Қоғам • 03 Сәуір, 2023

Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы қабылданды

615 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аталған тұжырымдама Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жастар саясаты туралы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты әзірленді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы қабылданды

Министрдің жазуынша, жеті бағыттан тұратын Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамыту, кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аудару. Оның аясында 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген.

2029 жылға дейін қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 20%-ға арттыру, жас мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішін 25%-ға ұлғайту, 2,2 млн жасты волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту жоспарланып отыр.

Негізгі мақсаттардың бірі – NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендету.

2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа жеңілдетілген несие беріледі. Сондай-ақ 2,3 миллион жасты жұмыспен, 2,8 миллион жасты жоғары біліммен қамту көзделіп отыр.

«Үкімет басшысы қол қойған тұжырымдама жастар саясатын одан әрі дамытуға оң әсер етеді деп сенеміз», деп жазды министр.