Ұстаз • 09 Сәуір, 2023

Ұстаз

334 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұстаздық – ұлы мамандық. Адамзат жаралғалы, аспан мен жердің арасындағы әрекеттік, сөздік, іс-қимылдық, дәнекерлік пен дәргейлік қарым-қатынастардың бәрінде біреу үлгі, екінші біреу үлгі алушы. Қасиетті кітапта «әуелі сөз болған» деген тұжырым бар. Ал ол сөз күллі адамзат қауымының өмір сүру қасиеттерінің түпқазықтық қағидаты. Демек, қасиетті кітап сөзі – ұстаздық дастан. Ұстазымыз, академик Зейнолла Қабдоловтың: «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деуінде ықылым заманнан келе жатқан ықылас пен ынтымақтың әр заманда уақыттық категорияға сай мазмұндық жағынан байып, пішіндік жағынан жаңғырып жатуы ойтірек болған.

Ұстаз

Ұлы Мұхаңның – Мұхтар Омар­­­­­­хан­ұлы Әуезовтің, ұлы ұстаз­­­дың­ ­­­өзінен ке­зінде бес деген баға­­ алған Зекеңнің – Зейнолла ұста­­­зы­мыз­дың бізге ең ал­ғаш өз дәрі­сін бас­тағанда айтқан осы­нау­­ отты сөзін жүрек ұясына қонды­рып, ­көңіл таразысында безбендеп,­ қыз­мет­тік кезеңдерінде үлгі­ етіп ұстанған Тұр­сын­бек дос әуел­ден ұстаздыққа бейім аза­мат болатын. Алғашқы таныстықтан бері араға түскен елу үш жылдан бермен қа­рай біз, курстастары, оның ұлағатты ұс­таз болатынына шәк келтірген емеспіз. Жүрі­сінің өзі көзі танадай, өркеші баладай­ буыр­шы­­нның күз келгендегі көркем жүрі­сіндей болып, сабырмен санап басып,­ ежелден жақсымен қанаттасып, сана­мен сабақтасып, ауылдан енді келіп, аузы­мен айналаны тыңдаған балаң да аңқау­лау біздерге ол алдымыздағы аға сияқ­ты, өкшесі таймас таға секілді болып көрін­­ген-ді.

Осы мақаланы жазу үстінде Зекең­­ді­ – Зейнолла Қабдоловтың ұстаз­­дық ту­ра­лы сөзін еске алған­дық­т­ан да болар,­ оның ақын Сырбай Мәуленов тура­лы­ жазған бір­ мақаласының басталуы­ жады­ма жалғаса кетті. Онда мен «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Сырбай ақынның мерейтойына байланысты ол туралы­ мақала жазуды Зейнолла ағадан өтінген болатынбыз. Зекең телефон шалып, мақаланың дайын екендігін, үйден келіп алып кету керектігін айтты. Айтылған уақытта ұстаздың үйіне барып, маржандай тізілген қолтаңбасы зергерден жаңа шыққан өрнектей бол­ған мақаланы алып, автобусқа отыр­дым да, жол үстінде ашып­ оқи бастадым. «Құдай-ау, орыс­тың әдебиет сыншысы Анто­нов­тың ақын Фет туралы жазған мақала­сындағы «Осы бір денесі еңге­зердей, орыстың орманынан шыға келген аюдай денелі ақын­ның қай жерінен нәп-нәзік лири­ка шығады деп таңғалумен отыр­а­мын» деген сөзі Сырбай Мәуленовті көргенде есіме түседі де тұрады» деп төгілткен екен Зекең. Зекең айтқандай, бәрімізге қарағанда денелі, жүріс-тұрысы палуаннан дәмелі Тұрсынбектің жайлаудан соққан самалдай, ажары нұрлы жамалдай әзіл-қалжыңы қай жерінен шыға береді деп таңданатыным да бар. Қалжыңы кезіндегі қыз-қырқынға, қазіргі құрдас келіншектерге майдай жағатын болғасын дулы орта дүркіреп сала береді. Бұл жігіт жанының кеңдігі, сөз байлығының молдығы, сөз мергеннің ондығы. Қай ортада да Тұрсынбектің дауысы басым шығып жатады. Толғап сөйлейді, ұлттық дәстүрді қорғап сөйлейді.

