04 Шілде, 2014

Қорғаныс кадрларына – қанатты қамқорлық

308 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
02-8.jpg-03-07 Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қорғаныс университетінің жаңа ғимаратының ресми ашылу салтанатына қатысты. Уақыт талабына сай салынып, соңғы үлгіде жабдықталған университеттің жаңа ғимараттары Астана салтанатын арттыра түсері анық. Елбасын аталған оқу ордасында Қорғаныс министрі Серік Ахметов пен елорданың әкімі Иманғали Тасмағамбетов күтіп алып, университеттің аумағымен және еңселі ғимаратымен таныстырды. Көңіл қуантары – әскери жоғары білім ошағының сырт қоршауында да, салтанатты ғимараттың ішкі қабырғаларында да ұлттық нышандар, қазақы өрнектер көз тартады. Пре­зиденттің де көңілін демдеген мемлекеттің ұлттық белгілері болар. Мемлекет басшысы ғимараттың әр тұсына зер салып, зейін қойып қарады. Жоғары әскери білім ордасының ұстаздарымен, шәкірттерімен кездескен Елбасы университеттің ұлттық қорғаныстағы маңызы туралы айтты. Елімізде бұрын-соңды болмаған мұндай әске­ри оқу ордасының заманауи жаб­дықталған ғимаратының пай­далануға берілуімен сардарларды салтанатты түрде құттықтады. Мұнда жоғары білікті әскери кәсіп­қойларды даярлайтын орталық құрылуы тиіс екенін атап көрсетті. – Бұл жерде зерек, әскери ғы­лымды білетін және тілдерді меңгерген, білімді офицерлер тәрбиеленуі керек, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қорғаныс университетінің жаңа ғимараты әскери ғылымның ең заманауи талаптарына сай ке­летінін айтып өтті. – Мұнда зертханалар жұмыс істеп, ғылыми зерттеулер мен әзірленімдер жүргізіледі, докторанттар даярланып, диссертациялар қорғалатын болады. Ең үздік әлемдік тәжірибелерді оқыту үшін университет оқыту­шыларды Ресейден және басқа елдерден шақырады, – деді Ел­басы. Мемлекет басшысы универ­ситеттің әскери мамандарды оқыту мен даярлау жөніндегі нақ­ты жоспары жасалуда екеніне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның әскери оқу орындары шетелдердің осындай оқу орындарынан үлгі алуы қажеттігін, олар жай ғана кәсіпқойларды емес, нағыз көшбасшыларды даярлауы тиістігін жеткізді. Сөйтіп, Қазақстан Президенті Ұлттық қорғаныс университетінің жаңа ғимаратын пайдалану тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан На­зар­баев қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін қазіргі заманда мемлекеттің ұрысқа қабілетті армиясы болуы керектігіне де назар аударды. – Қазақстан өзінің сыртқы сая­сатының арқасында шекараның өне бойында тыныштықты қамтамасыз етті, қуатты одақтастар тапты. Бұ­ған қоса, біздің мемлекетімізде қуат­ты, сақадай сай армия және пары­зына адал офицерлер болуы тиіс, – деп түйіндеді сөзін Пре­зидент. Ұлттық қорғаныс университеті – магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша стратегиялық, жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық басқару буындары үшін әскери кадр­лар даярлайтын Орталық Азия­дағы бірден-бір жоғары әскери оқу орны. Осыны айтқан Мем­ле­кет басшысы, аталған жоғары әске­ри оқу ошағында өз еліміздің офи­церлерімен қатар, ҰҚШҰ-ға қа­тысушы елдер де өз әскерилерінің білімін жетілдіріп отыратынын ескертті. Қорғаныс министрлігінен алған мәліметке жүгінсек, университет құрылғалы бері өз еліміздің жоғары шенді офицерлерімен қоса, ҰҚШҰ мемлекеттерінің 1000-ға жуық әскерилері дәріс тыңдап, білімдері мен біліктіліктерін шыңдапты. Білім орнының тағы бір міндеті – жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік біліммен әскери мамандар даярлауды жүзеге асыру. Олардың мақсаты – еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдарға біліктілігі жоғары