Еуропа аспанында қазақ өнерін дәріптеп жүрген Дана Мұсаның «Киелі би» деп аталған фильм-перформансын тамашалағаннан кейінгі бір үзік ой осындай күйге бөлегені бар. Сұқтанған көздерден, сүрейлі сөздерден жаныңды азат ұстау қаншалықты ауыр еді. Қадала қараған мың сан жанардан өзіңді алып қашып, жазалы жандай именшіктей берудің жөні бар ма? Ми қабығын кемірген тыным бермес ойларыңның жалғауын қайда тығып тыншисың? Мәңгілік сауалға мән іздеген рухыңды би құдіретімен сілкіп алған бикеш өз әлеміне ынтықтыра түседі. Біз бұған дейін оның шығармашылығынан мүлде бейхабар едік. Осыдан 13 жыл бұрын Францияға білім іздеп барып, сонда тұрақтап қалған қазақ қызы Париж төрінде өзі ойлап тапқан жаңа би стилі – этно балетті насихаттап жүр екен. Бүгінде балерина, хореограф, режиссер, педагог сынды бірнеше мамандыққа машықтанған жерлесіміз «Номадтар», «Бақсы, «Шабандоз», «Абыз», «Тотем», «Тайпа» «Петроглифтер» сынды түркілік танымның түбіріне бойлататын спектакльдерімен танымал. Ол би ырғағымен кейіптеген осынау шағын дүниелердің барлығы тереңде жатқан арғы дүниемізді қазады, баба ғұрпымен, дала рухымен қауыштырады.
«Тәңірім, арғы замандар арнасында менің кім болғанымды айта аласың ба? Бүгінгі таңда кім болғанымды және ертең қандай күйде болатынымды сипаттап бере аласың ба?», деп басталатын «Киелі би» фильмі әйел-ананың жеті архетипін арқау етеді. 2020 жылы Канн фестивалінде көрсетілген кино өнертанушылар назарына іліккен. Маңғаз Маңғыстаудың шұрайлы өлкесінде, қазақ даласының басқа да көркем жерлерінде түсірілген фильм табиғат пен әйел сұлулығын үндестіре жырлайды.
Автор ішкі арпалысын би арқылы жеткізіп, сол арқылы арманға қол созады. Дүрия даланың көз тартар көркем табиғатын би тілімен әспеттейді. Сағынышын, тазалығын, өмірге құштарлығын би қимылымен беруге күш салады. Биге ырғақ берген айрықша музыка үні әйел-ананың мұң-зарын, нәзіктігін, сұлулығын паш етіп, кәсіби шебердің өнеріне көңіл сүйсінеді. Би, әуен, монолог бір-бірімен үйлесіп отырады. Фильмнің шарықтау шегінде автордың ішкі дауысы: «Туған жерім, қайран жерім, мен сені тағы да тастап, келесі сапарға кетіп бара жатырмын. Бірақ Тәңірім менімен әрқашан бірге. Табиғат сыйлаған денемдегі күш-қуатпен киелі биді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырамын, сонау апа-әжелерімізден келе жатқан қимылды мен өз қыздарыма, ал олар өз қыздарына жеткізеді» деп тіл қатады. Шығармада Дананың би қимылдары, биік рухы дабыл қаққан сақ қыздарының бейнесін көз алдыңа әкеледі. Тұран даланың төсінде ерлік туын желбіреткен жауынгер аналардың рухы қайта оянғандай күй кешесің. Енді бірде барша сұлулық, барша мейірім әлемге ең әуелі ана дейтін әзиз жанның алақанынан тарайтынын, ана тіршіліктің күретамыры екенін сезіндіреді...
Елімізде этно балетпен айналысатын мамандар жоқтың қасы. Дана қалыптастырған авторлық стильге бастапқыда еуропалықтар үрке қарағанымен, қазір оның өнерін көрермен асыға күтетін болған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ол үшін би еркіндіктің есігі, шынайы өмір сүрудің алғышарты.
– Мен үшін би – бостандық. Әр адамның денесінің, қимылының, іс-әрекетінің бостандығы. Не істесем де, қалай қимылдасам да, қол-аяғымды қалай қозғасам да – өз еркім, бостандығым. Би тек дененің ғана емес, ойдың да, жүректің де бостандығы. Ең алдымен, би – өнер. Өте маңызды өнер. Физикалық тұрғыдан қарасақ, билеген адамның буындары, бүкіл мүшесі жақсы қалыпта тұрады. Адамның өмір сүретіні дене ғой. Жүрек соқпаса, аяқ жүрмесе өмір жоқ. Сондықтан би денемен тікелей байланысты. Мен үшін би – өмірдің бірінші белгісі. Кейбір елдерде биге тыйым салынуы өте қайғылы жағдай дер едім. Табиғи, адам өмірінде маңызды дүниеге қалай тыйым салуға болады? Би де – өмірдегі маңызды құндылық. Этно балет – интенсивті әрі экспрессивті би. Сол жағынан да қызықтырады деп сенемін. Жай би емес, өзегінде тарих жатыр. Ақырындап Францияда этно балетке деген көзқарас қалыптастырып жатырмыз. Фильм мен спектакльдеріме көрермен жақсы қарайды, – дейді сұхбаттарының бірінде Дана Мұса.
Отандық өнер кеңістігіне тың жаңалығымен келген туындыны алматылық өнертанушылар ықыласпен қабылдады. Кішкентай кезінен тарихи романдарды құмарта оқыған Дана тарихи тамырымыздан ажырамау – басты байлығымыз деп есептейді. Үлкен өнерге құлаш сермеген қазақ қызы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдап, 21 жасында режиссура мамандығы бойынша Францияға оқуға түскен. Париж Операсының профессоры Ив Касатиден үш жыл дәріс алып, Әйгілі Париж-8, Сорбонна сияқты оқу ошақтарының би факультетінде оқуын жалғастырған. Кәсіби таланттардан дәріс алу үшін Франциядан бөлек, Бельгия, Ұлыбритания елдеріне де жолы түсіпті. 2013 жылы, 25 жасында Парижде ресми түрде Этно балет ассоциациясын ашып патент алған талантты замандасымыздың бағындырар белесі әлі алда. Туған елге үлкен жаңалығымен келіп, даңқы биік дала биінің дәстүрін жалғаған Дана Мұсаның шығармашылық жолына толайым табыстар тілейміз!