Қоғам • 06 Сәуір, 2023

Биологиялық қауіпсіздік – елдің қауіпсіздігі

335 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Төрт түлікке жұғатын түрлі кеселге қарсы вакцина егу науқаны өңірде әдетте қаңтарда басталып, сәуірде аяқталады. Өйткені көктемгі көктің иісі бұрқ ете қалса, малды ұстау қиын болып кетеді. Бүгінде облыста шамамен 420 мыңның үстінде ірі қара, 440 мыңдай ұсақ мал, 160 мың бас жылқы бар. Оған 95 мыңдай талпақ танауды қосыңыз. Осыншама малға 526 ветеринар 13 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы екпе жасап шығады.

Биологиялық қауіпсіздік – елдің қауіпсіздігі

Бірінші орында аусыл тұр

Облыста былтырдан бері ірі қара, қой-ешкі және шошқада кез­десетін аусылға, модулярлық дермотит, қа­расан, пастерелез аурулары мен құс тұмауына қарсы вакцина егіледі. Екпені үсті-үстіне еге беруге болмайды. Сондықтан вакциналау уақыт аралығы ескеріле отырып нақты жылдық жоспар бойынша жүзеге асырылады.

– Мысалы, қаңтар, ақпан айларында аусылға қарсы вакцина егіп алдық. Наурыз айында не­гізінен сібір жарасына қарсы екпе жасадық. Одан кейін төрт жас­қа дейінгі жас төлге қарасанға қарсы вакцина егеміз. Бұрын пастерелез шыққан елді мекендерді де қолайсыз аумақ ретінде бақылап, екпе жасап отырамыз. Бұл енді жыл бойы жүргізілетін жұмыс. Бұрын мал ауруы шыққан жерлер үш жыл бойы эпизотиялық бақылауда болады. Ал сібір жарасы шыққан жердегі малға жыл сайын вакцина егіледі, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.

Бауыржан Ғалымжанұлының айтуынша, Қостанай облысында өткен ғасырдың отызыншы, қыр­қыншы жылдары, одан бергі ке­зең­дерде сібір жарасы шыққан 156 елді мекен бар. Аса қауіпті аурудың бактериясы құмда да бола береді және жүз жылға дейін сақталады. Ол, мысалы, желмен, құммен бірге көшіп басқа елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ветеринария саласының стратегиясы бойынша өңірдегі малға сібір жарасына қарсы вакцина жыл сайын тұрақты түрде егіледі. Бүгінде аса қауіпті аурулардың ішінде бірінші орында аусыл, одан кейін сібір жарасы тұр. Бұл аурулардың алдын алып отырмаса, малға ғана емес, адамға да қауіп төндіреді.

– Былтыр Федоров ауданын­да­ғы Запасный деген ауылдан, осы­дан ­екі ­жыл бұрын Денисов ауда­нын­дағы «Алтай», «Баталин­ский» деген жауапкерші­лігі шек­теулі серік­тестіктерден сібір жа­расы шыққан. Біз қазір бұл ша­руашылықтарды ба­қылауға алып, уақтылы вакцина егі­луін қадаға­лап отырамыз. Таяуда ғана біздің ­маман­дар «Баталинскийге» барып, малдың жағ­дайын көзбен кө­ріп, вакцина егуге қатысып қайтты. Оның алдында Запасныйға барып, бір күн­де 500 бас егіп келді. Қа­зір Жіті­қара, Қамысты аудандарын­да да вакцина егуге қолұшын беру, қадағалау жұмыстарын атқарып жатыр. Бұл өңір­лерге сәуір айын­да тағы мамандар жібереміз. Өйт­кені егілмей қалған жеке­меншіктің малы бар, соларды егу жұмыс­та­рына қа­тысады, – деді бас­қар­ма басшысы­ның орынбасары.