ғылыми-педагогикалық және ғылыми кадрлар дайындау. Университеттің осы қырына мән берген Елбасы Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлердің білімін жетілдірумен бірге, әлемдегі озық тәжірибелерді енгізу керектігін де еске салды. – Астана күні қарсаңында тағы да ғажайып ғимараттар пай­далануға беріліп жатыр. Ел астанасы болғандықтан, бұл жерде мұндай оқу ордасының болуы қажет. Ал енді қорғаныс саласында елімізде бұрын мұндай университет болмаған. Қазір сапалы әскери мамандар дайындау үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ғимарат аса еңселі, оқу корпустары жақсы жабдықталған, білім алушыларға казарма, ал оқытушыларға пәтерлер салынуда. Спортпен шұғылдануға денешынықтыру залдары мен алаңдары жеткілікті. Енді сіздердің міндеттеріңіз – елімізге жан-жақты білімді, бірнеше тілді, озық техника-технологияны меңгерген әскери мамандар даярлап беру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Негізі Ұлттық қорғаныс уни­вер­ситетін салуға Мемлекет басшысы 2008 жылы нұсқау бергені мәлім. Содан бері Назарбаев Уни­вер­ситетінің жанынан орын теуіп, құрылысы басталып кеткен. Оқу ордасы нысандарының жалпы ау­мағы 20 гектар жерді алып жатыр. Осы аумаққа орналасқан 16 ғимараттың жалпы көлемі 107 185 шаршы метр болады екен. Осы күнге 63 000 шаршы метрден асатын нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Олардың 5-еуі оқу және әкімшілік корпусы, оған қоса 306 пәтерлі жатақхана бар. Жобада көрсетілгені бойынша, аудиторияларда бір мез­гілде 1100 тыңдаушы дәріс алып, оқу үдерістерін толық қамта­масыз ете алатын көрінеді. Оқу корпусындағы аудитория­лар толық дерлік заманауи құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, компьютер сыныптары, лингафон кабинеттері, конференц-залдар, 200 адамға арналған кинозал, жылдамдығы жоғары интернет жұмыс істеп тұр. Оқу ордасының кітапхана қоры ғылыми түрлі оқулықтар мен көркем және құпия әдебиеттерден құралған. Жалпы, қажетті кітаптың саны 75 мыңнан асып жығылады. Университеттің имитациялық модельдеу орталығы оқу-жаттығулар өткізіп, виртуалды қарсыласпен ұрыс жағдайын көрсетуге мүм­кіндік береді. Мұнымен қатар, жа­ңа әскери-ғылыми зертханасы осы салада кең ауқымда зерттеулер жүргізуге мүмкіндік тудырады. Әскери саладағы ғылымды дамыту мақсатында ведомствоаралық және мемлекетаралық авторлық ұжымдардың әскери ғылым проб­лемалары мен қоғамдық, нақты және техникалық ғылымдардың әскери проблематикасы бойынша зерттеу жұмыстарын жасауға мүмкіндік мол. Мұнымен бірге тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстар жүргізу үшін заманауи ғылыми-экспериментальді база­мен жабдықталған қосымша ғылы­ми-зерттеу институты құрылған. Ұлттық қорғаныс универ­си­тетінің профессорлық-оқыту­шылар құрамы отандық ғылым докторлары мен кандидаттарынан, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердің сала мамандарынан тұрады. Бүгінде оқытушылар құрамында 10 ғылым докторы мен 30 ғылым кандидаты бар екен. Олар тиісті кезде шетелдердің жоғары оқу орындарында білім-біліктерін шыңдап отырады. Жоғары оқу орнының Щучье қаласынан Ас­танаға көшірілуінің себебі, про­фессорлық-оқытушылар құ­рамын біліктілігі жоғары кадрлармен нығайту болып табылады. Сөйтіп, сапалы офицер-мамандар даярлау да жеделдейтін болады. Білім ошағының оқытушы ғалымдары мен алғашқы тың­даушы түлектері шара соңында Елбасына алғысын айтты. Мем­лекет басшысы Ұлттық қорғаныс университетінің оқу үдерісінің мониторинг орталығын, оперативтік өнер кафедрасы мен кітапханасын аралап көрді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қалдырды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.