Білім • 05 Сәуір, 2023

География пәнінің күрделі жағдайы

3417 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында Қазақстан географиясы пәнін оқытуда туындаған мәселелерді сала мамандары бірнеше рет талқылап, «Egemen Qazaqstan» газетінде «Байтақ елдің географиясы неге толық оқытылмайды?», «Қазақстан географиясын оқыту әлі шешімін таппады» деген тақырыптармен түйткілді жайттар тарқатылған болатын. Сарапшы мамандардың пікірінше, жалпы білім беретін мектептерде география пәнін оқытудың бірқатар мәселеcі әлі күнге басы ашық күйінде қалып отыр.

География пәнінің күрделі жағдайы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазіргі кезде ел мектептерінде 5-6-сыныптарында Жаратылыстану, ал 7-11-сыныптарда География пәні оқытылады. Республиканың География пәні мұғалімдерінің қауымдастығы 8-сыныпта Қазақстанның физикалық географиясы, 9-сыныпта Қазақстанның экономикалық және  әлеуметтік географиясы бағдарламадан тыс қалып қойғандығына, сонымен қатар жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде шиыршық әдісімен оқытудың тиімсіз тұстарына алаңдаушылық білдіріп келеді.

Географиядан республикалық атау­лы мектеп жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ұлжалғас Есназарова аталған мәселені баспасөз бетінде жиі көтеріп, кейінгі жиырма бес жылда жүйелі түрде оқытылып келген География пәні жаңартылған бағдарлама аясында өзгеріске ұшырағанын айтады.

– Жаңартылған бағдарламада гео­гра­­­фия ғылымдарында қалыптасқан гео­­гра­фия пәнін оқытудың ғылыми жүйесі бір­жола бұзылды. Бүгінде біз­ден өзге пост­ке­ңестік елдердің бар­лы­ғында дерлік өз Отаны­ның географиясы жеке пән ретінде оқы­ты­­лады. Мысалы, Қырғызстан, Өз­бек­стан сияқты көршілеріміз егеменді ел­ ретінде өз географиясын оқытып жат­са, Англияда оқылатын міндетті бес пән­нің бірі – География. Жер көлемі ша­ғын ғана Израиль елінде География­ны­ екі жыл қатарынан оқыту үрдісі қалып­тас­қан. Қазақстан сияқты байтақ елдің экономикалық және әлеуметтік гео­гра­фия­­сын зерделеп оқыту, ел да­­муына­ қа­тысты материал­дарды оқу­шылардың кең көлемде игеруі әзірге мүмкін болмай отыр, – дейді Ұ.Есназарова.

Осылайша, География пәнін оқытуды жүйе­леуді басшылыққа алған ұстаздар қауы­мы «Қазақстан Республикасы жалпы­ орта білім беретін мектептерде гео­гра­фиялық білім берудің ұлттық моделі» тұ­жырымдамасын жасап, Ы.Алтынсарин атын­дағы Білім академиясына ұсынған еді.­ Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі тара­пынан жауап алмадық деген бірқатар ұс­таз ұсыныс-пікірін ортаға салған еді.

Атырау облысы Жаңа Қаратон ауылы­ №22 орта мектептің География пәні мұға­лі­мі ­Айнагүл Шайхинаның айтуынша, жалпы­ орта білім беру ошақтарында 8-9-сынып­тарда «Қазақстанның физика­лық­ географиясы» және «Қазақстанның эко­но­микалық географиясын» оқытуды қай­та қолға алу қажет.

– Осы мәселені былтыр сәуір айында Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи университетінде өткен «Географиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарас» тақырыбындағы География пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысқан делегаттар жан-жақты талқылаған болатын. Бірақ съезде айтылған мәселелер әлі шешімін таппай келеді. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Географияны соңғы 7 жыл оқыған оқушылар еліміздің 5 өңіріне және облыстарға қатысты қарапайым сұрақтарға жауап бере алмайды. Қазіргі уақытта сағаттардың барлығы қысқартылғандықтан, материалды толық игеру мүмкін емес. Бұл мұғалімге де, оқушыға да оңайға соқпай отыр. Мұғалім бағдарламадан қалыс қалмауды әрі оқушының тез қабылдауын қалайды. Салдарынан оқушының пәнге деген қызығушылығы жоғалса, мұғалімнің өткен материалға қайта оралуға уақыты жетпейді. Бұл білім сапасының, сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушы көрсеткішінің төмендеуіне әкеледі. «География» оқулығында тақырыптың, материалдардың берілуінде жүйелілік жетіспейді, қате көп. Материалдар әр сыныпта қайталанып келетіндіктен, ширықшықты әдіспен берілген тапсырмаларды меңгеру жемісін бермей отыр.Тәжірибелік тапсырмалар аза­йып кеткен. Бағдарламада материктер, мұхиттар, жекелеген мемлекеттерді аймақ бойынша ретімен меңгеруге қатысты материалдар аз. Пайдалы қазбалар, кен орындары, дайын өнім алуға қатысты тақырыптар шашыраңқы. География пәнін жете меңгерген оқушы үшін мысалы, биология сабағында жануарлар, өсімдіктер әлемін меңгеруі де оңайға түседі, – дейді А.Шайхина.

