Әскер • 02 Сәуір, 2023

Ер мінезді Ерасыл

783 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде өз өмірін әскери қызметпен байланыстыруды қалайтын жастардың қатары айтарлықтай артқан. Алайда мақсатына батыл қадам жасап, нық бекінгендер ғана нағыз ел қорғаны болмақ. Сондай азаматтардың бірі – Әскери-теңіз күштеріне қарасты «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі капитан-лейтенант Ерасыл Мағзомов.

Ер мінезді Ерасыл

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген Ерасыл бала күнінен әскери адам болуды армандап өсті. Болашақ теңізші жетіге толған жылы Мағзомовтар отбасы Ақтөбе облысының Қандыағаш қа­ла­сына қоныс аударды. Ера­сыл осында 1-сыныпқа барды. Әкесі Зейін Жөкенұлы «Комунальщик» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында жылу жүйелері учаскесі қызметінің бастығы болып еңбек етеді. Анасы Райхан Базарқызы – бала оқытқан ұстаз. Ағылшын тілінің маманы. Үлгілі отбасында тәрбие алған, оқу-білімге ынталы бала мектептегі ақылды әрі тәртіпті оқушылардың бірі болды. Талапты шәкір­тінің ұқыптылығын ұстаздары да әрдайым мақтан тұтатын. Отбасының үлкені болған соң өзінен кейінгі қос қа­рын­дасы Арна мен Адаға қа­райласа жүруді ұмытқан жоқ. 2007 жылы 9-сыныпты бітірген Ерасыл Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Әскери-теңіз лицейіне оқуға түсті. Сырт елде жүріп, туған елі мен ата-анасының өзіне артқан сенімін әрқашан ақтап жүру­ді қалайтын. Жыл сайын сабақтары біткен соң бір айлық алғашқы әскери дайын­­дық курстарына қаты­сып, дағдысын дамытты. Түрік, ағылшын тілдерін еркін меңгерді. Бүгінде Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасында қызмет ететін капитан-лейтенант Есен Аубакиров екеуі әскери лицейде бірге білім алды. Әрі аталған оқу орнын қазақстандықтардың ішінен алғаш бітірген түлектердің бірі.

Әскери өмірге бала күнінен құмартып өскен талапты жас 2012 жылы лицейді тәмамдап, Түркияның Әскери-теңіз академиясына оқуға қабылданды. Академияда білім алған жылдары Мәрмәр, Жерорта және Қара теңіздердегі үлкен жорықтарға қатысып, ширығып шыңдалды. Бауырлас елдің әскери оқу орындарында 9 жыл білім алған Ерасылдың Отан алдындағы қызметі Әскери-теңіз күштерінің «Қа­зақстан» зымыран-артиллериялық кемесі штурмандық жауынгерлік бөлімінің топ командирі лауазымынан басталды.

Былтырғы қазан айында кеме коман­ди­рі болып тағайындалғанға дейін «Сары­арқа» зымыран-артиллериялық кемесі штур­мандық жауынгерлік бөлімінің ко­ман­дирі және «Маңғыстау» зымыран-артил­лериялық кемесі командирінің көмек­шісі лауазымдарын абыроймен атқар­ды. 2021-2022 жылдары Ресей Фе­де­ра­циясы Санкт-Петербург қала­сын­дағы Кеңес Одағы Флоты Адмиралы Н.Г.Куз­нецов атындағы Әскери-теңіз акаде­миясы қосымша кәсіптік білім беру әскери инс­титутында бір жыл білім алды. Аталған оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдады.

Әртекті кемелер дивизионында қыз­мет атқару кезінде капитан-лейтенант Ерасыл Мағзомовтың ұжымы Халық­аралық армия ойындары аясындағы «Теңіз кубогі» байқауына 3 рет қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Соның ішінде 2021 жылы «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесі Иранда өткен «Теңіз кубогінде» жоғары даярлық дең­гейі мен кәсіби шеберліктерін көрсетті. 6 эпизодтан тұратын бұл байқаулардың құрамында әуе нысанасын атып түсіру, теңіз нысанасын жою, жүзген мина маке­тін ату, оқу-жаттығу кешенінде төзімділік үшін күрес, құтқару даярлығы және теңіз машығы бар.

Төзімділік үшін күрес құрлықтағы оқу-жаттығу кешенінде жүзеге асады. Теңіз­шілер кеме ішкі бөлімінің ма­­ке­­­тін­де, яғни кемелік су және өрт өткіз­бей­тін құ­рал­дармен жабдықталған бөлме­де корпус­та пайда болған тесіктен кірген суды тоқтатуға және тесікті бітеу­ге машық­танады. Құтқару даярлығы бойын­ша эпизодта гидрокостюм киген 5 теңізші шартты палубадан секіріп 25 метр қашықтықтағы үрлемелі құтқару плотына жүзіп барады және оған мініп, плот қалақшаларының көмегімен шартты палубаға қайтып келеді.

Теңіз машығында кемені зәкір мен бөшкеге қою пысықталады. Мұнда ке­ме­нің алдыңғы бөлігінен зәкір тасталып, артқы бөлігі арқанмен бөшкеге байланады. Байқау шарты бойынша алды-артынан байланған кеме 10 минут бойы бір курсты ұстап тұру керек. Бұл сынақтардың бәрінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген маң­­ғыс­­­таулықтардың мерейі үстем болған.

«Әскери өмірді, оның ішінде теңіз­ші мамандығын таңдағаныма еш өкін­беймін, – дейді капитан-лейтенант Е.Мағ­зомов. – Оқуға түскенде кеме коман­дирі болуды армандамайтын теңіз­ші жоқ. Бүгінде ол арманым орындалды десем болады. Сонымен бірге Қазақстан Респуб­ликасы Әскери-теңіз күштерінің жауап­кершілік аймақтарында жауынгерлік тапсырмаларды орындайтын «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесін тізгіндеу – мен үшін үлкен жауап­кершілік. Ал жауапкершіліктің жүгі жеңіл болған ба?!

Теңізшілердің әр күні қызыққа толы. «Кемедегінің жаны бір» деген қағидамен өмір сүретін жеке құрам бір отбасының баласындай болып кеткен. Олардың теңіз­ге бейімделуі де – өз алдына бір үдеріс.

Ерасыл айтады: «Алғашқы күндері теңіздегі қызмет матростарға айтарлықтай қиындық туғызады. Оның ішінде күзде келіп, сапқа тұрғандардың үйренісіп кетуі уақытты қажет етеді. Жалпы, күз, қыс, көктем мезгілдеріндегі ауа райы құбыл­малы. Сол себепті, теңіз толқынды бола­ды. Кеме тербеліп, кейбіреуі құсып, енді бірінің ұйқысы келіп жатады. Дегенмен үйренісіп кетеді. Қалай дегенмен, әскери қызмет адамның тұлға ретінде жан-жақты қалыптасуына оң ықпал ететін орта екені сөзсіз. Бойда қайсар мінез бен жауынгерлік рух барда алынбас қамал жоқ».

Еліне қызметі адал, өз ортасында абыройлы кеме командирі туралы әріптестері жақсы пікірде. Ерасылдың табандылығы мен арманына деген адалдығы – қарулас достары мен замандастарына үлгі. Елім деген ұландардың бәрі Ерасыл Зейінұлы сияқты Отан алдындағы қызметінің маңызын түсініп, жауапкершілігін сезіне білсе, ұлтым деген ұлдардың абыройы қашанда биік болмақ.

 

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ,

әскери журналист