Экономика • 02 Сәуір, 2023

Қант зауыттарына – 18,3 млрд теңге

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуын­ша, бүгінде 18 өңір шикі қантты сатып алу және қайта өңдеу үшін 18,3 млрд теңге сомасында қант зауыттарын қаржыландырды.

Қант зауыттарына – 18,3 млрд теңге

Соның соңғысы «Ақсу Кант» зауыты еді. Онымен Алматы ӘКК 2,6 млрд теңгеге тауар жеткізуге келісімшартқа қол қойды», деді Арман Шаққалиев.

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің деректері бойынша, Қазақстанның қант зауыттарының жалпы тәуліктік қуаты қант қызылшасын өңдеу бойынша 8,7 мың тоннаны және қамыс шикізаты бойынша 2,4 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте елімізде қантты жылдық тұтыну – 530-550 мың тонна, отандық шикізат есебінен қамтамасыз ету – 10%-дан аз.

«2022 жылы ішкі нарықты отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 51%-ды құрады, оның ішінде қызылша қант есебінен – 6% (33 мың тонна). Биыл зауыттар 400-450 мың тоннаға жуық қант өндіруді жоспарлап отыр, оның ішінде 50 мың тонна қызылша шикізатынан, қалған көлемі шикі қамыс қан­тынан өндірілмек. Осы мақ­сат­та Жамбыл және Жетісу облыстарының әкім­дік­тері қант қызылшасының егіс ал­қап­­тарын 6,5 мың гектарға (11,6 тонна гектардан 18,1 тонна гектарға дейін) ке­ңей­ту жұмыстарын жүргізуде», деді Ауыл шар­уашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Сонымен қатар қант саласын қолдау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының көлемі үшін субсидиялар нормативтерін тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтты.

2022 жылы Жетісуда ор­на­лас­қан Ақсу қант зауы­ты­ның жұмысы тоқтатылды. Қазір зауытта қуаты айына 10 мың тонна қамыс шикізатын өңдеу желісін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жетісу әкімдігінің мәліметінше, зауытта 3 мың тонна қамыс шикізаты сатып алынған, «Ақсу кант» ЖШС қамыс шикізатын қайта өң­деу бо­йынша технологиялық же­лінің дайындығы – 98% дең­ге­йінде.

Қолданыстағы пробле­ма­лардың бірі – қанттың соңғы құнына әсер ететін мазут­тың жоғары құны. Өз тарапынан энергетика вице-ми­нистрі Мағзұм Мағауов қазіргі уа­қытта мазут бағасы ірі ши­кі­зат иегерлері арасында 100-ден 130 теңге/кг-ға дейін тө­мен­де­ге­нін хабарлады. Ол шикізат иелерінің осы бағалар бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін растады.