Экономика • 04 Сәуір, 2023

Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңа әдістеме бойынша анықталады

266 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) жаңа әдіспен есептеу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңа әдістеме бойынша анықталады

«Ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыстар аяқталып жатыр. Қазіргі уақытта министрлік Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп, ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесі жобасын дайындады», деді Т. Дүйсенова Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшері орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай белгіленеді.

«Бұл тәсіл қызметкерлердің кірісі мен өндірілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасындағы нақты байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Бүгінде әдістеме жобасы мүдделі мемлекеттік органдар және әлеуметтік серіктестермен келісіліп жатыр»,  деді Тамара Дүйсенова.

Ол 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін Еңбек кодексіне әдістемені заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша тиісті түзетулер әзірленетінін айтты.