 

Бруцеллездің таралу аясы тарылып келеді

Бруцеллез – жұқпалы әрі созылмалы ауру болғандықтан, мем­лекеттен арнайы қаражат бөлі­ніп, кеселдің бұл түріне қарсы үздіксіз күрес жүргізіліп келеді. Ветеринарлардың сөзіне сенсек, өңірде бруцеллезбен ауырған мал басы жылдан-жылға азайып келеді. Мысалы, 2015 жылы облыс көлемінде бруцеллездің таралу көрсеткіші 1 па­йыз шамасында болса, 2021 жылы 0,24 пайызға түскен. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша 0,2 пайызға дейін кеміген. Цифр тілімен айтсақ, 2015 жылы 5 мыңдай ірі қарадан бруцеллез анықталса, 2022 жылы небәрі 895 бастан ғана ауру шыққан.

чпо

Бруцеллез ошағы анықталған ша­руашылықтар мен елді мекен­дер­ге сауықтыру жұмыстары жүр­гізі­леді. 2020 жылы облыста осындай 23 са­уықтыру орны болыпты. Былтыр олар 13-ке дейін азай­ған. Бұл ұзақ жылдар бойы жүргізіл­ген ветеринарлық жұмыстардың жемісі дейді мамандар. Ал енді өңірдегі қой-ешкінің жыл сайын 0,02 пайызы ғана бруцеллезга шалдығады. Облыс бойынша жылына тұрақты түрде 60-70 ұсақ малдан ғана бруцеллез шығады, яғни бұл цифр ұсақ мал арасындағы бруцеллездің ең төмен деңгейде екенін көрсетеді. Сондықтан қой-ешкінің эпизотиялық жағдайы өте жақсы деп айтуға болады.

Бруцеллездің алдын алу шараларына мемлекеттен арнайы қаржы бөлінеді. Облыс ветеринарлары жылына 500 мыңнан аса ірі қарадан қан алып, зертханаларға жіберіп, тексеріп отырады. Бұл бағыттағы жұмыстардың дені наурыз айында басталады.

– Таяуда Ұзынкөл ауданын­дағы ірі шаруашылықта жүргізілген ­жоспарлы зерттеу жұмыстарының барысында 36 бас ірі қарадан бруцеллез шықты. Шаруашылық басшысы ауру малдың бірін қалдыр­май «Север-Ет» ЖШС-ға тапсырды. Әлі де күмән туғызатын 72 бас бар. 15 күннен соң, солардан қан алып тексереміз. 9 бастан сынама алынып, облыстық ветеринарлық зертханада талдау жасалып жатыр. ПТР қорытын­дысы оң нәтиже көрсететін болса, атал­ған шаруашылыққа уақытша шектеу шаралары енгізіледі. Соны­мен қатар Жітіқара ауданындағы Степной елді мекенінен де бруцеллез анықталған. Қазір бұл ауылда сауықтыру шаралары жүріп жатыр, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары.

Ветеринар маманның айтуына қарағанда, кеселдің бұл түрін анықтау жұмыстары енді басталып жатыр. Сондықтан бруцеллез әлі де шығуы мүмкін. Мұнымен ауырған малды емдеу ұзақ уақытты және қомақты қаражатты қажет етеді. Яғни бруцеллезді емдеу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан онымен ауырған ірі қара 15 тәуліктің ішінде сойылуы қажет. Адамнан малға, малдан адамға жұғатын қауіпті аурудың арты індетке ұласып кетпеуі үшін мал басын жылына кем дегенде екі рет тексеріп, ауру деген малдың көзін құртып отыру керек. Одан басқа ем жоқ.

Әр ауданда ауру малды таси­тын арнайы көліктер бар. Бруцеллез анықталған мал осы көліктермен тегін тасымалданады. Ол көліктер­дің жанармайы мен жүріп-тұруына қажет қаржыны мемлекет төлейді. Одан кейін ауру ошағын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, бру­целлездің шығуы кейде мал иеле­рінің салғырттығынан болып жатады.

