Балалар • 06 Сәуір, 2023

Жауғаштыдағы бейкүнә сәбилер

3630 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы облысында Жауғашты дейтін елді мекен бар. Бұл ауылдың атауы осында орналасқан Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД-ге қарасты №10 мекемесі – әйелдер түрмесі арқылы жұртқа жақсы таныс. Бұл мекеме – сотталған әйелдердің баласымен бірге болуына рұқсат етілген еліміздегі жалғыз түрме. Қазіргі таңда мұнда жазасын өтеп жатқан аналарымен бірге үш жасқа толмаған 32 сәби өсіп келе жатыр.

Жауғаштыдағы бейкүнә сәбилер

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда елімізде жазасын түрмеде өтеп жатқан әйелдер саны 1 700-ден асады екен. Ел бойынша 79 түзеу мекемесі бар болса, оның алтауы сотталған әйелдер жазасын өтейтін мекеме. Жоғарыда айтқан Жауғашты кентінде бүгінде 560-тан астам әйел отыр. Қалған бес түзеу мекемесі Атырау қаласында (163 әйел), Абай облысының Жарма ауданындағы Жаңғызтөбе ауылында (157 әйел), Қарағанды облысының Абай ауданында (437 әйел), Шымкент (209 әйел) және Петропавл қалаларында (221 әйел) орналасқан.

чвар

Өткен жылы жазасын өтеу мекемелеріне 446 әйел түскен. Комитет ұсынған деректерге қарағанда, жазасын өтеп жатқан 9 әйел 15 жылдан көп жылға сотталған. Бұл дерек пен сандардың барлығын неге тізбелеп отырмыз?

вы

9 наурызда Сенат қылмыстық сот төрелігі саласында адам құқықтарын нығайту үшін Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне енгізілген заңнамалық түзетулерді қабылдады. Алты бағытты қамтыған түзетулердің басты көздегені – қылмыстық сот төрелігі саласында адам құқықтарын іске асыру тетіктерін кеңейту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстық заңнамаларды жетілдіру жөніндегі тапсырмасына орай қабылданған түзетулердің бірі осы жазасын өтеп жатқан әйелдерге қатысты. Нақтылап айтсақ, Жауғаштыдағы мекемеде 32 сәбиімен бірге жазасын өтеп жатқан сотталған аналармен тікелей байланысты. Жаңа норма бойынша әйелдің түрмеден босап шығуына бір жыл уақыт қалса, баласы да тағы бір жыл, яғни 4 жасқа толғанша жанында қала алады. Қолданыстағы Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес бала анасының жанында 3 жасқа толғанша ғана бола алады. Заң талабы бойынша үшке толғаннан кейін бала сотталған әйелдің жақын туыстарына беріледі. Ал егер жазасын өтеуші әйелдің ешкімі болмаса немесе жақындары баладан бас тартса, сәби балалар үйіне жіберіледі.

вчр

«Өздеріңізге белгілі, БҰҰ-ның «тұтқын әйелдермен» қарым-қатынасқа қатысты жалпыға бірдей танылған халық­аралық стандарттары бар. Нельсон Мандела және Бангкок ережелеріне сәйкес, баланы ата-анасының бірімен түрме­де қалдыру туралы шешім ең алдымен сәби мүддесіне негізделуі керек. Шетелдердің тәжірибесін талдау барысында бас бостандығынан айыру орындарында ана мен баланың белгілі бір жасқа жеткенше бірге тұруы олардың байланысын нығайтудың басымдығын көрсетті. Осыған орай №10 түзеу мекемесінде соттал­ған әйелдер мен олардың балалары­ның бірге тұруына арналған «Балалар үйі» ұйымдастырылған. Қазір бұл балалар үйінде 3 жасқа дейінгі 32 бала бар. Олардың өзі жастарына қарай емшек­тегі нәресте, еңбектейтін және ересек топ деп үшке бөлінеді», дейді ІІМ Қыл­мыстық-атқару жүйесі комитеті басқар­ма басшысының орынбасары Майя Төлендиева.

Комитет өкілінің айтуынша, Жауғаштыдағы «Балалар үйінде» әрбір сәбидің қалыпты өмір сүруі мен дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Керек жабдықтар да бар.

