Денсаулық • 04 Сәуір, 2023

Елімізде қызылша жұқтырғандар саны артты

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде қызылша жұқтырғандар саны артты. Жыл басынан бері республика бойынша 200-ге жуық адамнан осы инфекция анықталған. Олардың 100-і 14 жасқа толмаған балалар, деп хабарлайды Egemen.kz qazaqstan.tv. арнасына сілтеме жасап. 

Елімізде қызылша жұқтырғандар саны артты

Осыны ескерген мамандар алдын ала дабыл қағуда. Әсіресе, індет Алматыда өршіп тұр.

Алматыда қызылшаға қарсы сақтық шаралары күшейе бастады. Дәрігерлер мектеп, балабақшаларға ескерту жасап, санитарлық талапты сақтауға шақырып жатыр. 

Себебі індет жұқтырғандар артып, 73 адамнан қызылша таяқшалары анықталған.

«Қызылша таяқшалары анықталған науқастардың 67-сі 14 жасқа толмаған. Қазір қалада 26 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың алтауы бала. Барлығының жағдайы орташа», дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева.

Былтыр республика көлемінде қызылша жұқтырған 4 жағдай ғана тіркелген. Соған қарамастан өткен жылы 350 мыңдай бала осы індетке қарсы екпе алды.

«Қызылша вирусына қарсы ешқандай арнайы ем жоқ. 18 жасқа дейінгі балалардың арасында қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін егілмеген адамдардың саны – 94 мыңнан асып отыр», деді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева.

Мамандар қызылшадан қорғанудың бірден-бір жолы – екпе алу дейді. Себебі вакцина алған балаларда ауру жеңіл өтіп, тез жазылған. Дәрігерлер ауа арқылы таралатын жұқпалы вирустың негізгі белгілерін атап өтті.

«Катаралық симптомдар пайда болады. Дене қызуы көтеріледі. Сол кездерде балабақшаға, мектепке апармауларын сұраймыз. Өйткені қызылша ауруының көбіне денесіне бөртпе шыққан кезде ғана мән береді. Сол себепті кеш анықталып жатады», деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Ахметова.

Қызылша – дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу, және бөртпе түрінде көрінетін вирустық ауру. Ауа арқылы тарайды. Инфекцияны одан ары өршітпеу мақсатында алматылық дәрігерлер науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды жіті қарап, медициналық бақылауға алған.