– Мысалы, кейбір ағайындар малын уақтылы тексертпеуі мүм­кін. Қорада он бас тұрса, әй соям ғой ­деп, сегізін тексертіп, екеуін қалдыра салады. Артынан оны соймай, бас­қа біреуге беріп жібереді. Ол ауы­рып тұрған мал болса, барған жеріндегі басқа малға жұқтыруы мүмкін. ­Әртүрлі факторлар бар. Сондықтан малды міндетті түрде ектіру керек. Адамдар әртүрлі ғой. Ауру анықталған соң, біреулер малымды бермеймін деп қасарысып тұрып алады. Ондай жағдайда, ең алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал енді малын ектіруден мүлде бас тартқан жағдай­да, біздің мамандар жергілікті жерле­рдегі аудандық, қалалық, аумақтық ветеринарлық инспекцияларға бә­ленше малын ектірмей жатыр немесе ауру анықталған малын тапсырмаймын деп жатыр, 15 күннен асып кетті. Соған шара қол­дануыңызды сұраймын деген мазмұнда баянхат жазады. Олар заңмен белгіленген өкілеттігі бойынша жаңағы шаруашылыққа тексеру жүргізіп, әкімшілік хаттама толтырып, әкімшілік құқық бұзушылықтың дәрежесіне сәйкес 5-10 АЕК көлемінде айыппұл салады. Тіпті соттасатын да жағдайымыз болады. Ал жалпы алғанда, облыста бруцеллез деңгейінің төмендегенін бақылап, көріп отырмыз, – дейді Бауыржан Бекет.

 

Жолдауда айтылған сөз іске асып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрынғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болуы үшін салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс екенін айтқан еді. Президент, атап айтқанда, мал басын тіркеу үдерістерін цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, мал дәрігерлері­нің жалақысын көбейту сияқты көп­тің көкейіндегі өзекті мәселелерді шешуді міндеттеген.

– Президент біздің ұлттық қа­уіп­сіздігіміз, биологиялық қауіп­сіздігіміз ветеринарияға байла­нысты деді. Өйткені күнделікті ішетін сүтіміз бен жейтін тамағымыздың таза болуы, сондай-ақ шетелге ет, сүт өнімдерін, мал шығаратын болсақ, соның бәрі ветеринария жұмысымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы ветеринарияны дамытпай, мал шаруашылығы ілгерілемейтінін түсініп, осылай деген. Бұл салаға содан кейін барып, көңіл бөліне бастады. Осыдан біраз жыл бұрын еңбекақы мардымсыз болып, дәрігерлер мүлде келмей кетті. Былтырдан бастап еңбекақы өсіп жатыр. Мысалы, 2021 жылға дейін еңбекақы көлемі 90 мың теңгенің шамасында болды. 2022 жылы 175 мыңға дейін өсті. Биыл жыл басынан бері әр ауданның қаржылық мүмкіндігіне байланысты ветеринарлар 190 мыңнан 240 мың теңгеге дейін айлық алып отыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Бүгінде өңірге вакцинаның бәрі республикалық бюджеттен тегін ке­ліп түседі. Малға да тегін салынады. Мал дәрігерлері атқарып жатқан вете­ринарлық жұмыстардың бәрі тегін. Мал иесі бұған көк тиынын да шығармай­ды. Мемлекет ха­лықтың қолындағы мал мен ша­руашылықтардың малына ала­ламай бәріне бірдей вакцина­сын, мал дәрігерінің еңбекақысын, оның жү­ріп-тұруы үшін жанармайын тегіс тегін тауып береді. Яғни биологиялық қауіп­сіздікті қам­тамасыз етіп беріп отыр.