фвар

«Мекемеде балалардың толық тамақтануы қамтамасыз етілген. Жасына байланысты гигиеналық (памперстер, дымқыл майлықтар) және жуғыш заттар, арнайы жабдықталған балалар ойын алаңы да бар. Балалар дәрігерлер, мұғалімдер мен тәрбиешілердің бақылауында, оларға сотталғандардың өздері де күтуші ретінде көмектеседі. Жүкті әйелдерді, босанатын әйелдерді және олардың балаларын медициналық қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі», дейді комитет өкілі.

Колонияда сотталған әйелдер балаларын еш шектеусіз, жұмыстан бос уақытта көре алады. Алайда үш жасқа толғаннан кейін балалар жақын туыс­тарына немесе балалар үйіне беріледі. Қолданыстағы заң талабы сондай. Ал жақында талқыланған заң жобасында­ әлеуметтік байланыс­тарды сақтау мақ­сатында, егер анасы босатылғанға дейін бір жылдан аспайтын уақыт қалса, сотталған әйелдерге 4 жасқа дейінгі бала­ларды қалдыруға мүмкіндік беретін норма көзделеді.

Қылмыстық-атқару кодексіндегі жаңа норманың енгізілуі сотталған әйелдің тәртібі, мінез-құлқына, жалпы мекеме жұмысына қаншалықты әсер етеді? Біз бұл сұрақты Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД қарасты №10 мекеме бастығы, әділет полковнигі Вилорий Кимге де қойған едік. Мекеме басшысы да түзеу мекемесінде баласының жанында болуы әйел адамға жағымды әсер ететінін айтады.

«Іле ауданының Жауғашты кентінде орналасқан №10 әйелдер мекемесі қауіпсіздігі орташа колония болып саналады. Қазіргі таңда мекемеде 562 сотталған әйел жазасын өтеп жүр. Олардың ішінде 2 кәмелетке толмаған қыз бен 32 сотталған әйел балаларымен бірге мекеме ішіндегі «Балалар үйінде» орналасқан. Ал мекеме қызметкерлерінің саны – 105, оның ішінде 3 психолог және 1 санитарлық дәрігер бар.

Ал Қылмыстық-атқару кодексіндегі жаңа норма бойынша айтар болсақ, жалпы, бұл өзгерістің енгізілуі өте қолайлы. Ең бастысы, балалардың психологиялық жағдайының қалыпты болуына өте маңызды. Сонымен қатар балалардың анасымен бірге шығу көрсеткіштерінің өсуіне мүмкіндік туғызады. Өйткені көбіне 3 жасқа толғаннан кейін балаларды туыстары алады. Алайда балалар үйіне тапсырылатын жағдайлары жоқ емес», дейді мекеме басшысы.

Полковниктің мәлімдеуінше, 2019 жылы 8 бала туыстарына берілсе, алтауы аналарымен бірге кеткен. Ал балалар үйіне тапсырылған бала саны – біреу. Ал 2020 жылы екі сәбиді 3 жасқа толғаннан кейін ет жақындары алып кеткен екен. Түрмеде өмірге келген 9 перзент аналарымен бірге шыққан. Бұл жылы балалар үйіне ешқандай сәби тапсырылмаған. Алайда 2021-де бір баланы арнайы мекемеге өткізуге тура келген. Дәл осы жылы аналарымен бірге кеткен сәби саны12-ге жетсе, бір жылдан кейін бұл сан 17-ге дейін өскен. Яғни ана мен бала бір-бірінен ажырамаған.

«Мекемедегі «Балалар үйі» әр сәбидің қажеттілігі мен сұранысына жауап бере ала ма?» деген сұрағымызға жауап берген Вилорий Ким де комитет өкілінің сөзін растап отыр. Оның айтуынша, №10 мекемедегі «Балалар үйі» сәбилердің қажеттілігі мен сұраныстарына толықтай жауап бере алады. Қазіргі кезде «Балалар үйінің» медициналық қамтамасыз етілуі тікелей Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде екен. Сәйкесінше кадрлық қамтамасыз ету жұмыстары осы ведомство арқылы жүргізіледі. «Мемлекеттік қамтамасыз етуден басқа «Балалар үйіне» қоғамдық қорлар және мемлекеттік емес ұйымдар қайырымдылық жасау арқылы көмек көрсетіп келеді», дейді мекеме басшысы.

«Ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі психологтердің басты міндеті – жазасын өтеушілердің өмірге деген құлшынысын арттыру. Психолог мамандар сотталған әйелдер арасындағы ахуалды дер кезінде анықтап, оларды ұйымшылдыққа шақыру жұмыстарын да атқарады. Түрме қабырғасында жүріп күйзеліске түсіп кететін әйелдер де аз емес. Осындай психо-эмоционалдық қиын жағдайда оларға психологиялық көмек көрсету, психикалық аурулардың алдын алу мекемедегі мамандарға жүктелген ауыр да жауапты міндет», дейді полковник.

Алайда жаңа норманың енгізілуіне қатысты туындайтын бір мәселе бар. Ол – «Жарық дүниеге келген жазықсыз сәби неге түрмеде «отыруы» керек?», «Жаңа норма бөбектердің болашағына қаншалықты әсер етеді?», «Тумай жатып «жабық өмірге» тап болған періштелердің жазығы қандай?» деген сұрақтар. Өйткені құзырлы орган өкілдері айтқандай «бар жағдайы жасалып, қажетті құралдар алынғанмен» түрменің аты – түрме. Аналары қастарында болып, бала психологиясын бұзбайтындай балабақша үлгісін жасағанымен, сәбилерге бостандықтағыдай өмір сыйлау мүмкін емес екені түсінікті. Күндіз-түні колония қызметкерлері мен аналарын ғана көріп өскен бөбектердің дүниетанымы да өзгеше қалыптасары тағы бар. Себебі колонияға тек мекеме қызметкерлері мен аналары ғана кіре алады. Ал жатты көрсе, жатырқай қарау, тартыну, сенімсіздік таныту кез келген сәбиге тән қасиет болғанымен, еркін өмірде алшаң басып жүрген бөбек мұндайға тез үйренісіп кетеді. Бір сөзбен айтқанда, колониядағы 32 сәби темір тордың ар жағында қандай өмір барынан мүлде бейхабар.

Анасының қылмысы үшін балаларды жабық мекемеде ұстау дұрыс емес екенін психологтер де айтып жүр. Мамандар «кез келген сәби бостандықта өмір сүруі қажет», дейді. Мәселен, балалар психологі Маргартиа Ускембаева: «Балалар қылмыскер емес, анасының қылмысы үшін оларды оқшаулау дұрыс емес. Өйткені жабық мекемеде өскен бала кейін келе жасқаншақ болуы мүмкін. Дамуында психикалық тежеу пайда болуы да әбден кәдік», дейді.

2002-2008 жылдары Жауғаштыдағы әйелдер колониясында арнайы жұмыс жүргізген психолог Алма Ақажанова болса, керісінше, «жаңа норма сотталған ана мен балаға жағымды ықпал етеді» дейді. Қазіргі таңда сол ғылыми-ізденіс тобының жетекшісі ретінде маман Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД-ге қарасты №10 мекемеде аптасына 1 рет психологиялық сүйелдеме жүргізеді екен. Мұндағы басты мақсат – бостандыққа шығатын әйелдермен диагностика және психотүзету жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандардың девиантты мінез-құлқын қайта бейімдеу және қайта әлеуметтендіру.

Мекемедегі ішкі ахуалмен жақын таныс Алма Тәуірбекқызы жоғарыдағы сұрағымызға жауап бергенде бірден: «Заң жобасындағы бұл норманы толығымен қолдаймын. Себебі баланың анасының қасында болуы, анаға да, сәбиге де жылылық сезім сыйлайды. Яғни екі жаққа да жағымды әсер етеді. Жазасын өтеп жатқан әйелдің өмірге деген құштарлығы артады, қызығушылығы оянады, уақыттың жылдам өтуіне де себепші. Ал анасы қасында болған баланың көңіл күйі әрқашанда жағымды эмоцияларға толы болады», дейді.

 

ТҮЙІН. Жауғашты колониясында жазасын өтеп жүрген 562 қыз-келіншектің әрқайсысының өз тағдыры бар. Әрқайсысының арқалаған жазасы, айыбы мен өкініші бар. №10 мекемедегі 562 тағдыр, 562 өмір жолы, дәл сонша арман мен үміт. Алайда, 32 сәбидің тағдыр талайы қалай өрбитінін уақыт қана көрсете алады...