Аймақтар • 09 Сәуір, 2023

Таулы өңірдің тынысы

333 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көкке иық тіреген Хан Тәңірі баурайындағы Райымбек пен Кеген аудандарының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен осы жылға атқарылар іс-шаралар тіз­бегі баяндалған есептік жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық, аудандық мемлекеттік бас­қарма, бөлім және мекемелердің, сондай-ақ құқық қорғау органда­рының басшылары қатысты.

Таулы өңірдің тынысы

Алдымен Кеген ауданының Мәдениет үйінде өткен жиында өңір басшысы облыстың жеткен жеткістіктері мен ілкімді жо­­баларын тарқатты. Атап айт­­қанда, өнеркәсіп өнімінің кө­лемі 8,9 пайызға, құрылыс жұ­мыс­тары 28,4 пайызға, сауда 8,4 па­йызға артқанын атап өтті. Об­лыс аумағына тартылған инвес­тиция­лардың өсімі 14,1 пайызды құ­рап, 609 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылы облыс бойынша 26,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Табиғаты көз тар­тар­лық көркем өңір – Кеген ауданы бо­лашақта отандық туризм­нің қай­нар көзіне айналып, кірістің кө­бейе түсетіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ облыс әкімі жаңа­дан қабылданған «Ауыл­дық­ аумақтарды дамы­тудың 2023-2027 жылдарға арнал­ған» тұ­жырымдамасының ауыл эко­номикасын дамытуға, әлеумет­тік жағдайын жақсартуға бағыттал­ғанын, облыс халқының 84 па­йыз­ы ауылдық жерде тұратынын атап айтты. Олардың дені ауыл шаруашылығымен айналысады.

Бүгінде облыстағы егістік жерлер­дің көлемі 462 мың гектар­ға жетсе, оның 7 пайызы немесе 30,9 мың гектары Кеген ауда­нына тиесілі. Оның 65 пайы­зын жемшөп, 26 пайызын дәнді дақылдар, 8,1 пайызын кар­топ алқабы құрайды. Соған қара­мастан ауданда сыйымдылығы 800 тонна болатын бір ғана көкөніс қоймасы жұмыс істеуде. Мұнда жиналған өнімнің 1,5 па­йызы­н ғана сақтаудың мүмкіндігі бар. Сол себепті, келешекте кө- к­өні­с қоймасын көбейту кезек күт­­тірмес мәселенің бірі саналады.

Негізінен төрт түлік өсірумен ай­налысатын аудан жұртшылығы үшін жайылымдық жердің тапшылығы тарқатылмас түйінге айналған. Мониторинг барысында 12 мың гектар пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жерлердің бары анықталса, оның 10 мыңнан астамы мемлекетке қайтарылған.

Кеген ауданында мал басы жылдан жылға көбеюде. Оған жылқының саны бойынша облыс­та 3-орынға, ал ұсақ мал саны бо­йын­ша 5-орынға тұрақтауы дәлел. Соған қарамастан малды өңірде өткен жылы ет өндіру 6,2 пайызға, сүт өндіру 0,6 пайызға ке­міген. Биылғы жылы бұл кем­шіліктерді жою мәселесі тапсырылды.

Алматы облысының әкімі биыл Мемлекет басшысының баста­масымен елімізде «Ауыл ама­наты» жобасы басталғанын, оның басты мақсаты – ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру екенін айта келе, аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге қарас­тырып, оның ішінде Кеген ауданына 3,8 млрд теңгеге 418 өтінім қанағаттандырылатынын хабар­дар етті. Яғни фермерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осыған сай ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістер ашуды, заманауи технологияға негізделген көкөніс қоймаларын салуды, пайдаланылмай жат­қан ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жерлерді қайтару мен ұтым­ды пайдалануды тапсырды.

Кеген ауданында 3 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъек­тілері жұмыс істейді. Биыл 2 жобаны субсидиялау жоспарланған. Сонымен қатар 74 азамат жалпы көлемі 102,2 млн теңгенің грантына қол жеткізбек. Десе де бұл аз көрсеткіш екендігі ашып айтқан облыс басшысы  халықты қолжетімді баспанамен қам­тамасыз ету басты міндет­тердің бірі екендігіне тоқталды.

Бұл мақсатта биыл облыста 811 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Осы күні облыс бойынша тұрғын үйдің кезегінде 37,1 мың адам тұрса, Кеген ауданында 533 адам үй ке­зегіне тіркелген. Былтырғы жылы әлеуметтік осал әрі көпба­лалы 11 отбасы үйлі болған.

