Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Бағдарламаны ел игілігі үшін кешенді түрде қолға алып, толық жүзеге асыру үшін министрлер мен вице-министрлер және ұлттық компаниялардың басқарма төрағаларының деңгейінде кәсіпкерлермен бірге бәрі бір үстелдің басында отырып, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі үшін іске асырылатын «Қазақстанда жасалған» атты ұлттық жобаны қайтадан жан-жақты талқылап, кім неге жауапты болатынын, кімнің қай бағытта жұмыс істеуге тиіс екенін анықтап, оның бәрін Премьер-министр әрбір мекемеге міндеттеп, әр сөйлемнің нүкте-үтіріне дейін шегелеп алғанымыз ләзім, дейді. Өйтпегенде кәсіпкерлерге көмек, отандық өндірістерді өркендету, ауыл шаруашылығы мен ауылдағы шағын және орта бизнесті қолдау, демеу деген сөздің бәрі бос әурешілік әрі Қазақстан халқын тағы да алдау болып шығары хақ», деп отыр ащы жанайқайын жеткізген ашулы ағайын.
Үкімет пен Парламентке ұсыныстары мен өтініштерін алдын ала жеткізу үшін жетекші қауымдастықтар жетекшілерінің басын қосу мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті арнайы алаң ұсынып, мүдделі топтар дөңгелек үстел басында жиналды. Онда «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеу шеңберінде отандық өндірушілерді қолдаудың барлық өткір мәселелерін талқылап, нақты мәселелерді алға шығарды. Оған «Қазақстан Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников, «Қазақстан сауда өнеркәсібі қауымдастығы» президенті Жібек Әжібаева, «Қазақстан құс өсіру одағы» президенті Руслан Шарипов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев, тағы басқалар қатысты.
Кездесуге қатысушылар – азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша қауымдастықтар мен салалық одақтардың басшылары бағдарлама отандық өндірушілердің мүдделерін қалай қорғауға тиіс екендігіне баса назар аударды. Оған қатысты өз пікірлерін айтып, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы неліктен өзінің қазіргі күйінде шалағайлықтан зиян шегіп отырғанын нақтылады. Сөйтіп, тағы да кезекті бұрмалауға ұшырау қаупі бар деген алаңдаушылығымен бөлісті.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасын талқылау бүгін онлайн-форматта өтіп жатыр. Өкініштісі, қатысуға шақыртулар көбіне-көп отырысқа бір күн қалғанда келеді. Соның салдарынан көптеген бизнес өкілдері дайындалуға немесе қатысуға үлгермей қалады. Сондықтан біз жұмыстың тексерілген түріне қайта оралуды және заңнамада талап етілгендей, осы бағдарламаны талқылау үшін тікелей жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Топ бизнестің барлық түзетулері мен ескертулерін жазбаша түрде және хаттамамен қабылдайтын болады. Тек осылай ғана біз тараптардың пікірлерін ескеріп, жұмыс істейтін құжатты ала аламыз», деді «Қазақстан Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.
«Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық бағдарламасын әзірлеу туралы жыл басында жарияланған болатын. Оның мақсаты жергілікті нарықта сапалы отандық өнімді жан-жақты қолдау, қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін сауда желілерінде ілгерілетуге көмектесу – қазақстандық өнім ең жақсы сауда алаңдары мен неғұрлым тиімді сату шарттарын алуы үшін декларацияланады. Қазірдің өзінде отандық азық-түлік өнімдеріне арналған сауда сөрелерінің 50 пайыз және өнеркәсіптік тауарларға 10 пайыз ғана бөлу туралы ұсыныс талқылануда. Бірақ өндірушілердің пікірінше, қазақстандық өнімдердің көптеген санаттары бойынша отандық бөлшек сауда сөрелерінің 70 пайызына дейін бөлу қажет екен.
Кездесуге қатысушылардың ойына зер салсақ, бүгінгі таңда азық-түлік нарығында сауда желілері үстемдік етіп, өздерінің ыңғайына қарай ережелер жасайды. Олар отандық өндірушіге мүлдем пайдалы емес. Сауда – әрине, экономиканың қажетті элементі. Бірақ өзіндік өндіріс мемлекет үшін маңыздырақ болуы тиіс. Ішкі өндіріс елдегі тұрақтылықты, сыртқы қауіптерден нақты тәуелсіздікті қалыптастыратыны мәлім. Сондай-ақ мемлекеттік бюджетті толықтырып, жұмыс орындарын ашатыны айтпаса да түсінікті. Әлемдегі барлық табысты елдер өзіндік өндірісті дамытуға және қолдауға ұмтылады. Біле білгенге дәл осы өндіріс экономика үшін анағұрлым маңызды және құнды.