Ақтөбе қаласындағы №31 қазақ орта­ мектебінің мұғалімі Нұргүл Қор­­ғанбаеваның айтуынша, әлемнің көп­те­ген­ елінде География пәнін оқытудың ға­сыр­лық­ жүйесі қалыптасқан. Жаңартылған оқу­ бағдарламасы енгізілгеннен кейін гео­графияны оқытудың ғылыми жүйесі мүлдем бұзылған.

– 6-сыныптағы бастапқы курста жер ша­ры және географиялық қабықтар то­лық қамтылып келсе, 7-сыныптағы «Мате­риктер мен мұхиттар география­сы» курсында әрбір материк пен мұ­хит, табиғат ерекшеліктері, мемле­кет­терге жеке тоқталатын толық гео­гра­фиялық білім беретін жүйенің жойы­лғаны қынжылтады. Өз еліміздің таби­ғат ерекшеліктерін, экономикасы­ мен­ әлеуметтік мәселелерін толық оқы­та­тын 8-сыныптағы Қазақстанның физи­ка­лық географиясы, 9-сыныптағы Қазақ­станның экономикалық және әлеуметтік гео­графиясы пәні курстарының оқыту жүйе­сі мүлдем өзгерді. Оқулықтарда түсі­ніксіз тапсырмалар көп. Табиғат ерек­ше­ліктерін сипаттайтын физикалық аудан­дан­дастыру мен ел экономикасының ерек­шелігін оқытатын сағаттар қысқарып қал­ды. Осы орайда оқушылардың дүние­та­нымы, оқу үрдісінде ұлттық тәрбие жұмысын жандандыруда География пәні қарастыратын мүмкіндіктердің барлығын тиімді пайдаланудың маңызы ерекше, – дейді Н.Қорғанбаева.

Павлодар облысы Ертіс ауданы М.Горь­кий мектебінің география пәнінің мұға­лімі Дәурен Ілиясовтің пікірінше, жал­пы географиялық білімнің дәстүрлі ұлт­тық, рухани, саяси құндылықтар және­ оқушының сана-сезімін қалып­тас­ты­ру­да­ғы­ рөлі зор.

– География пәніне қосымша курс ре­тінде Өлкетану, Туған жер геог­ра­фия­с­ы сабақтарын өткізу пән бойын­ша сағат жетпей қалған тақырып­тар­ды игеруге ықпал етеді. География пәні мұғалімдерінің шығармашылық қызы­ғушылығын ояту мақсатында дәп­тер және балалардың картада жасаған жұмыс­та­рын тексеруін ынталандыру да қаперге ала­тын жайт. Сонымен бірге сағаттар саны­ның аздығына байланыс­ты геогра­фия мамандығына баратын түлектер көр­сеткіші төмен. Маман тапшылығынан бір­қатар мектепте бұл пәнді биология, тарих­ пәндерінің мұғалімдері жүргізеді. Өз ісінің маман­да­ры оқытпағандықтан, география пәні­ өзектілігін жоғалту үстінде. Егер жоға­рыда айтылған мәселелер шешімін тапса, Қазақстан географиясы пәні заманға сай қайта жанданып, негізгі пәннің біріне айналатыны анық, – дейді Д.Ілиясов.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Амангелді атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлнар Шотай да өз пікірімен бөлісті.

– Мектеп оқушыларын жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша соңғы жеті жыл көлемінде оқытып келеміз. Осы уақыт ішінде ұстаздар мен білім алушылар біршама қиындыққа тап болды деуге негіз бар. Біріншіден, географияның әліпбиі саналатын картаны 6-сыныпта Жаратылыстану пәні шеңберінде биолог, химик мамандар оқытып жүргені жасырын емес. Сондықтан География пәнін 6-сыныптан оқытуды қайтару керек. Екіншіден, шиыршықталған оқыту моделі бойынша 7-сыныптан бастап сол картамен жұмысты игермеген бала география ғылымының барлық саласын бір жылда шолып шығады. 8-сыныпқа келгенде сол оқу мақсаттары сәл күрделеніп қайталанып келеді. Бала алдыңғы біліміне сүйеніп, білімі мен дағдыларын арттыруы керек. Алайда білім алушылардың көбісі бір жыл тұрмақ бір тоқсан бұрын игерген оқу материалдарын ұмытып, қайталауға тура келеді. Сондықтан география пәнін оқытудың бұл моделі тиімсіз болғандықтан, 6-7-сыныптарда бастапқыда материктермен мұхиттар гео­графиясын оқытып, ғылымның негізгі ұғым­дарын, табиғаттағы құбылыстар мен үдерістердің заңдылықтарын ұғын­ды­рып, базалық білімді қалыптастыру қажет. Келесі қадам: 8-сыныпта­ негізгі база­лық білім, дағдылар қалыптасқан білім алушыларға туған жерінің ерек­ше­ліктерін географиялық заң­ды­лықтарға сүйеніп игеруге жол ашылады. Қазіргі бағ­дарлама бойынша 9-сыныпта бө­лін­­ген сағат саны материал­ды­ зерттеуге­ жеткіліксіз. Себебі игеру­ге тиісті материалдың көптігінен білім алушылардың өзіндік жұмысы (сарамандық жұмыстар) мүмкіндік бермейді. 9-сыныпта туған жерінің табиғат ерекшеліктерін толық игерген балаға адами және табиғи ресурстардан бастап әлеуметтік және экономикалық географиясын оқыту қажет, – дейді ол.