Сөйтсек, бойы бұлғаң, сөзі нұрдан бұл ботатірсек бозбала бәрімізден кіші болып шықты. Сөзінің тұжырымы мақал, тілінің тамыры мәтел, тірегі тәмсіл, шындығы шамшыл Тұрсынбек алғашқы сәттен бастап-ақ дулы орта, думаншыл топта «қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа ғой» дегендей, төбе бидей болып төрге оза бастады. Ұстаздарымыз да ұғымтал студентті ұната бастады. Әсіресе бәріміз жақсы көретін жарқын мінез ұстазымыз Рекең – академик Рымғали Нұрғали үйіріліп үстінен түсіп, әуелі мәндес, жүре келе дәмдес, сәтті сапарда жерлес, ой суырғанда елдес болып шыға келді. Осылайша, ұзақ жылдардың ұстаздық ұлағаты бойынша өзі де профессор деген парасатты атақты қанжығасына байлады. Аудиторияны аузына қаратқан дүрегей дәріскер атанды.

Осы жерде айта кетпесек сөз­­дің­ атасы өлгендей болар, Рекең – Рым­ғали аға біздің курсты­ етене­ жақсы көріп, елгезек пейіл таны­­тып, жатақханаға жиі келіп, біз­бен­ бірге студенттік қара шайды тер­­леп ішіп, терісі кеңейген тұс­та­ сыры мен мұңын да жайып салатын жайға жетті. Абақты басып жатқан ақтаңдақтарды аршу бағытындағы азаматтық ұстанымын жан-жақты жайып­ салмаса да, ретті жерінде там-тұмдап жеткізіп, тіпті кейде ашыла сөйлеп, Алашорданың тар жол, тайғақ кешуін, қапыда кеткен азаттықтың аңсарын жас жүректерге жеткізіп бақты. Әдеби қауымның аузында: «Шерағаның шекпенінен шықтық» деген тіркес бар ғой, біз де, КазГУ-дың филология факультетінен, жалыны жігерге айналып, жалауы желпініп тұрған акадамик Рымғали ағаның жүрегінен шықтық десек, артық айтқандық болмас.

Бірге бітірген курстас дос­тар­­дың ішінен әдебиет пен сөз­ өне­ріне қосылған жаңа тол­қын­ның,­ қара шай ішкендердің қата­рын­да­ болған курстастар: Құны­пия ­Алпысбаев, Анарбай Бұлды­баев, Балтабай Әбдіғазиев, Сей­фед­дин Сүтжанов, Тұрсынбек Бай­­молдаев филология, педаго­ги­ка ғылымдарының докторла­ры,­ профессорлар атанса, Дәмегүл Байжігітова, Қоңыр Мұқатаева, Алтын Бахреддинова, Сұлушаш Бекмырзаева, Ләззат Ережепова, Зәбира Қызбаева, Сәндібек Ғұбайдуллин филология ғылымдарының кандидаттары болды, Жақсылық Айжанов, Жанар Әбдішева, Раукен Қасымова, Бақыт Назыкеева, Зейнолла Әкімжанов, Мұрат Төлендиев, Шәрбану Әбдірахманова, Әбен Жұмашев, Бисен Марабаев, Абайбек Қоқымбаев, Кемелбек Құмғанбаев, Сұлтан Шомаев, Төлеу Досмағамбетова және осы жолдардың авторының сөз өнерінде есімдері аталып, поэзия, проза, журналистика жанрларында қалам тербеді, бас­паларда редактор болды, елге танымал ұжымдарда аударма өнерін дамытты, өз оқырмандары мен тыңдармандарын, көрер­мен­дерін тапты. Ал жас ұрпақты тәр­бие­леудегі, ұстаздық, ұйым­дас­тырушылық, әдіскерлік, дәріс­кер­лік еңбектерімен елге танылған курс­тас достардың есімдерін ата­сам: Серік Сұл­танғалиев, Әбді­ғали Бекішев, Шол­пан Есжа­но­ва,­ Гүлшара Әлке­нова, Сағадат Оңға­ро­ва, Ақбөпе Әбжап­­парова, Майра Төле­баева, Гүлнәр Ғалиева, Сәруар Мах­метова, Бағдат Нұрекеева, Жәу­д­ір­­­көз Әлімбетова, Жадыра Есқа­лиева самсап қатарға тұрып, қанат­тасып келе жатыр. Өмірден өтіп кеткен қыз-жігіттердің әз есімдері еске түседі. Шүкір, алғыр, алдыңғы қатардағы курс болған екенбіз. Бұл деректер бір курсқа аздық етпес. Ең бас­ты­сы, ынтымақшыл, ынтазар достығымыз сол күйінде.

Тұрсынбектің жол бастар­ көсем­ді­гі мен сөз бастар шешендігі ұстаз­дық­ қызметке кіріскен алғашқы жыл­дар­дың өзінде оны алға шығарды. Жиыр­ма төрт жасында мектеп дирек­тор­ы болып тағайындалып, ұжым бас­қарды, мектебі сол кездегі жарыс жеңім­пазының Қызыл туын желбіретіп төрі­не­ ілді. Университетте алған байыпты ­білімі мен баянды көшбасшылық міне­зі ұстаздық дастанның алғашқы тарауларын сәтімен жазып, оны бірте-бірте биік белеске жетелеп алып келе жатты.

