Мәселе • 02 Сәуір, 2023

Жайылымдық жер тапшы

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында жыл сайын 500 мың гектар ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару жоспарланған.

Жайылымдық жер тапшы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

2021 жылы басталған осы ауқымды жұмыс 2026 жылға дейін жалғасады. Тек биыл­ғы жылдың соңына дейін елді мекендер тұрғындары үшін жайы­лымдық жер көлемі 195 мың гектарға ұлғайтылады. Был­тыр Әйтеке би ауданында – 84 мың 800, Байғанин ауданын­да – 68 мың, Шалқар ауданында – 71 мың 800 га көлемдегі пайдал­а­ныл­маған жер мемлекетке қай­тарылды. Осындай жақсы ұйым­дастырылған жұмыстың нәти­же­сінде жайылымдық жер аумақ­тары Алға ауданында – 23 мың, Ырғыз ауданында – 26 мың 400, Қобда ауданында – 25 мың, Мұғалжар ауданында – 21 мың гектарға ұлғайды.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшы­сының орынбасары Нұрлыбек Аманқұловтың хабарлауынша, 2021 жылы – 512 мың, 2022 жылы – 535 мың гектар ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерлер мемлекетке қайтарылды. Өңірдегі 10 ірі шаруашылық иесі 239 мың гектар жер учаске­сін мемлекетке өз еріктерімен тапсырды. Бұл жер ресурстарын бақылау департаменті мамандарының тыңғылықты және жақсы ұйымдастырылған жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Департамент қызметкерлері өткен жылы 610 мың гектар жердің тиімді игерілуін тексеру кезінде 177 заң бұзушылық тапты. Соның ішінде 101 шаруа қожалығы иесі қорадағы малдарын тіркемей жасырып жүргені анықталып, оларға айыппұлдар салынды.

Соған қарамастан елді мекендер тұрғындары үшін жайылым­дық жерлердің жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 195 мың гектар жердің қайтарылып берілуіне қарамастан, әлі күнге дейін ауыл тұрғындарының қорасындағы малын жаятын жер тапшы. Жайылымдық жердің жетіспеу­шілігін, әсіресе Алға, Мәртөк, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласының төңірегіндегі елді мекен тұрғындары қатты сезініп жүр. Мәселен, Алға ауданында – 33 мың, Мәртөк ауданында – 19 мың гектар, Темір ауданында – 12 мың, Ақтөбе қаласы аумағында – 21 мың гектар жер жетіспейді.

2023 жылы1 қаңтардан бас­тап Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша кәсіпкерлік нысандарын жос­пардан тыс тексеруге тыйым салынады. Мұның кесірінен жер учаскелерін мақсатты түрде пай­даланбағандардың заң бұзушы­лы­ғын бақылау қиын болатын түрі бар. Әсіресе құрылыс жұмыс­тарын жүргізуге алынған жерлер­ді қадағалау қолдан сусып кете­ді. Өйткені қолданыстағы Жер Кодексінде кәсіпкерлік нысандары құрылыс жүргізуге алған жер учас­келерін пайдаланудың нақ­ты критерийлері көрсетілмеген. Ауыл шаруашылығы министр­лігі осы сұрақ бойынша Жер кодексі­не өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірлеп отыр. Де­пу­таттар да осы құрылысқа алын­­ған жер учаскелерін тиімді пай­­даланудың заңнамалық нормаларын тезірек қарастыруға тиіс.

Биылғы жылдың тағы бір жақсы жаңалығы – Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрліктерінің мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің интерактивті картаны қолданысқа енгізуі. Ендігі жерде тұрғындар кері қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін геопортал арқылы бақылай алады. Ақтөбе облысында да былтыр мемлекетке қайтарылған 535 мың гектар жерді геосервиске енгізу жұмыс­тары басталды. Ендігі жерде Ақтөбе қаласының әкімдігінде гео­пор­тал арқылы қайтарылған жер­лерді көруге болады. Сондай-ақ аудан әкімдіктерінің сайттарында да осы мәліметтер орналастырылады.

 

Ақтөбе облысы