың бизнес өкілдері еңбек етеді. Екі мыңға жуық шетелдік кәсіпкерлермен бірлескен компаниялар бар. Осы жетістіктерді елеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың желтоқсан айында қала әкімі Мұрат Әйтеновке «Бизнес жүргізуге ең қолайлы өңір» рейтингтік санаты бойынша арнайы жүлде табыстады.
Мегаполисте орналасқан екі цемент зауыты еліміздегі осы өнім түрінің төрттен бір бөлігін өндіреді. Машина құрастыру саласы бойынша жоғары кернеулі трансформаторлар мен мұнай өнеркәсібі және сумен жабдықтауға қажетті сорғылар шығаратын кәсіпорындар бар. Арнайы экономикалық аймақта еліміздегі тоқыма бұйымдарының 21 пайызы өндіріледі, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарынан бері республикада тұңғыш рет кілем фабрикалары ашылды. Шымшаһарда шамамен жеті жүздей ірілі-ұсақты тауар өндірушілер бар. Өңірдің өнеркәсібінің дамуына бір жағынан тауар тасымалдауға қолайлы аймақта орналасуы пайдасын тигізіп отыр. Қала халықаралық Батыс Еуропа–Батыс Қытай көлік дәлізінің дәл ортасында орналасқан. Сондықтан шығарылған өнімді 5 күн ішінде Қытайдың батыс өңірлеріне және Батыс Еуропаға жеткізуге болады. Ал шымкенттік тауарларды бүгінде Азия, Африка, Америка құрлықтарындағы 54 мемлекеттің сауда қатарларынан таба аласыз.
Мегаполиске келетін инвестиция деңгейінің артуын мына мысалмен де көруге болады. 2011 жылы ашылған 337 гектарды құрайтын ең алғашқы «Оңтүстік» индустриалды аймағы 7-8 жылда толса, 90 гектар аумақтағы «Тассай» индустриалды аймағы 5 жыл өтпей кәсіпорын орналасатын жері қалмады. Былтыр ғана құрылған «Жұлдыз» индустриалды аймағында қазірдің өзінде 50 компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жобалар арқылы 435 млн доллар инвестиция тартылады. Сондықтан қала әкімдігі аталған индустриалды аймақтың аумағын қосымша тағы 155 гектарға ұлғайтуға шешім қабылдады. Арнайы экономикалық аймаққа да жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары сыймай бара жатқан соң аумағын 175 гектарға кеңейтіп жалпы ауданын 400 гектарға жеткізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала маңындағы Сауда-логистикалық аймағы да екі есеге ұлғаятын болады. Соның нәтижесінде келесі жылы инвесторларға заманауи қоймалар құрылысын салуға 136 гектар қосымша жер учаскелері ұсынылады.
Шымкентте жалпы индустриалды аймақтардың ауданы 869 гектарды құрайды. оның 90 пайызға жуығы игерілген. 453 млн АҚШ доллары көлемінде көлемінде инвестиция тартылып, толығымен өз мақсатына жұмсалды. Сол арқылы 180 жаңа кәсіпорын ашылды. Сонымен бірге құны 740 млн долларға 250 жаңа жобаны іске асыру жоспарда бар.
Статистикаға көз жүгіртсек, жыл сайын Қазақстанға 50 млрд доллардың дайын өнімі импортталады. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі басқа мемлекеттерді қосқанда, бұл көрсеткіш 290 млрд долларға тең. Ал ғылыми-техникалық саладағы нарыққа қажетті инвестиция 25 млрд долларды құрайды. Ал шаһарға жыл сайын сырттан 1.2 млрд доллардың дайын өнімі келеді. Сондықтан оларды отандық тауарлармен алмастыру міндеті тұр. Бұл орайда өнеркәсіпті өркендетуге өңірдегі ішкі нарық, ресурстық-шикізаттық база және логистикасы мен сапалы мамандар дайындау арқылы адам капиталын қалыптастыратын жоғары оқу орындары толық мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда мегаполисте өңдеуші кәсіпорындарға сұраныс әлі де басым. Бұл инвестициялық жобаларды мемлекеттік даму институттарының көмегімен жүзеге асыруға болады. Мәселен, керамикалық тақтайша, санфаянс, шатыр жабындылары, лакты-бояулар, пластмасса құбырлары, сэндвич панельдер, жарықтандырушы құралдар, жылу радиаторлары, кабельдер және басқа да тұрмыстық бұйымдар өндірісі қажет. Осы жобаларды қолға алған инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Айталық әкелетін құрал мен техникаға кедендік салық алынбайды, қосымша құн салығынан босатылады, сондай-ақ өндіріс ошағын салуға жер учаскесі беріліп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Инвесторларға металлургия саласында да мүмкіндік көп. Өйткені Қазақстанда әлемдік хром кені қорының 30 пайызы, марганецтің 25 пайызы, темірдің 10 пайызы шоғырланған. Сонымен бірге елімізде жыл сайын 40 млн тонна алғашқы алюминий өндіріледі. Сол себепті алдағы уақытта созба сым, алюминий табақтарын, қалбырдың алюминий таспаларын, радиаторлар, терезе мен құрылыс конструкцияларына және түрлі ыдыстарға арналған алюминий профильдерін шығаратын жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Өзіміздің қорғасын мен мыстан дайын өнімдер шығару жоспары да жоқ емес. Осы ретте Шымкенттің металлургия саласы бойынша жалпы өндіріс көлемі жылына 80 млн долларды құрайды. Ал машина құрастыру өнеркәсібінде 90 млн доллардың өнімі шығарылады. Сондықтан қала әкімдігі инвесторларға индустриалды аймақтарда машина құрастыру саласы бойынша жобаларды бірлесіп қолға алуға шақырып отыр. Осындай өндіріс алаңында жүк көліктерінің бөлшектерін, вагондар, рефрижераторлар, энергетикалық қондырғылар, автоматтандырылған метал өңдеуші желілер, металлургия ұнтағы мен 3D баспасы негізінде метал бұйымдарды шығармақшы. Бүгінде мегаполистің машина құрастыру өнеркәсібін аяққа тұрғызу үшін 3.5 млрд доллар инвестиция қажет.