Азаматтық парыз деген сөз­дің­­ де өмірдегі мән-маңызын Тұр­сын­бек­ өзінің жеке басымен көр­сет­ті.­ Әскерден келіп, оқалы погон­да­ры­ ортаға бедел болған сақа солдат, курстастарымыздың алдында тамағын кенеп сөз бастап, қабағын керіп ой тастап, жаңа қырын жарқыратты. 1982 жылы кеңес әскерінің ұзын шинелін киіп, жамбасына тапанша байлап, сарт-сұрт аяқ басып, күректей қолын офицерлік фурашкасының күнқағарына қалт қадап, екі жыл еркіндіктің ауылынан алыстады. «Үстімде сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін» деп Қасым ақын жырлағандай, екі жылдан соң Тұрсынбек ақсаңдай басудың орны­на, жасқанбай басып, Алматы облысының Іле ауданындағы орыс тіліндегі орта мектепке директор болып шыға келді. Ерекше айтар жайт, Тұрсекең осы орыс мектебін көп ұзатпай таза қазақ мектебіне айналдырды. Бұл оңай шаруа емес еді, осы жолдағы жүйкеге салмақ салған сан алуан күресте ол палуан­ мінез көрсетіп, жалғандықтың жамба­сын жерге тигізді. Осы мәселе қоғамда әлі күнге ыри-дыри болып жатқаны белгілі, ал Тұрсекең мұны сол кездің өзінде-ақ жүзеге асырды. Азаматтық іс-қимыл деген осы болар. Әлихан Бөкейханның «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деуінде айдай ақиқат бар. Мұны да Тұрсынбек Баймолдаев мінезімен дәлелдеді. Осы мінезбен, егемен жылдардағы елеулі еңбегімен ол тәуелсіздік тарихындағы ұлттық білім шежіресінің өзіндік беттеріне лайықты қолтаңбасын қалдырды.

Ұстаздық ғылымның ірге­та­сын­ осылайша қапысыз қалаған Тұрсынбек Молдаханұлы осынау жемісті жылдарда қандай ғылыми-әдістемелік еңбектер жазды? Оны да сараң сандар мысалында айтсақ: 1998 жылы «Бүгінгі уақыттағы мектепті басқарудың менеджменттік негіздері» туралы ғылым кандидаты дәрежесін, 2009 жылы «Жалпы білім беретін мектепті басқарудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта ғылым докторы атағын сәтті қорғап шықты. 2006 жылы Білім беру саласының үздігі атанып, 2008 жылы ғылыми-әдістемелік саладағы еңбектері үшін «Алтынсариннің алтын төсбелгісін» кеудесіне қадады. Сонда Ыбырайдың төл шәкірті демеске бола ма? Әрине болады. Ұстаздық дастанын ұлы Ыбырайдан өрістеткен өреннің өнегесі енді көпке үлгі, жүздеген шәкіртіне тәлім-тәрбие. Осы саланың мәселелері туралы жазған 150-ден астам ғылыми мақаласын жіліктеп, талдаудың шағын мақалада мүмкіндік жоқ, алай­да осының өзі оның тұла бойы тұн­ған ұстаздық ілім, ұлағатты та­ғы­лым екені даусыз.

Тұрсынбек Молдаханұлы 1992 жыл­дан­ 2007 жылға дейін Алматы облыс­тық мұға­лімдер білімін же­тіл­­­діру, 2007-2009 жыл­дары рес­пу­б­­­ликалық осы мекеменің дирек­то­ры­ болғандығын айтсақ, оның тап­­жыл­мас­ майданы – ұстаздық, ал­ғы ше­бі – білім беру саласы, же­ңісі – құрмет пен­­ абыройға ие бол­ған жылдар еке­ні шы­ға­ келеді. 2009 жылдан Абай атындағы пе­даго­­гикалық уни­вер­ситеттің профессоры, кафедра мең­ге­ру­ш­ісі деген атағы және бар.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйре­ту­ден балаға» (Абай). Тұр­сын­бек те ұс­таздық етуден жа­лық­қан жоқ. Абыз Абайдың ғақ­лия тапсырмасын орындаумен ке­леді. Қазақ баласына ұлттық ұс­таздық көптік етпейді, өмірден тап­қан байыпты біліміңді ортаға сала­ бер, олжа – ұлтыңдікі. Ұлтқа қыз­мет жасаудан артық қандай мәр­тебелі міндет бар, Тұрсеке!

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты