Өндіріс • 05 Сәуір, 2023

Өз өндірушілерімізді өгейсітпейік

274 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі күні еліміздің қай саласы болмасын ішкі нарықта ғана емес, әлемдік нарыққа өз тауарын шығаруды қолға алған. Соның ішінде «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыру барлық өңірде жүзеге асып жатыр. Сапасы жағынан шетелдік тауарлардан кем түспейтін біздің өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіпкерлер бар ыждағаттарымен қаржы салуға ынталы.

Өз өндірушілерімізді өгейсітпейік

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Десек те, бизнес саласындағы «Қа­зақстанда жасалған» бағдарла­масы отандық өндірісті қолдаудың нақты шараларымен әлі де болса толықтырылу керектігі жөнінде таяуда «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының агроөнер­кәсіп кешені және тамақ өнер­кәсібі департаментінде айтылды. Кездесуге қатысушылар азық-түлік өнімдерін өндіру бойын­ша қауымдастықтар мен сала­лық одақтардың басшыла­ры, бағ­дарлама отандық өндірушілердің мүдделерін қалай қорғауға тиіс екендігіне қа­тыс­ты өз пікірлерін білдірді.

«Қазақстанда жасалған» бағ­дар­ламасын талқылау онлайн форматта өтті. Қатысуға ша­­қы­рулар көбінесе отырысқа бір күн қалғанда келеді. Көптеген бизнес өкілі дайындалуға немесе қатысуға үлгермей жатады. Сондықтан біз жұмыстың тек­сер­ілген түріне оралуды және заң­на­мада талап етілгендей, осы бағ­дарламаны талқылау үшін тіке­лей жұмыс тобын құруды ұсы­намыз. Топ бизнестің барлық түзе­туі мен ескертуін жазбаша түрде және хаттамамен қабыл­дайтын болады. Тек осылай ғана біз тараптардың пікірлерін еске­ріп, жұмыс істейтін құжатты ала аламыз», дейді «Қазақ­стан Сүт одағы­ның» директоры Владимир Кожевников.

«Қазақстанда жасалған» жалпы­ұлттық бағдарламасын әзірлеу туралы жыл басында жарияланған еді. Оның негізгі мақсаты жергілікті нарықта сапалы отандық өнімді жан-жақты қолдауда, өндірушілерге өз өнімдерін сауда желілерінде ілгерілетуге көмектесіп, неғұрлым тиімді сату шарттарын алуы үшін декларацияланады. Қазірдің өзінде отандық азық-түлік өнімдеріне арналған сауда сөрелерінің 50% және өнеркәсіптік тауарларға 10% бөлу туралы ұсыныс талқыланып жатыр. Бірақ, өндірушілердің пікі­рінше, отандық өнімдердің көптеген санаты бойынша еліміздегі бөлшек сауда сөрелерінің 70%-ына дейін бөлу қажет. Бүгінгі таңда азық-түлік нарығының сауда желілері үстемдік етіп, өздерінің ыңғайына қарай ережелер жасайтындығы бар.

Ал бұлар отандық өндірушіге мүлдем пайдалы емес. Сауда – эко­но­миканың қажетті элементі. Бірақ өзіндік өндіріс мемлекет үшін маңыздырақ болуға тиіс. Ішкі өндіріс елдегі тұрақтылықты, сыртқы қауіп­терден нақты тәуелсіздікті қалып­тастырып, мемлекеттік бюджет пен жұмыс орындарын құрады. Табысты елдердің барлығы өзіндік өндірісті дамытуға және қолдауға ұмтылады. Өндірушілер атап өткендей, дәл осы өндіріс экономика үшін анағұрлым маңызды және құнды. Азық-түлік өндіру индустриясы отандық өндірушілердің мүддесіне назар аудара отырып, мемлекеттік реттеуді қажет етеді, бұл үшін түбегейлі қа­дам­дар қажет. Сауда ережелеріне қатысты заңнаманы қайта қарау, импортты бақылауды күшейту қажет.

Кездесуге қатысушылар атап өткендей, үкіметтік бағдар­ла­ма­ны әзірлеушілер кәсіпкерлер бел­гі­­леген осал тұстарға назар аудар­мастан, отандық өндірісті қол­дау мәселелерін шешу үшін жауап­кершілікті өндірушілердің өздеріне жүктегісі келеді. Салалық одақ өкіл­дерінің пікірінше, «Қазақ­стан­да жасалған» белгісімен тауар­ды ерікті сертификаттау жүйесін құру идеясы дәл осылай көрінеді. Жауапкершілікті өндірушілерге артып, солардың қаражатына жа­сауды көздейді. Бағдарлама бойын­­ша жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды, бірақ бизнесті елеулі қол­дау іс-шаралары іс жүзінде пысық­талмаған деп атап өтті кездесуге қатысушылар. Бүгінгі таңда бағдар­ламамен жұмыс шын мәнінде елі­міздің кәсіпорындарында өнді­рілген тауарлар таңбаланатын «Қазақстанда жасалған» белгісінің жаңа дизайнын талқылауға әкелді. Бағдарламаны әзірлеушілер сыртқы бетіне қызығушылық танытып, әдемі логотиптің артында елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын отандық тамақ өндірісін қолдау жөніндегі іс-шаралар кешені болуы керек екенін ұмытып кеткен сияқты. Өндірушілер бағдарлама олардың мүдделерін сауда желіле­рімен күрделі өзара қарым-қатынас жағдайында қорғап, жоқ қызметтер мен әртүрлі ретро-бонусты, са­тылған тауар үшін алты айға дейін пост-төлемдерге тосқауыл қояды деп үміттенеді.

Сонымен қатар өндірушілер бағдарламада импорттық өнім­дер­дің сапасын тексеруді ұйым­­­дастырудың нақты шарала­рын күтеді. Жасыратыны жоқ, импорттаушылар көбінесе жергілікті заңдардың талаптарын орындамайды, ал олар жеткізетін көптеген өнімнің сапасы өте төмен. Салалық одақтар өкілдері егер нарықты осындай күмәнді тауардан тазартып (ал бұл елдің барлық азық-түлік айналымының үштен біріне дейін), орнына отандық өндірістің лайықты өнімі тұруы қажет екендігін айтады. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сауда желілері тарапынан отандық өндірушілер үшін тиісті жағдай жасау маңызды.

«Біз өндірушілердің көзқарасын тыңдадық. Бәріміз Қазақстанда тұрамыз және сөзсіз жергілікті өн­ді­­рушілерге басымдық берілуі керек. Жауапты ведомстволар биз­­нес­тің пікіріне құлақ асып, өнді­рушілердің ескертпелері мен тілек­терін қабылдайтындығына және «Қазақстанда жасалған» бағ­дар­ламасы аясында барлық қаты­сушы­лардың мүддесі үшін еліміздің өнді­рісін дамыту мақ­сатында жұмыс істейтін құрал болатындығына үміттіміз», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төраға­сы орынбасарының міндетін атқа­рушы Ербол Есенеев.

Сонымен жиын барысында қатысушылар «Қазақстанда жа­сал­ған» бағдарламасын әзірлеу­шілер бизнестегі өзекті мәселе­лердің ескерілуін, әзірге құжатты түзетіп, пысықтауға болатындығын жеткізді.