Түркістан облысы Жетісай ауданы Әл-Фараби атындағы №12 орта мектептің География пәні мұғалімі Раушан Әкімшаева: «Қазіргі кездегі жаңартылған білім беру негізінде оқу үрдісін ұйымдастыруда жеке­ тұлға­ның өзін-өзі таныту тетік­те­рін, ғылыми ойлау әдістерін, зерттеу­ мәдениетінің негіздерін игеруді, кәсіби мақсаттарын қалыптастыруды қамтамасыз ету қажеттілігі бірінші орында. Одан бөлек тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиеленуі де өзекті. Сол себепті мектеп бағдарламасына Қазақстанның физикалық географиясы мен Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын қайта енгізген жөн. Сонда оқушылардың отанымыздың географиясын, табиғат жағдайларын, алуан түрлі ресурс­тарын, ұлан-байтақ аумағындағы құбылыстар мен үдерістері туралы түсініктері молаяды. Қазақстанның физикалық геогра­фия­сымен қатар экономикалық және әлеу­мет­тік географиясын меңгерген оқушы қан­дай мамандықты таңдаса да өмірлік қа­жетіне жарата алады», деген пікірін жеткізді.

 – Жаңартылған мазмұндағы бағ­дар­ла­маға географияның барлық саласы­ кірік­тірілгендіктен, географиялық заң­ды­лықтардың жүйесі ескерілмей қалған. Жара­тылыстану білімін интеграциялап оқы­ту­дың алғашқы кезеңінде табиғат құ­бы­лыстары туралы дұрыс, біртұтас түсі­нік қалыптастыруға мүмкіндік беріп, таби­ғат туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге негіз қалайды. Алайда кіріктірілген ғылым саласы­ бол­ғандықтан, 5-6-сыныптардағы жара­ты­­лыстану пәнін республика мек­теп­терінде биология, жүктемесі аз болса,­ тіпті химия пәнінің мұғалімдері де оқы­тып жүргені қынжылтады, – дейді Жам­был облысы Меркі ауданы №44 орта­ мектептің География пәні мұғалімі Гүлмира Найзабекова.

Алматы облысы Қарасай ауданы­ ­Ша­­­малған жаңа қазақ орта мекте­бі­нің­ Георафия пәні мұғалімі Гүлзира Әлиакбарованың айтуынша, жаңар­тыл­­ған­ бағдарлама мазмұны өте күр­де­лі. «Оқу­­лықта да жүйесіздіктер кез­де­седі. Гео­­графия республикалық атаулы­ мектеп қауым­дастығы әзір­ле­ген­ тұжырымдама жоба­сында көр­се­тіл­гендей, бағдарламада еске­ріл­ме­ген,­ оқу­лықта жетілдіретін тұс­тар­ға наз­ар­ ау­дарған жөн. Оқушыға гео­графия­дан тия­нақты білім беру үшін фи­зика­лық, экономикалық, әлеуметтік та­қырып­тар­ды оқыту уақыт күттірмейді. Өз­ елі тура­лы мәліметтерге қанық өскен оқу­шы­ның да алға қойған мақсаты, бола­шақ­­та таңдайтын мамандығы да нақты бола­тыны сөзсіз», дейді ол.

ТҮЙІН:Тәуелсіз елдер тәжірибесін пай­даланумен қатар көптеген жыл бойы уа­қыт сынынан өткен география пәнін оқы­тудың отандық әдістемесін заманауи­ бі­лім жүйесіне икемдеудің маңызды еке­нін атап өткен ұстаздар қауымы жа­ңар­тылған бағдарлама мазмұнын байыту­мен­ қатар оқулықтарды да жетілдіру қа­жеттігін алға тартты. Осы орайда ұлт­жанды ұрпақ тәрбиесінде География­ пәнін оқытудың ұлттық моделін іске асы­рудың маңыздылығына мән бере оты­рып, географиялық ғылымның бей­бе­рекетсіздігіне жол бермеу қажет деген ұстанымдарын білдірді.