Дәл бүгін азық-түлік өндіру индустриясы отандық өндірушілердің мүдделеріне назар аудара отырып, мемлекеттік реттеуді қажет етеді. Бұл үшін түбегейлі батыл қадамдар жасау қажет. Нақты айтқанда, сауда ережелеріне қатысты заңнаманы қайта қарап, импортты бақылауды барынша қатайтып, күшейту керек. Өкініштісі, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеушілер кәсіпкерлер белгілеген осал тұстарға назар аудармастан, отандық өндірісті қолдау мәселелерін шешу үшін жауапкершілікті өндірушілердің өздеріне жүктегісі келеді. Салалық одақтар өкілдерінің пікірінше, «Қазақстанда жасалған» белгісімен тауарды ерікті сертификаттау жүйесін құру идеясы дәл осылай көрінеді. Жауапкершілікті өндірушілерге артып және солардың қаражатына жасамақ. Бұлай істеу дұрыс емес екені көрініп тұр ғой.
Бағдарлама бойынша жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды. Әйтсе де, бизнесті елеулі қолдау шаралары іс жүзінде пысықталмаған. Бүгінгі таңда бағдарламамен жұмыс шын мәнінде еліміздің кәсіпорындарында өндірілген тауарлар таңбаланатын «Қазақстанда жасалған» белгісінің жаңа дизайнын талқылауға әкелді. Бағдарламаны әзірлеушілер тауардың қаптамасына, яғни сыртқы бетіне ғана қызығушылық танытып жатыр ма деген ой келеді. Ал ол әдемі логотиптің артында елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын отандық тамақ өндірісін қолдау жөніндегі іс-шаралар кешені болуы керек екенін ұмытып кеткен сияқты.
Отандық тауар өндірушілер, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы өз кәсіпкерлеріміздің мүдделерін сауда желілерімен болатын күрделі өзара қарым-қатынас жағдайында қорғайтын болса дейді. Оған қоса, жоқ қызметтерді, әртүрлі ретро-бонустарды, сатылған тауар үшін алты айға дейін пост-төлемдерге тосқауыл қояды деп те үміттенеді. Сондай-ақ өндірушілер бағдарламада импорттық өнімдердің сапасын тексеруді ұйымдастырудың нақты шараларын көреміз деп күтеді. Жасыратыны жоқ, импорттаушылар көбіне-көп жергілікті заңдардың талаптарын орындамайды, ал олар жеткізетін көптеген өнімдер – ең төмен сапада. Салалық одақтар өкілдерінің пікірінше, егер нарықты осындай күмәнді тауардан тазартса (ал бұл елдің барлық азық-түлік айналымының үштен біріне дейін), онда оның орнын отандық өндірістің лайықты өнімі ала алады.
Тағы бір аса мән беретін жағдай, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, отандық сауда желілері тарапынан отандық өндірушілерге ерекше үстем жағдайлар жасалуы маңызды.
«Біз отандық өндірушілердің көзқарасын тыңдадық. Бәріміз Қазақстанда тұрамыз және осы елдің патриоттарымыз, сондықтан міндетті түрде жергілікті өндірушілерде басымдық болуы тиіс. Соңғы геосаяси оқиғалар біздің осал екенімізді көрсетеді, әрі қателескен тұстарымызды анықтап береді. Осының бәрін екшеп, ескеріп өз кәсіпкерлеріміз тарапынан болып отырған мұндай бастама қолдау табуы керек. Жауапты ведомстволар бизнестің пікіріне құлақ асады. Бұйыртса, бұдан былай өндірушілердің ескертулері мен тілектері басты назарға алынады. «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы оған қатысушылардың барлығының мүддесін қорғайтын болады. Сөйтіп, бұл мемлекеттік жоба қазақстандық өндірісті дамытуға жұмыс істейтін ең үлкен құралдың бірі болады деп үміттенеміз», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.
Дөңгелек үстел қатысушылары, кеш болмай тұрғанда Үкімет пен «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеушілер бизнестің пікірін дәл қазір естуі қажет екенін, әзірге құжатты түзетіп, пысықтауға болатынын атап өтті. Одан басқаның бәрі бұрынғыдай тағыда қаз-қалпында қалуы ықтимал екенін айтты.