– Оның сыртында, төтеннен аусыл­ ауруы шықты ғой. Қорғаныс айма­ғы­на Қостанай облысы да енеді. Сондық­тан біз де вакцина еге бастадық. Өте ауқымды жұмыс атқарылды. Қой, ешкі, қара мал, шошқаның бәріне бірдей вакциналадық. Бір малды бірнеше рет ектік. Нәтижесінде, жұмыстың кө­лемі ұлғайып кетіп, соған байла­нысты осы жұмысты аяғына дейін атқару үшін Үкімет қосымша қа­ражат бөлді. Мал дәрігерінің қа­сында санитары болады, көбіне, егілген малды жазып жү­реді. Олар келгенде мал иесі малды өзі ұстауы керек, өзі фикса­ция жасауы керек. Ол ветеринардың міндеті­не кірмейді. Ветери­нар келгеннен кейін, мал иесі ұстап, фиксация жасаған малдан қан алады. Вакцинасын егеді. Қасындағы адам оны жазып, вакцина салынған қорабын көтеріп жүреді. Көп жағ­дайда малды өз иесі байламайды. Екі қо­лын қалтасына салып, ал істеңдер деп қа­рап тұрады. Мұндай жағ­дайда біздің ветеринар дәрігерлер сырттан үшінші адамды алады. Фиксатор дейді оны. Ол адамның қолында арқан-жібі бо­лады, қораға кіріп малды байлап, көмектеседі. Оның еңбегін мал иесі қалтасынан төлеу керек. Кәдімгі соғым сойып беретін қасапшы сияқты, екеуі ауызша келісім жасайды. Осыдан басқаның бәрі тегіс тегін. Мемлекет соны қарастырып қойған, – дейді Бауыржан Бекет.

Бүгінде облыс аумағындағы ­17 ауданда мемлекеттік ветеринар­лық зертханалар бар. Мұның сыр­тында, Қостанай қаласының іргесін­дегі Заречный кентінде білікті мамандары бар облыстық зертхана жұмыс істейді. Қандай да бір күдік туған жағдайда малдың ішкі органдарынан, қанынан сынама алынып, осы аталған зертханаларда құтырма, пастереллез, сібір жарасы сияқты вирустық және бактериялық ауруларға қатысты талдау жасалады.

Ірі шаруашылықтардың жеке ветеринар дәрігерлерін қоспағанда, әр ауданда мемлекеттік ветеринарлық бекеттер жұмыс істеп тұр. 20 ауданда 25 бекет бар. Оның ар жағында, әр ауылдық округте мал дәрігері мен санитары бар ветеринарлық пункттер жұмыс істейді.

Бүгінде ветеринария саласын цифрландыру мәселесі де жақсы жолға қойыла бастаған.

– Бұрын әр бастың қағаз түрін­дегі құжаты болған. Бірақ ол бюджеттен көп қаражат бөлуді қажет етті. Қағазды басып шығару керек. Бір жылдары 17 млн теңгеге тапсырыс беріп жібердік. Көп ақша ғой. Әр облысқа есептеңіз, 17-20 млн теңгеден келсе қаншама ақша! Қазір электронды құжат­қа көштік. Бізде малды тіркейтін «Ауыл шаруашылығы өнімдерін сәйкестендіру жүйесі» деп аталатын портал бар. Мысалы, кез келген адам ведпунктке барып, бәленбай жерден мал сатып алатын едім, соның құжатын беріңіз деп сұраса, бірден желіге кіріп шығарып береді. Онда малдың нөмірі, түр-түсі, бұрын кімнің атында болды, қандай ауруларға қарсы вакцина егілді деген сияқты керек мәліметтің бәрі бар, – дейді мамандар.

Мал дәрігерлерінің еңбек­ақы­сы өскеніне қарамастан, Ұзын­көл, Қарабалық аудандарында әлі күнге дейін ветеринар мамандар жетіспейді. Өйткені көпте­ген ауылдың тұр­мыстық жағдайы әлі де мәз емес. Ауыл әлі де болса, бір ауық бір жерге барып демалып, көңіл көтеруді, спортпен шұғыл­дануды, басқа да игіліктерді жаны қалап тұратын жас адам үшін қолай­сыз. Сондықтан жастардың көбі оқуын бітірген соң, қалада жұмыс істегісі келеді. Оларға ауыл қорасында қи кешіп жүріп сілекейін шұбыртқан сиыр­ды емдегеннен гөрі, қаладағы жылы кли­никада пәтерде тұратын «мәде­ниетті» ит-мысықтарды емдеген тиімді.

 

Қостанай облысы