Қоғам • 04 Сәуір, 2023

Қазалы оқушылары неден уланғаны белгілі болды

423 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Санитарлық дәрігерлер Қызылорда облысында мектеп оқушыларының жаппай улану себебін анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазалы оқушылары неден уланғаны белгілі болды

29 наурызда Қазалы ауданындағы №225 орта мектептің жиырма бес оқушысы тамақтан уланып, ауруханаға түсті.

Кейін мектеп асханасындағы аспаз көмекшісінен стафилококк бактериясы табылған.
 
«Оқушылардың улануына не себеп болғанын білдік. Аспазшының көмекшісінде стафилококк бактериясы бар екені анықталды. Стафилококк - тамақтан улануға әкелетін бактериялардың бірі. Дәл осындай бактерия зардап шеккен 14 баладан табылды», деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Әбдіқайымова.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, мектеп асханасының аспазшысы мен аспазшының көмекшісі жұмыстан босатылып, білім мекемесінің медицина қызметкері жұмыстан шеттетілген.

«Білім беру ұйымының жауапты тұлғаларына қатысты тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Балалардың жағдайы тұрақты», деді білім бөлімінің бас маманы Нұржан Жұманов.