Химия өнеркәсібінде де біраз ірі жобалар іске асырылатын болады. Мәселен келешекте органикалық минералды химиялық заттар және тұрмыстық химия бұйымдарын шығаратын зауыттар тұрғызылады. Осылайша, республиканың үшінші қаласында сыртқы және ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие дайын химия өнімдері өндірілмек.
Тұрғын үй құрылысы да қала экономикасының маңызды бөлшегі саналады. Осы күнде шаһарда көпқабатты үйлер салу тиісті инженерлік инфрақұрылым жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтыр 1 млн шаршы метр тұрғын пайдалануға берілсе, 2024 жылдан бастап жылына 3 млн шаршы метр үй тұрғызу көзделіп отыр. Қала кеңейіп келеді, жаңа шағын аудандар бірінен кейін бірі пайда болуда. Сондықтан құрылыс индустриясын инвесторлар үшін таптырмас мүмкіндік деуге болады. Құрылыс нысанын салуда немесе құрылыс материалын өндіруде кәсіпкер өзіне жақсы пайда таба алады.
Инвестиция өздігінен келмейтіні белгілі. Кәсіпкердің жобаның тиімділігіне көзі нақты жетпесе, қалтасынан ақша шығармайтыны анық. Осы орайда қалалық әкімдік өңірге инвестиция тарту мақсатында көп іс тындырып отыр. Соның ішінде «shymkent investment – 2023» өңіраралық инвестициялық форумын атауға болады. Оның басты ерекшелігі тек шаһармен шектелмей, еліміздің оңтүстік аймағындағы Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан да делегаттар арнайы келіп қатысты.
«Үш облыс пен мегаполис кәсіпкерлерін бір ортаға жинап, оған қоса атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды талқыладық. Мұнда Шымкенттің ғана емес, тұтас оңтүстік аймақтың мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныстыру көзделді. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылды. Форумға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдірді. Нәтижесінде, жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Ең ірі жобалардың ішінде үндістандық «Medanta» компаниясының қаржыландыруымен салынатын 300 төсек орындық клиника мен «Shymkent city» аумағында бой көтеретін Hilton қонақүйі бар», деді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.
Бір айта кетерлігі форумға оңтүстік өңірінің ірі өңдеуші кәсіпорын басшылары әдейі шақырылды. Сонымен бірге сауда әріптестік байланысы мықты және өзара тауар алмасу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келе жатқан Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай секілді мемлекеттерден келген қонақтарға мегаполистің бар мүмкіндігі көрсетілді. Тіпті ауқымды шараға Германияның Medal Verwaltungs GmbH компаниясынан да адамдар қатысты. Сондай-ақ соңғы жылдары шаһардың іскер азаматтары Үндістанның бизнес өкілдерімен өзара сауда-саттықты, жалпы бизнестік байланыстарды жандандыра бастады. Бұдан бөлек форумның жұмысына Қазақстан Республикасының Өзбекстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілері, Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің өкілдері атсалысты.
Қызмет көрсету саласы өндірістік экономика мен халықтың әл-ауқатының артуына негізгі қозғаушы күш болып табылады. Соның ішінде сауданы, көлік тасымалын, тамақтану мен туризмді инвестициялық тартымдылығы жағынан бөлек қарастыруға болады. Ендігі жерде қала әкімдігі осы аталған салаларға неғұрлым көбірек капитал құятын әлеуетті инвесторларды іздестіріп, сол бойынша іске асырылатын алдағы жоспар-жобаларды да белгілеп қойды.