Облыс әкімі таулы өлке тұр­ғын­дарын көгілдір отынмен қам­­тамасыз ету үшін Кеген және Райымбек аудандарын қамти­тын ұзындығы 229 шақырым «Шелек – Кеген – Нарынқол» ма­гистральдық газ құбырын са­луға жобалық-сме­талық құжат­тардың әзірленіп жатқанын, ол алғашқы жартыжылдықта аяқ­та­латынын айтып қуант­ты. Нәти­жесінде 47,4 мың тұрғыны бар 23 елді мекен көгіл­дір отынмен қамтылатын болады.

Аудан жұртшылығының на­разылығын тудырған республи­калық маңызға ие «Көкпек – Кеген – Түп» күрежолын жөндеуден өткізу үшін өткен жылдың маусым айында аталған нысанның конкурс қорытындылары шығып, жаңа мердігер жұмыс бастаған. Олар өздеріне жүктелген міндет­терді биылғы жылдың қазан айына дейін аяқтап шығуға тиіс.

Өңірдің түйінді мәселелері мұнымен бітпейді. Елді мекендерде білім саласын жетілдіруге, мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге, ауызсу, жол, денсаулық сақ­тау салаларына қатысты көп­теген проблемалардың бары ащы да болса ақиқат.

Осыдан бес жыл бұрын өз алдына бөлініп шыққан Райым­бек ауданы 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша негізгі әлеу­мет­тік-экономикалық көрсет­кіштерден біршама оң нәтижеге қол жеткізгендігі жөнінде Райым­бек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Әкімдердің халық­­пен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан халқымен кездесулері кезінде көтерілген 152 проблемалық мәсе­ленің бүгінгі күнге 78-і орындалып, 22-сі орындалу үстінде екендігін, 52-сіне түсініктеме берілгендігімен, жол, жер, ауыз су, газ, көше жарықтары, тағы басқаларының біртіндеп шешім табатындығын тілге тиек етті.

Нарынқол ауылынан әлеумет­тік жағдайы төмен отбасыларға коммуналдық 30 тұрғын үй салу көзделген. Өткен жылы аталған ауданда 2530 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Алайда бұл меженің 38,5 пайызға ғана орындалғанын көрсетеді.

Бұл күнде аудан бойынша тұрғын үй алу кезегіне 582 адам тіркелген. Оның ішінде әлеу­­меттік осал топтағы 398 адам бар. Тұрғын үй кезегін азай­ту мақ­сатында несиелік 30 тұр­ғын үйдің және 4 пәтерлі 10 үй­дің жо­балау-сметалық құжат­та­масын дайындауға қаржы бө­­лін­ген. 2023-2024 жылдар ара­лы­ғында 70 тұр­ғын үймен қамта­­масыз ету жос­­парлануда. Со­ған сәйкес бюд­жет есебінен 10 үй сатып алу­ды жос­парлап, тиісті бас­қар­ма­ға өтінім жолданған­дығы жұрт­шы­лық­тың көңіліне үміт отын тұтатты.

– Алдымызда көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу мін­деті тұр. Ауданда егістік жердің көлемі 38 мың гектарды құрайды. 2022 жылы 38 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары себіліп, одан 148 мың тонна өнім алынды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 500 гектарға ұл­ғайтып, 11 мың гектарға себу жоспарлануда. Был­тырғы жылмен салыстырғанда өнім көлемін 540 тоннаға артық алу күтілуде. Ауданда барлығы 32 мың га суармалы жер тіркелген, бүгінгі таңда тек 23 мың гектар суармалы жер пайдаланылады. Қалған 8 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін суару жүйе­лерін жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта өзек­ті мәселе – су қоймалары мен ма­­гис­тральдық арналарды толық қалпына келтіру. Осы бағыт­та ауданның 6 су қоймасын, 8 ма­гистральдық каналдары мен 12 ішкі шаруашылық каналдарын қалпына келтіру бойынша құны 8,4 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленіп, жөндеу жұмыстары бас­талды, – деген Райымбек ауда­ны­ның әкімі Б.Дүйсенбаев тау­лы өңір­дің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық тыныс-тіршілігін то­лыққанды тарқатып, алдағы атқа­рылар мін­деттер ауқымының зор екендігін баяндады.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағамен 800 тоннаға жанар-жағармай бөлінген (202тг/литр). Бұл аудан­дағы ірі ауыл шаруашылығы та­уа­рын өндірушілердің егін егу жұмыс­тарын жүргізуге толы­ғымен жетеді деп болжануда.

Алматы қаласының агломерациясын қалыптастыру бойынша ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес ауданның шаруа қожалықтары картоп өнімін арттыруда бірқатар нәтижелі жұ­­мыстарға қол жеткізгендігін ай­рықша атау орынды. Бүгінде кар­топ өндірумен айналысатын 4 сервистік дайындау орталықтары қалыпты жұмыс істеуде.

 

Алматы облысы