Бүгін Астанада Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының кезекті ХХІІ съезі басталады. Осыған орай Премьер-Министр Кәрім Мәсімов съезд делегаттарымен кездесті. Кездесу барысында Үкімет басшысы кәсіподақ өкілдерінің көкейінде жүрген толғақты сұрақтарға жауап берді.
Соның бірі денсаулыққа зиян мамандықтарға, яғни №2 тізімдегі қызметкерлерге берілетін жеңілдіктер туралы болды. Кәрім Мәсімов өз қызметінің де №2 тізімге жататындығын айтып әзілдей келе, “жеңілдікті беруге уәде бермеймін, бірақ қараcтыратын боламыз” деп жауап берді. Кездесу барысында Үкімет басшысы кәсіподақ өкілдеріне билік басындағылардың арық сөйлеп, семіз шығаруы керектігін ескертіп өтті. Алдымен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев сөз алып, съезд делегаттарын елордаға атбасын тіреуімен құттықтады. “Бүгінгі күні Үкімет пен кәсіподақ ұйымдарының арасында өткір тұрған мәселе жоқ. Әрбір мәселе өзара түсіністік жағдайында, екіжақты қолдау арқылы өз орнымен шешілуде. Дағдарыс сынынан да дұрыс өткен секілдіміз. Мен осы федерацияны басқарғаныма 20 жыл болыпты. Ұйымға 2 миллионнан астам адам мүше. Осы жылдар ішінде бір байқағаным, соңғы 5 жыл біз үшін өте жемісті болды. Осы жетістіктеріміздің ішінде ел Үкіметін басқарып отырған сіз сияқты азаматтың үлесі аз емес”, деді Сиязбек Мұқашев. Бізді тек Үкіметпен ғана жұмыс істейсіздер деп кінә тағатындар жеткілікті. Дегенмен, кәсіподақтардың бүгінгі жеткен жетістігі салаға дұрыс көңіл бөлінуінің, сондай-ақ өзара түсіністік пен қолдаудың нәтижесі деп ойлаймын, деді ол.
Одан соң сөз алған Кәрім Мәсімов Премьер-Министр қызметінде Кәсіподақтар федерациясы офисінің табалдырығын бірінші рет аттап отырғандығын, съезд делегаттарымен кездесуіне қуанышты екендігін жеткізді. Соңғы 3-4 жылда күнделікті кездесе отырып, иық тірестіре жұмыс атқарып келеміз. Елбасымыздың басқаруымен жинақтаған ортақ әріптестік тәжірибеміз, әлеуметтік және әлемдік үздік тәжірибелер, Үкімет пен кәсіподақ ұйымдарының, жұмыс берушілердің өзара қарым-қатынаста, бірлесе жұмыс атқаруы еліміздің ойдағыдай дамуына мүмкіндік беріп отыр. Біздің әріптестігіміз сындарлы болуы тиістігін атап өткім келеді, деген Кәрім Мәсімов Сиязбек Мұқашевтың өте іскер әріптес екендігін атап өтті.
Ал бүгінгі таңдағы алдымызда тұрған негізгі мақсат – Елбасы тапсырмаларын орындау. Бұл дегеніңіз – әртараптанған және бәсекеге қабілетті экономика. Біздің кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер осыны түсіне отырып, шығаратын өнімдерінің бәсекеге төтеп бере алатындай сапалы болуын ойлауы қажет. Сонда ғана біздің кәсіпорындар өз ішімізде, кейін Кеден одағы күшіне енгенде бәсекеге қабілетті болмақ, деді Премьер-Министр.
Жиын соңында Үкімет басшысы кәсіподақ өкілдеріне бірлесе жұмыс атқарып келе жатқандықтары үшін алғыс айтты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
“Егемен Қазақстан”.